Accessibility links

Аймақ ауқымындағы кірісті жариялау науқаны


Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ғимараты. Орал, 25 шілде 2016 жыл.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ғимараты. Орал, 25 шілде 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің шенеуніктері өз ресми жалақысы жайлы мәліметтерді жаппай жариялай бастады. Олардың жылдық кіріс мөлшері 8 миллион теңгеге дейін жетеді.

ӘКІМ МЕН ОРЫНБАСАРЛАРЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ

Маусым айының ортасында Батыс Қазақстан облысында (БҚО) өз кірісі жайлы мәліметтерді аймақ басшылары бірінші болып жариялады. Облыс әкімдігі ресми сайтының дерегінше, БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің айлық жалақысы – 742 527 теңге. Көлгінов биыл наурыздың аяғында осы қызметке тағайындалғаннан бері осындай жалақы ала бастаған. Ол 2013 жылдан бері Орал қаласы әкімі қызметін атқарған әрі ол кезде оның жылдық кірісі бес миллион 288 мың теңгені құраған.

Жария ақпаратқа қарағанда, Алтай Көлгіновтің төрт орынбасарының айлық еңбекақысы мынадай: Арман Өтеғұлов – 554 715 теңге, Марат Тоқжанов пен Бибігүл Қонысбаева екеуінің әрқайсысы – 518 767 теңге, ал Игорь Стексов – 404 079 теңге жалақы алады. Орал қаласы әкімі Нариман Төреғалиевтің айлық еңбекақысы 380 515 теңге. Қала басшысының былтырғы ресми табысы – бес миллион 233 мың теңге болған.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов. Орал, 5 сәуір 2016 жыл.
Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов. Орал, 5 сәуір 2016 жыл.

2013 жылы БҚО әкімі болған Нұрлан Ноғаев (Атырау облысының қазіргі әкімі) айлық жалақысы 461 мың теңге екенін айтқан.

«ЖАРИЯЛАМАҒАНДАР» ДА БАР

Облыс әкімдігінің бастамасын облыстық басқарма, департамент басшылары іліп әкетіп, шенеуніктер кірістерін өз құрылымдарының ресми сайттарында жариялай бастады.

Мысалы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (ГАСК) бастығы Ахмет Губайдуллиннің жылдық кірісі үш миллион 68 мың теңгені құрайды. Сайт оның меншігінде жылжымайтын және жылжымалы мүлік жоқ деп хабарлайды.

Жерді пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиевтің айлық жалақысы – 246 515 теңге, ол 2015 жылы жиыны екі миллион 853 мың теңге жалақы алған.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы Азамат Айтуевтің 2015 жылғы кірісі екі миллион 514 мың теңгені құраған. 2014 жылы Айтуев бұдан сәл аз – екі миллион 169 мың теңге тапқан. Шенеунік сонымен бірге Оралда жеке меншік үйі барын көрсеткен.

Дін істері басқармасының бастығы Талғат Нығметов айына 201 963 мың теңге алады. Былтыр оның табысы екі миллион 598 мың теңге болған.

Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышәлиевтің Оралда жеке меншік үйі, «Водник» кооперативінде гаражы, қала шетіндегі Дерқұл кентінде сегіз сотық жері бар. Қуанышәлиевтің 2015 жылғы кірісі – екі миллион 264 мың теңге.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов (ортада) жол пайдалану кәсіпорны ұжымымен бірге суретке түсіп тұр. Орал, 9 сәуір 2016 жыл.
Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов (ортада) жол пайдалану кәсіпорны ұжымымен бірге суретке түсіп тұр. Орал, 9 сәуір 2016 жыл.

Жер қатынастары басқармасы бастығы Әлия Мұханбетжанова былтыр екі миллион 699 мың теңге тапқан. Мичурино ауылында алты сотық жерімен қоса тұрғын үйі, Nissan Tiida автомобилі (2011 жылы шыққан) бар.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ерменов айына 246 515 теңге алады. Ерменовтің 2015 жылғы кірісі – екі миллион 893 мың теңге.

Ресми сайтында «Басшылықтың кірістері туралы ақпарат» деген айдары бар жалғыз басқарма – экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы. Сайтта басқарма бастығы Қайсар Маңқараевтың айына 224 028 теңге жалақы алатыны көрсетілген.

Ал мемлекеттік сатып алулар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, тілдерді дамыту, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, мұрағаттар және құжаттау, білім, қаржы және еңбек инспекциясы басқармалары сайттарынан басшылардың кірісі жайлы мәліметтер табылмады.

«ЖАРИЯЛАУҒА БОЛМАЙ МА?»

Қазақстанда жалақысы мен жылдық кірісі көлемін ашық жариялау ерікті акция саналады. Елдің жоғары басшылығының ресми жалақысы еш жерде жарияланбайды.

Қазақстандық кей шенеуніктер мүлкі мен кірісі жайлы мәліметтерді біраз жыл бұрын «Нұр Отан» президенттік партиясы бастаған «Өзіңнен баста!» акциясы аясында жариялап тұрады. Бірақ кей облыстық, аудандық және қалалық әкімдік сайттарынан мемлекеттік қызметшілердің кірісі жайлы ақпарат табылмайды. Қарағанды облысы әкімдігі сайты әкім Нұрмұхамбет Әбдібековтің қызметтік айлық жалақысы 953 260 теңге деп хабарлайды; бірақ әкімнің мүлкі жайлы мәлімет жоқ – бұл ақпарат «жыл сайын тапсыратын декларацияларда көрсетілген» деген сілтеме ғана бар.

Қазақстан билігі 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлерінің бәрі «активтері мен міндеттемелері туралы декларация» тапсыруға міндетті болады деп мәлімдеген. Алайда парламент каникулға кетер алдында «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары үкіметке кірісті декларациялау мерзімін кейінге шегеру туралы ұсыныс жасаған.

Оқи отырыңыз: Декларациялауды ысыра тұрудың себебі неде?

Азаматтық белсенділер «мемлекеттік қызметшілердің мүлкі өзге тұлғалардың атына ресімделуі мүмкін» деген күдікпен шенеуніктердің нақты кірісі мен дүние-мүлкі жайлы мәліметтерді декларациялау арқылы білуге болатынына күмән келтірген. Оның үстіне, жоғары лауазымды шенеуніктердің капиталдары жайлы ақпарат жабық болады.

Қазақстан президентінің жиені Нұрәлі Әлиевтің атына тіркелген офшор туралы ақпарат жариялаған халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) сайтынан скриншот.
Қазақстан президентінің жиені Нұрәлі Әлиевтің атына тіркелген офшор туралы ақпарат жариялаған халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) сайтынан скриншот.

Биыл сәуірде Панамадағы заңгерлік компаниядан саясаткерлер мен бизнесмендердің офшордағы шоттары жайлы мәліметтер тарап кетуіне байланысты туған «Панамагейт» жанжалынан кейін әлем БАҚ-тарында Қазақстан президентінің жиені Нұрәлі Әлиевтің есімі аталған болатын. Baltimore Alliance Inc. офшор компаниясының акционері деп болжанған Әлиев әлгі деректер жарияланардан сәл бұрын Астана әкімі орынбасары қызметінен кеткен. Қазақстан бас прокуратурасы Азаттықтың сұрағына «сауалда көрсетілген тұлғаның [Нұрәлі Әлиев] декларациясындағы мәліметтер салық құпиясы болып саналады әрі жариялауға болмайды» деген жауап қайтарған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG