Accessibility links

Құқық қорғаушылар азаптау бойынша іс қозғату қиындығын айтады


Құқық қорғаушы Анна Смирнова. Алматы, 25 қараша 2015 жыл.
Құқық қорғаушы Анна Смирнова. Алматы, 25 қараша 2015 жыл.

Талдықорғанда серігін "полицей атып өлтірген" тұрғын "билік өкілдеріне қарсылық көрсету" бабы бойынша бес жылға сотталды. Құқық қорғаушылар кездейсоқ видео айғақ болмаса, полицейлердің қызметін асыра пайдаланғанын дәлелдеу мүмкін болмас еді деп санайды.

2015 жылғы шілденің 30-ы күні Талдықорған қаласында Дмитрий Яковенко мен Андрей Пак екі құрбысын ертіп қалаға сейілдеуге шығады. Полицейлердің әуелгі ақпаратына сәйкес, олар «жол қозғалысы ережесін бұзып, нөмірсіз көлікпен жүрген». Тергеу материалдары бойынша көлік жүргізушісі Андрей Пак «полицейлер құжат тексерген кезде көлігін оталдырып, қашып кетуге әрекеттенген және көліктің капотына ілініп қалған полицейді 200 метр жерге сүйреп әкеткен». Полиция оқиғаны: «Андрей Пак өзін ұстау кезінде қарсылық көрсетті», ал «Дмитрий Яковенко патруль полициясы қызметкерін пышақпен қорқытты» деп сипаттаған. Полицейлердің бірі Яковенкоға қарсы «қару қолдануға мәжбүр болып», оны атып өлтірген.

Оқиғадан соң іле-шала баспасөз жиынын өткізген Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасы бастығы Ерлан Сансызбаев «қарамағындағы қызметкердің өзін қорғау үшін нұсқаулыққа сәйкес әрекет еткенін» мәлімдеген.

Қарашаның 25-і күні Андрей Пакқа қатысты Талдықорғанда қалалық сот шешім шығарды. Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Анна Смирнованың сөзінше, Пак «билік өкілдеріне қарсылық көрсету» бабы бойынша айыпты деп танылып, 5 жыл бас бостандығынан айырылды.

Полицейлер ұстаған кезде қаза тапқан Дмитрий Яковенконың анасы Елена Яковенко. Алматы, 25 қараша 2015 жыл
Полицейлер ұстаған кезде қаза тапқан Дмитрий Яковенконың анасы Елена Яковенко. Алматы, 25 қараша 2015 жыл

Ал қаза болған Дмитрийдің анасы Елена Яковенко, ұлының «пышақпен қарсылық көрсеткеніне» сенбейді. Оның күдігін кейін табылған видео айғақ күшейте түседі.

- Балам қаза болғаннан кейін екі айға жуық уақыт өткен соң белгісіз біреулер бізге видео берді. Онда полицейлердің ұлым отырған көлікті қалай тоқтатқаны, оларды қалай ұстағаны түгел жазылып қалыпты. Видео көрші тұрған ғимараттардың бақылау камерасынан алынған сияқты. Видеода ұлымның қолын көтеріп, бос қолын көлік капотына қойғаны анық көрінген. Ал полицей болса, көлікті айналып пистолетімен қорқытып жүр, сөйтіп жүріп ұлымды атып өлтірген. Ұлым желкесіне тиген оқтан көз жұмған, егер ол қарсылық көрсетсе, оқ кеудесіне тимейді ме? – дейді Елена Яковенко.

Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының заңгері Анна Смирнованың сөзінше, осы кездейсоқ видеодан соң ғана Дмитрий Яковлевті ұстаған полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалған.

- Бұл фактіге қатысты «адам өліміне себеп болатындай қызметін асыра пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқ атқан полицей осы бап бойынша жауапқа тартылуы тиіс. Қазір екі полицей «дәлелдемелерді бұрмалау» бабы бойынша жауапқа тартылып, тергеу изоляторында отыр. Оқиға орнында болған тағы үш полицей бұл істе тек куәгер ретінде көрсетілген, - дейді заңгер.

Смирнованың сөзінше, бұл істе полицейлер аталған баптардан өзге «азаптау» бабы бойынша жауапқа тартылуы тиіс.

- Дмитрий Яковенконы ұстау кезінде ол ешқандай қарсылық көрсетпеген. Соған қарамастан, оны аяғынан ұрып-соққан, мұны сот-медициналық сараптама дәлелдеп отыр. Екіншіден, тізерлеп отырған адамға тапанша кезеудің не қажеті бар? Шекесіне тапанша тіреулі тұрған адам қандай ойда болуы мүмкін? Мұның барлығы азаптауға жатады, - дейді Анна Смирнова.

Құқық қорғаушылар тиісті органдардың полицейлердің үстінен азаптау немесе қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша қылмыстық іс қозғауға құлықсыз екенін, көбіне қызметтік тексеру жасап қана қоятынын айтады.

Сәрсенбі күні Алматыда арнайы жиын өткізген Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ-ларының коалициясы Алматы мен Алматы облысы бойынша азаптау фактісіне қатысты өздеріне 65 арыз түскенін мәлімдеді. Коалиция өкілдері түскен арыздардың онына қатысты тиісті органдарға шағым түсірілгенін, ал үшеуі бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатқанын айтады.

Құқық қорғаушылар тиісті органдардың полицейлердің үстінен азаптау немесе қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша қылмыстық іс қозғауға құлықсыз екенін, көбіне қызметтік тексеру жасап қана қоятынын айтады.

Азаптауға қарсы ҮЕҰ-лар коалициясына Қазақстан бойынша жыл сайын орта есеппен 350 арыз-шағым түседі.

Қарашаның 24-і күні Астанада Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен азаптауға қарсы ұлттық тетік механизмін үйлестіру кеңесінің жиыны өтіп, кеңестің 2015 жылдың он айы бойынша алдын ала есебі тыңдалған. Омбудсменнің айтуынша, биылғы он айда азаптауға қарсы ұлттық тетік кеңесінің мүшелері 450 түрмеге, оның ішінде 17 жабық түрмеге кіріп, жағдайымен танысқан. Шәкіров: «Тек қыркүйектен бері халықаралық және жергілікті сарапшыларды қатыстыра отырып психиатриялық мекемелерді бақылауға және полиция учаскелерін тексеруге қатысты тренингтер өткізілді» деген.

XS
SM
MD
LG