Accessibility links

Мұғалімдер дауына шенеуніктер араласты


Молда Мұса атындағы орта мектеп ғимараты. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан, 2016 жыл.
Молда Мұса атындағы орта мектеп ғимараты. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан, 2016 жыл.

Түркістандағы Молда Мұса мектебінің мұғалімдері «мектеп директоры мен оның орынбасарларының үстінен апелляциялық шағым түсіргені үшін» шенеуніктерден қысым көріп отырғандарын айтады. Депутаттар мен шенеуніктер мұны қысым деп санамайды.

Былтырғы желтоқсанның 27-сінде Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық соты «мұғалімдерден пара алу кезінде ұсталған» Молда Мұса мектебінің директоры Гүлнәр Нахипбековаға үкім шығарып, «алаяқтық жасады» және «пара берді» деген негізгі айыптар бойынша кінәлі деп таныған. Сот айыпталушыны өмір бойы мектеп директоры қызметін атқара алмайтын етіп жазалаған. Мектеп мұғалімдері үстінен «пара сұрады, ақша жинатты» деп арыз жазған бұрынғы директорға сот 2 миллионнан астам теңге айып салған. Жәбірленуші деп осы мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай мен Айнұр Шериева танылған болатын. Света Ысқақова мен Жәудір Алтыбай соттың бұл шешімімен келіспей қаңтардың 6-сы күні апелляциялық шағым түсірген. Айнұр Шериева апелляциялық шағым түсіруден бас тартқанын айтқан.

Молда Мұса мектебіндегі дау
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:15 0:00
Жүктеп алу

Жәбірленушілердің бірі Света Ысқақова бұл іс бойынша тек директор емес, оның орынбасарлары Меруерт Отарбаева мен Ләззат Ахметова да жауап беруі тиіс деп санайды. Отарбаева мен Ахметованың сотқа дейінгі тергеу кезінде «шынайы өкінуіне байланысты» істерінің қысқаруы заңсыз деп ойлайды.

Сот үкімімен келіспейтін мұғалім мектеп басшылығымен бірге жергілікті әкімдік пен депутаттардан және «Нұр Отан» партиясының Түркістан қаласындағы филиалынан қысым көріп отырғандарын айтады. Оның сөзінше, мұғалімдерді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, ауыл әкімі және қалалық білім бөлімінің қызметкерлері жиын өткізіп, ортаға алған.

«Апелляциялық шағымды қайтарып алыңдар» дейді. «Нұр Отан» партиясына арыздансақ, партия жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссиясы да дәл осылай деп шарт қойды. Сонда біз қайда барып, мұңымызды айтуымыз керек?

- «Апелляциялық шағымды қайтарып алыңдар» дейді. «Нұр Отан» партиясына арыздансақ, партия жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссиясы да дәл осылай деп шарт қойды. Сонда біз қайда барып, мұңымызды айтуымыз керек? - дейді Света Ысқақова.

Ысқақованың айтуынша, мектеп директорының орынбасары Ләззат Ахметова шағым түсірген мұғалімдердің сағат жүктемесін көбейтуге қарсы жұмыс жүргізіп жатыр. Қаңтардың 13-і күні Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков Шаға ауылдық округінің әкімі Тәңірберген Макеновті, қалалық мәслихаттың депутаты Әбдімүтәліп Нарымбетовті, қалалық білім бөлімінің мамандарын, ауыл ақсақалдары мен мектеп ұжымын қатыстырып, арнайы жиын өткізген.

- Мұғалімдер «[Ысқақова мен Алтыбай] арыз жазуларын тоқтатсын. Арыз жазатын болса, жұмыстан шығып жазсын. Берекемізді қашырып жіберді» деп талап қойды. Сонда былық шығарып, мектепті ірітіп отырған біз бе? Былтыр наурыз айынан бастап 27 кадр алған. Қыркүйек айынан бері бір бастауыштың өзінде 7 маманды жұмысқа алды. Сөйтіп бәрімізді сағатқа таластырып қойды, - дейді Света Ысқақова.

Света Ысқақова жиыннан соң «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлықпен күрес комиссиясының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев та шақырып, апелляциялық шағымды кері қайтарып алыңдар деп шарт қойғанын айтады.

Молда Мұса атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Света Ысқақова. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.
Молда Мұса атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Света Ысқақова. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

- Бұрынғы мектеп директоры Гүлнәр Нахипбекова қазір орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүр. Меруерт Отарбаева мен Ләззат Ахметова өз жұмыстарын жалғастырып жүр. Ешкім ешкімді аяп отырған жоқ. Апелляциялық шағымды қайтарып алмаймыз, - дейді ол.

Жәбірленуші мұғалімнің бірі Жәудір Алтыбай «жиын жасап, ұжымның алдында кінәлі адамға ұқсатып қойғанына» қынжылады.

- Мұғалімдер «Ахметова жұмыстан кетсе, сендер де жұмыстан кетіңдер» дейді. Сағат жүктемесін көбейтеміз деп уәде еткен. Әлі 7 сағаттық жүктемемен жүрмін, бір сағат та қоспады. Апелляциялық шағымды ал десе де алмаймын енді, - дейді ол.

Апелляциялық шағым жазудан бас тартқан Айнұр Шериева Азаттыққа «осы жерден тоқтайтынын» айтады. Оның сөзінше, сот үкімінен соң өзінің және Света Ысқақованың сағат жүктемесі көбейген. «Тек Жәудірдің сағатын көтермей отыр» дейді ол.

Молда Мұса жалпы орта мектебі директорының орынбасары Ләззат Ахметова Азаттыққа берген комментариінде «керісінше, өзінің жан-жақтан қысым көріп отырғанын, «орныңды босат» деген сөз ести бастағанын, жалған айып тағылғанын» айтты.

Орта мектеп маңдайшасындағы мекеме атауы.
Орта мектеп маңдайшасындағы мекеме атауы.

- Менің де бес балам бар. Балаларыма үлгілі ана болғым келеді. Директордың орынбасары болғаныма екі жыл болды. Менің де ұятым, ар-намысым бар. Айнұр Шериева мен Света Ысқақованың сағат жүктемесін қосып бердік. Жәудір Алтыбай әлі жас маман. Ол байқауға қатысу керек, іс-тәжірибе тарқату керек, қалалық білім бөлімінен, облыстық білім басқармасынан награда алу керек. Еңбектену керек. Мен де жұмысқа үш сағатпен кіріп, 25 мың теңге айлыққа бес жыл жұмыс істегем, - дейді директордың орынбасары.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков пен Шаға ауылдық округінің әкімі Тәңірберген Макенов бұл мәселе бойынша мұғалімдермен жиын өткізгенін Азаттыққа растады. Қалалық мәслихаттың депутаты Әбдімүтәліп Нарымбетовпен сөйлесу мүмкін болмады.

Ғани Рысбековтың айтуынша, мұғалімдердің соттың шешімімен келіспей апелляцияға беруі мен соттың екі-үш айға созылуынан «мектепте оқушыларға білім беру нашарлап кеткен». Жиында шенеуніктер мен ауыл ақсақалдары екі жақтың бітімге келуін сұраған. «Мұғалімдерге сағаттың әлі толық берілмегені, мұғалімдер саны артық екені» анықталған.

Жаңадан келген директор көп мәселені шешетін еді. Бірақ сот шешімі күшіне енбейінше директорды тағайындауға құқығымыз жоқ. Сондықтан мұғалімдерге өтініш жасадық. Өйткені бұл жағдай мектептің жұмыс процесіне, балалардың оқуына әсер етіп жатыр.

- Апелляциялық шағым түсіру – әр адамның заңды құқығы. Біз қазір мектеп директорын тағайындай алмай отырмыз. Жаңадан келген директор көп мәселені шешетін еді. Бірақ сот шешімі күшіне енбейінше директорды тағайындауға құқығымыз жоқ. Сондықтан мұғалімдерге өтініш жасадық. Өйткені бұл жағдай мектептің жұмыс процесіне, балалардың оқуына әсер етіп жатыр, - дейді Ғани Рысбеков.

Ауыл әкімі Тәңірберген Макеновтің пікірінше, мектептегі дау «ауылдың ынтымақ, бірлігіне әсер еткен».

- [Ысқақова мен Алтыбайға] апелляциялық шағымды қайтып алыңдар, арыз жазуды тоқтата тұрыңдар деп те өтініш айттық. Елдің бірлігі, ыңтымағы үшін тоқтатуды сұрадық, - дейді ауыл әкімі.

«Нұр Отан» партиясы Түркістан қаласындағы филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссиясының төрағасы Үмбет Темірбаев та мұғалімдерге апелляциялық шағымын кері қайтарып алуға өтініш жасағанын жоққа шығармайды.

Біздің айтқанымыз, екі жақ келісіңдер дедік. Бірақ екі жақ келісімге келмеді. Бұл туралы облысқа хабар бердік. Ешкімге қысым жасалған жоқ.

- Біздің айтқанымыз, екі жақ келісіңдер дедік. Бірақ екі жақ келісімге келмеді. Бұл туралы облысқа хабар бердік. Ешкімге қысым жасалған жоқ. Біз тек бейбіт жолмен шешіңдер дедік, - дейді Темірбаев.

Жәбірленушілерге апелляциялық шағымның қаңтардың 30-ында қаралатыны туралы хабарлама келген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы қыркүйектің 19-ында Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай, Айнұр Шериевадан арыз түскенін хабарлаған. Бюро «қыркүйектің 22-сі күні мектеп директорына 80 мың теңге пара берілгені видеомен құжаттандырылғанын» айтқан. Бұл мекеме Гүлнәр Нахипбекованың үстінен қылмыстық кодекстің 367-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалы жүріп жатқанын мәлімдеген болатын. Желтоқсанның 27-сінде Түркістан қалалық соты Гүлнәр Нахипбекованы «алаяқтық жасады» және «пара берді» деген негізгі айыптар бойынша кінәлі деп танылған. Сот Нахипбекованы Қылмыстық кодекстің төрт бабында (24-3, 190-3-2, 28-4 және 367-1) көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп шешім шығарып, қызметінен аластаған.

XS
SM
MD
LG