Тамыздың 29-ы күні Алматы облысының Қарасай аудандық сотында Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің мұғалімі Айман Сағидулланың «өз тәртібін заңсыз талқыға салды» деп мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекованың үстінен берген шағымы бойынша сот отырысы таңғы он жарымда қайта жалғасты.
Соңғы жылдары мұғалімдер құқығын қорғаушы қоғамдық белсенді ретінде жиі көзге түскен Айман Сағидуллаеваға (кейбір БАҚ-та Сағидулла деп те жазылады - ред.) қолдау көрсету үшін сотқа қатысып жүрген оннан астам адам отырысқа тағы келді. Бірнеше БАҚ өкілі келгенімен, Азаттық тілшісінен өзгесі түскі үзілістен кейін қайтып кетті. Сағидуллаева қоғамдық белсенділігі үшін мектеп жетекшілігі тарапынан қысым көріп жүргенін, «тәртібі заңсыз жиналыста талқыланғанын» айтып шағынады.
Тамыздың 26-сында өткен сот ұйғарымы бойынша бұл жолы Қарасай аудандық білім бөлімі үшінші тұлға ретінде іске тартылды. Судья сұрағына жауап берген аудандық білім бөлімінің әдіскері Дәурен Саусақбаев Жаңатұрмыс ауылындағы орта мектеп директоры, сотқа жауапкер ретінде шақырылған Бекжан Нүсіпбекованың мұғалима Айман Сағидуллаеваға берген ескертуі «заңды деп санайтынын» мәлімдеді.
Өзін бұл даулы оқиғаны «жақсы білетін өкіл» ретінде сипаттаған Дәурен Саусақбаев «Айман Сағидуллаевамен бірнеше рет сөйлескенін, мектеп директоры оны жұмыстан шығаруды мақсат тұтпағанын» айтты. Дәурен Саусақбаевтың жауабына қанағаттанбаған Айман Сағидуллаеваның сенімді өкілі Маржан Аспандиярова Қарасай аудандық білім бөлімінің бастығы Айжан Назарбаева «сотқа құқықтық мәселені жетік білетін маманды жіберуі керек еді» деген наразылығын білдірді.
Түске дейінгі сот отырысында мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова Айман Сағидулллаеваның «әдепке жатпайтын әрекетіне» куә ретінде тағы бірнеше адам сотқа келгенін хабарлаған. Бірақ судья талапкер тараптың келісімі бойынша оның біреуін – Райымбек ауылдық ақсақалдар кеңесі төрағасы Асылбек Қожановты ғана тыңдауды ұйғарды.
Айман Сағидулллаеваға ескерту беруге негіз болған ақсақалдар жиынын ұйымдастырушы Асылбек Қожановтың жауабын сотқа қатысушылар ынта қойып тыңдағаны байқалды. Бұған дейінгі сот отырыстарында жиынға қатысқан ақсақалдарды шақыруды талап еткен талапкер тарап Асылбек Қожановқа бірнеше сұрақ қоюға мүмкіндік алды.
Асылбек Қожановтың айтуынша, «ақсақалдар алқасының Жаңатұрмыс ауылындағы мектепте жиын өткізуіне Айман Сағидуллаева туралы өзіне келген түрлі хаттар себеп болған». Бірақ ол хат авторларын айта алмады.
- Жаңатұрмыс мектебі ұжымында алауыздық бар екенін естіп, татуластырайық деп бардық. Айман Сағидуллаева туралы түрлі сөздер жүрді ел арасында. «Жиында сенбілік, концерт билетіне ақша жинау секілді жайттарға Айман қарсы екенін айтты. Сенбілік тазалық үшін керек. Оны қанша рет жасайтынын мектеп өзі біледі дедік. Содан Айман жиыннан бірнеше рет шығып кетіп, әркімге звондап шағымданбақ болды. Біз мұны әдепсіздік деп түсіндік, - деді ол.
Асылбек Қожанов «сол жиынға ауданнан келген әйелдің кім екенін» білмейтін болып шықты. Ал Маржан Аспандиярованың айтуынша, белгісіз бір әйел әлгі жиында Сағидуллаеваға қарсы ерекше белсенділік көрсеткен. Ол әйелді бұған дейінгі сот отырысында мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова да, мектеп хатшысы да танымайтынын айтқан еді.
Ақсақалдар алқасының жиынынан кейін «Айман Сағидуллаеваға ескерту берілсін деген қорытынды шығарыңыздар ма?» деген сауалға Асылбек Қожанов «ресми қорытынды шығарылған жоқ, бірақ бірер күннен кейін директорға «ұжымды түзе» деп айтқанын растап жауап берді.
Сот жарыссөзі түстен кейін басталды. Талапкер Айман Сағидуллаева «мектеп мұғалімдері қатысуға міндеттелген жиындар бөлек, ал ақсақалдар алқасының жиналысына мұғалімнің қатысуы міндетті емес» екенін айтып:
Ақсақалдар алқасының жиыны негізінде маған ескерту беруі заңсыз. Ақсақалдар алқасы - қоғамдық ұйым, мемлекеттік мекемеге келіп, мұғалімнің мәселесін талқылауға құқығы жоқ.Айман Сағидуллаева
- Ақсақалдар алқасының жиыны негізінде маған ескерту беруі заңсыз. Ақсақалдар алқасы - қоғамдық ұйым, мемлекеттік мекемеге келіп, мұғалімнің мәселесін талқылауға құқығы жоқ, - деді.
Айман Сағидуллаеваның айтуынша мамырдың 19-сына өткен ақсақалдар жиынынан кейін ауырып, жедел жәрдем шақырған.
- Сол аралықта мектеп директоры акт жасап, ескерту берген. Ескерту бермес бұрын менен түсініктеме алуы керек. Акт жасауға комиссия құруы керек. Ал заңсыз актіге қол қойғандар ақсақалдар алқасы жиынына қатыспаған. Егер бір ескерту ғана болса, қоя салар едім. Директор бір күнде таңертең сөгіс, түстен кейін ескерту және бес күнде мені айыптайтын 10 түрлі акт қабылдады. Ол сөгісті алдырып тастау үшін тағы да сотқа жүгінуім мүмкін, - деді ол.
Айман Сағидуллаеваның сенімді өкілі Маржан Аспандиярова:
- Мектеп директоры «Сағидуллаева митингіге қатыспауы керек еді» дегенді сотта бірнеше рет айтты. Яғни не үшін қудаланғанын көрсетіп отыр. Айман Сағидуллаева педагогикалық әдеп сақтамағандықтан емес, азаматтық ұстанымы үшін, жер сатылмасын, шетелдікке жалға берілмесін деген ұранды қолдап, митингіге қатысамын деп қорықпай айтқаны үшін қудаланып отыр, - деді.
Кешкі алтыдан өте судья сот отырысын тоқтатқан кезде талапкер тарап қана жарыссөзге шығып үлгерді. Судья шешімімен жауапкер Бекжан Нүсіпбекова сөзін қыркүйектің 1-і күні өтетін сот отырысында айтатын болды.
Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылы мектебінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім Айман Сағидуллаева 2015 жылы мектеп ұстаздарына тікелей міндеттерінен басқа да артық жұмыстар жүктелетіні жөнінде мәселе көтеріп танылған еді. Оның әлеуметтік желідегі жазбалары мен БАҚ-тағы мақалаларынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары сол тұстағы білім және ғылым министрі Асылан Сәрінжіповті мұғалиманы қудалауды тоқтатуға ықпал етуге шақырып, ашық хат жазып, қол жинаған.