Accessibility links

Жолаушылар электрондық билетке үйрене бастады


"Семей - Қызылорда" пойзының жолаушысы Ақерке Әмит. 1 шілде 2014 жыл.
"Семей - Қызылорда" пойзының жолаушысы Ақерке Әмит. 1 шілде 2014 жыл.

Қазақстанда он пойызда электрондық билеттер енгізілді. Бірақ жолсеріктер мен жолаушылар оны қолдануға даяр болмай шықты.

Қазақстанда пойыз билетін интернет арқылы «Қазақстан темір жолы» компаниясы сайтынан сатып алуға болады. Тек ол үшін алдымен сол сайтқа тіркелу керек.

Егер электрондық билетті белгіленген тәртіппен тіркеп, ақысын төлесеңіз, оны А4 форматты қағазға шығарып алу немесе смартфонда сақтау жеткілікті. Жолсерік тек билет нөмірін телефоннан немесе қағаздан сканерлеп алады, ал жолаушы вагондағы орнына алаңсыз жайғасып, аттана беруіне болады.

Тіркелмеген электрондық билетпен пойызға отыру үшін жолаушы электрондық билетін әдеттегі билетке алмастыруы қажет. Бұл үшін кассаларда үстемеақы төлеу керек немесе өзіне-өзі қызмет ету транзакциялық терминалының көмегін пайдалануға болады.

Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай терминалдармен он пойыз жарақталған. «Жолаушы тасымалы» компаниясының алдағы жоспары – Ресей, Қытай, Өзбекстан және Украина бағыттарында жүретін пойыздарды мобильді терминалдармен қамту, жыл соңына дейін мобильді терминалдармен 132 пойызды жабдықтау. Жыл соңына дейін бұл терминалдардың желісін 30 мыңға жеткізу жоспарланып отыр деген еді жуырда «Жолаушы тасымалы» компаниясын дамыту басқармасының басшысы Алмас Айтпаев.

ЖОЛСЕРІКТЕР МЕН ЖОЛАУШЫЛАР

Терминалдар әзірге ірі қалалардағы темір жол вокзалдарында ғана орнатылған. Көпшілік жолаушылар оларды қалай пайдалануды әлі дұрыс білмейді. Кейбір жолсеріктер өздеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін, «жаңа билеттермен» қалай жұмыс жасауды білмегендіктен, бұл жаңалық біраз әуреге салып жатқанын айтады.

Теміржол вокзалындағы электрондық билет сататын терминалдар. Алматы. 9 шілде 2014 жыл.
Теміржол вокзалындағы электрондық билет сататын терминалдар. Алматы. 9 шілде 2014 жыл.

– Көп жолаушы терминалдарды қалай дұрыс пайдалануды түсінбей жатыр. Негізгі билет алу керектігін естен шығарып, бізге таза парақтарын көрсетеді. Терминалдың жанында біреу тұрып, оны қалай қолдануды түсіндіргені керек. Ақша салғаннан соң, терминал ақ қағаз береді, бұл қағазды қайтадан кері салып, негізгі билетті алу керек, – деді Азаттыққа "Семей - Қызылорда" пойызының жолсерігі Бердібай Әбсадов.

Жаңа енгізілім кейбір жолсеріктерге де таныс емес. Азаттық тілшісінің сұхбаттасы олармен ешқандай түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендігін айтады. Проблемалар билетті интернет арқылы сатып алған кезде де туындайды. Жолаушылар көлемі үлкен ақ қағазбен келеді, ол қағаздарды билетке арналған әдеттегі папкаға сыйғызу қиын.

– Жолаушы интернет арқылы сатып алған билетін пойыз аттанбас бұрын кассаға өткізіп, кассадан негізгі билетін алып барып, бізге келгені дұрыс болар еді. Әйтпегенде мұның барлығын олардың орнына біз жасап жатырмыз. Енді тіпті мобильді телефон арқылы билет алмақ болып жатыр. Меніңше, бұл – жолсеріктер үшін мүлде ыңғайсыз шаруа. Менің статистика жүргізуім керек қой, ал нақты билетсіз оны қалай жасамақпын, қалай тіркеймін? Мен жолаушыларға орындарын өз жазбаларым арқылы көрсетуге тиіспін. Ал мобильді телефоннан билетті қалай алмақпын? – дейді Бердібай Әбсадов.

Қызылорда облысының тұрғыны Ақерке Әмит жаңа енгізілімді қолдайды, бірақ ол тұратын жерде электрондық терминалдар жоқ.

– Бұл – сөзсіз, ыңғайлы нәрсе, бірақ мен өзім билетті кәдімгі кассадан алдым. Әрине, билетті электрондық әдіспен сатып алу жолаушылардың уақытын үнемдейді, ешкім сағаттап кезекте тұрмайтын болады. Мен, расын айтсам, оны қалай пайдалануды білмеймін, - деді Азаттық тілшісіне Акерке Әмит.

ТІЛШІ ТӘЖІРИБЕСІ

Электрондық билеттерді сату тәртібін анықтау үшін, Азаттық тілшісі Алматы-1 темір жол вокзалына бет алды. Бірақ ақпарат алудың сәті түспеді. Вокзал бастығының орынбасары Дулат Жамалов редакцияның ресми жазбаша сауалын талап етіп, түсінік беруден бас тартты. Оның айтуынша, олар тек жалға берушілер ғана: «Жолаушы тасымалы» компаниясы ғимаратты терминалдар орнату үшін жалға алған. Вокзал бастығының орынбасары тек вокзал аумағында «Касса 24» деп аталатын тоғыз және екі өзіне-өзі қызмет ету транзакциялық терминалы бар екенін айтып, олар мұнда 2011 жылдан бастап орнатылғанын ғана түсіндірді.

Алматы-2 теміржол вокзалы. 23 қыркүйек 2013 жыл.
Алматы-2 теміржол вокзалы. 23 қыркүйек 2013 жыл.

Азаттық тілшісі терминал жұмысымен өз бетінше танысып көрмек болды. Әуелі «Касса 24»-те жеке куәліктегі мәліметтерді қолдан теріп, ақша салғаннан соң, чек алынады екен. Бұдан соң чек мәліметтерін өзіне-өзі қызмет ету транзакциялық терминалына енгізу керек, терминал билет шығарып береді. Әрине, бөгденің көмегінсіз қиын-ақ. Термианлдар жанында еш нұсқаулық таба алмаған соң тілші вокзал қызметкерлерінің көмегіне жүгінді.

«Жолаушы тасымалы» компаниясының «Оңтүстік» филиалында Азаттыққа жолаушы интернетте тіркеліп немесе өзінің мобильді телефоны арқылы билет сатып алып, пойызға отыра беруіне болатынын растады.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG