Accessibility links

Өскемен түрмесіндегілердің туыстары алаңдап жүр


Қазақстандағы түрмелердің бірінің қарауыл мұнарасы. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы түрмелердің бірінің қарауыл мұнарасы. (Көрнекі сурет)

Жақындары Өскемендегі ОВ-156/3 колониясында отырған азаматтар «кеше ол жақтан жедел жәрдем көлігі шыққанын» айтады. Ал департамент түрмедегі тінту кезінде ешкім жарақаттанбағанын мәлімдеді.

Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласының тұрғыны Марина (фамилиясын атағысы келген жоқ) ондағы ОВ-156/3 жалпы тәртіптегі түзеу колониясының алдында жүр. Ол түрмеден босап шығуға санаулы күні қалған ерінің жағдайынан бейхабар екенін айтып алаңдайды.

– Күйеуім колонияда 6 жыл отырды. 18 күннен кейін босап шығуы керек еді. Кешеден бері колонияға әскер кіргізіп, сотталғандарды этаппен әкетіп жатыр. Кеше бізге адам сияқты жауап берген ешкім болмады. Сосын біз әкімшілікке барып, прокурормен кездесіп, туыстарымыздың хал-жағдайын сұрадық. Олар тыйым салынған заттарды іздеп жатқандарын, әскерді де сол үшін кіргізгендерін айтты. Ал бүгін колонияға келсем, «күйеуіңді тәртіп бұзған соң Семейдегі тергеу изоляторынаалып кетті» деп отыр, – дейді Марина.

Ол қарашаның 10-ы күні колониядан жедел жәрдем көлігі шыққанын айтып, «оның ішінде кімдер болғанын, қандай жағдайда болғанын білмейміз» деп уайымдайды.

– Қазір ғана колония бастығымен сөйлесіп шықтым. Ол менің күйеуімді қосқанда барлығы 47 адамды колониядан алып кеткендерін, бәрінің тәртіпті бұзғандарын айтты. Енді оларды басқа колонияларға жібереді екен. Қандай тәртіп бұзғанын сұрап едім, мардымды жауап бермеді, – дейді Марина.

Оның айтуынша, қазір колонияның алдында өзі сияқты қамаудағы туыстарының жағдайына алаңдаған 10 шақты адам тұр.

«ЖАРАҚАТТАНҒАН ЕШКІМ ЖОҚ»

Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілі, капитан Қайрат Нурсалинов ОВ-156/3 жалпы тәртіптегі түзеу колониясында отырған тұтқындардың туыстары алаңдайтын себеп жоқ екенін айтады.

Колониядағылардан бірнеше ұялы телефон мен өткір заттар алынды, денесін жарақаттағандар болған жоқ.
ҚАЖД өкілі Қайрат Нурсалинов.

– Кеше ОВ-156/3 түзеу колониясында тінту жұмыстары жүргізілді. Ол шара жалғыз бізде ғана емес, республика бойынша өтіп жатыр. Колониядағылардан бірнеше ұялы телефон мен өткір заттар алынды, денесін жарақаттағандар болған жоқ, – деді Қайрат Нурсалинов.

ОВ-156/3 түзеу мекемесі бастығының орынбасары Боранбек Кокинов те ондағы тұтқындар арасында дене жарақатын алғандар жоқ екенін айтты.

– Бізде бәрі тыныш. Тінту болған, басқа ешнәрсе болған жоқ, – деп қысқа қайырды Кокинов.

Мәселеге қатысты облыс пен қала прокуратурасының пікірін білмекке күні бойы хабарласқанымызбен еш жауап ала алмадық.

Жергілікті yk-news.kz ақпараттық сайтының хабарлауынша, дүйсенбі күні кешке «ОВ-156/3 жалпы тәртіптегі түзеу колониясына әскер кіргізілді» деген хабарды естіген азаматтар облыс әкімдігіне барған. Сотталғандардың туыстары облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омармен, облыс прокурорының орынбасары Василий Олейникпен және Өскемен қаласының прокуроры Ерсін Шыныбаевпен кездескен. Прокурорлар әскердің колонияға «тыйым салынған заттарды іздеу үшін ғана кіргізілгенін» айтқан. Жергілікті сайт Олейниктің «наразылық танытып, денесін жарақаттаған екі тұтқын әкетілгенін хабарлағанын» жазған.

Шығыс Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне тиесілі 14 мекеме (2 тергеу изоляторы, 2 жалпы тәртіптегі түзеу колониясы, 6 қатаң тәртіптегі түзеу колониясы, 2 қоныс колониясы, 1 кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған тәрбие колониясы, 1 әйелдер колониясы) бар. Онда сотталған және тергеуде жатқан 11 мыңдай адам қамалған.

XS
SM
MD
LG