Қазақстанның ауыз су проблемасына арналған талқылауды тыңдаңыз
Гидролог мамандар Қазақстанда сатылымға шығып жатқан ауыз судың да тексерістен өте бермейтінін айтады.Гидролог Әмірхан Кеншімов Қазақстан халқы суды үнемдеп қолданбайтынын айта келе, суды толықтай мемлекет бақылауына алуды ұсынады. Оның пікірінше, қазіргі кезде мемлекет су саясатын дұрыс жүргізіп отырған жоқ.Сондай-ақ ол ауылды жерлердегі жекелеген ауыл шаруашылықтары жер асты суларын бұрғылау әдістерімен алып пайдаланып отырғанын айтады. Оның айтуынша, су қорларын бұлайша есепсіз пайдалану ауыз су тапшылығын күшейтіп қана қоймай, жер үсті сулары мен жер асты суларының арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына себепші болады.Қазақстан білім және ғылым министрлігіне қарасты гидрогеология және геоэкология институтының директоры Әлішер Сәтбаев Қызылорда облысының халқы «су орнына у ішіп» отырғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, Сырдария өзені ластанған сайын жер асты сулары да лайланып, ауыз судан әртүрлі жұқпалы аурулардың таралуына жол ашып отыр.Қызылорда қаласы ерте заманда сауда керуендері жүріп өткен «Ұлы Жібек жолының» бойында орналасқан қала болғанын еске салған ол, Сырдария өзені ағысын жиі өзгертіп отыратын өзен болғандықтан, онда жерленген адамдардың моласын шайып кетуі мүмкін деген болжам жасады.