Accessibility links

Өзбекстан шекарасындағы ветеринарлық тексерісті күшейтті


Өзбекстан-Қазақстан шекарасындағы "Ақ жол-Қапланбек" кеден бекеті. Өзбекстан, 23 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Өзбекстан-Қазақстан шекарасындағы "Ақ жол-Қапланбек" кеден бекеті. Өзбекстан, 23 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан Қазақстандағы Сібір жарасына байланысты екі ел арасындағы шекарада ветеринарлық тексерісті күшейткен. Шекарадағы тексеру жұмыстарымен көрші елдің санитарлық-ветеринарлық қызметі айналысып жатыр.

Бұл туралы Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мемлекеттік эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.

Комитет сібір жарасы (үкімет ақпаратында "түйнеме" деп те аталады) Өзбекстанда тіркелмегенін, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы кедендік бақылау пунктерінде эпидемиологтар тексеріске кіріскенін мәлімдеді.

Ресейдің «РИА-новости» ақпарат агенттігіне сұхбат берген комитет өкілдерінің бірі шекарадан өткен азық-түлік қатаң тексеріліп, малға екпе егіліп, адамдарға вакцинация салынып жатқанын хабарлаған.

Сібір жарасының тозаңдары. (Көрнекі сурет)
Сібір жарасының тозаңдары. (Көрнекі сурет)

Биыл маусымның 20-сы мен 23-і аралығында Қарағандыдағы облыстық инфекциялық ауруханаға Еркіндік ауылынан тоғыз адам сібір жарасы індетін жұқтырған деген күдікпен түскен. Олардың екеуі ауруханада қайтыс болған.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғынына сібір жарасы індеті жұққанын хабарлаған. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, осы оқиғадан кейін Шығыс Қазақстан облысында халық дүкендерден ет сатып алудан сескеніп қалған. Ал облыстық ветеринария басқармасы еттер дүкендерге түспес бұрын екі рет тексеріліп жатқанын мәлімдеді.

Қазақстанда сібір жарасы қауіпті дертін жұқтырғандар тіркелгеннен кейін, Қырғызстанның ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясы да екі ел арасындағы шекарада бақылауды күшейткен.

XS
SM
MD
LG