«ОРАЗАЛИНГЕ АЛҒЫС АЙТУ ЖӘНЕ СЫНАУ»
Жазушылар құрылтайы Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің баяндамасымен басталды. Ол Жазушылар одағының 14 съезінен бері қарайғы кезеңге есеп беріп, одақ басшылығының атқарған жұмыстарын айтты. Сонымен қатар, мұнан әрі төрағалыққа түспейтіні туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа айтып, алдынан өткенін де айта кетті.
«Әдеби процесті жан-жақты таратып айтуға уақыт тар» деген төраға өзі басқарған кезеңдегі Жазушылар одағы жұмсаған қаржының есебін тыңдауды ұсынды. Жазушылар одағының есебі жайлы баяндамашының сөзінше «одақтың материалдық, қаржылық жағдайына әрбір құрылтай арасында аудиторлық тексеріс жасалып, даулы мәселелерге нүкте қойылған».
Баяндамашының есебіне қарағанда, Жазушылар одағының түрлі қаржы көздерінен 2017 жылы 198 миллион теңгеден астам қаржы түскен және оның бәрі жарғы бойынша жұмсалған.
Қаржылық есептен кейін бірнеше жазушы сөйледі. Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев «әдебиет пен мәдениетке жағдай жасап жатқан Қазақстандай ел жоқ» екенін, тек соны дұрыс пайдалану қажеттігін еске салса, жазушы Сәбит Досанов «Одақ төңірегіндегі жел сөздің желігіне желікпей, қарымына, халқына сүйенген Нұрлан Оразалиннің қайсарлығына қайран қалатынын» білдірді.
Құрылтайды жүргізіп отырған Нұрлан Оразалин сөзді төралқада отырған жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ақын Мұхтар Шахановқа бергенде екеуі де Оразалинді сынады. Алайда олардың сынының кей тұстарын залды отырғандар «жеке бастың ар-намысына тию» ретінде бағалағаны байқалды.
Регламентті бақылап отырған Нұрлан Оразалинмен бірнеше рет сөз қағыстырған қос жазушының бірі - Мұхтар Шаханов «Нұрлан Оразалин билікке жағымпазданды» деген ойын айта келе, жазушылардың азаматтық ұстанымын қоса сынады.
- Жазушылар одағының 800-ден астам мүшесі бар екен. Соның он шақтысы ғана, елдік, ұлт мүддесі күресінде бізбен бірге болды. Ал қалғанының бәрі өлеңдерінде, кітаптарында ұлтты, тілді сақтау керек сол үшін күресуіміз керек деп жазғанымен, іске келгенде бәрі үстелдің астына кіріп кетеді,- деді ол.
Оқи отырыңыз: Жазушылар одағының қилы кезеңдері.
Нұрлан Оразалин сынға сол сәтінде жауап беруге тырысты.
- Біздің бір де бір жиналысымызда болған жоқсыз. Сырттан тон пішу – ол өзін Жазушылар одағынан жоғары қоятын ұлылылықтың аурумен ауырған тұлғалардың ғана қолынан келетін нәрсе,- деді Нұрлан Оразалин Мұхтар Шахановқа қарата .
Сөзқағыс күшейгенде мінберге шыққан жазушы Смағұл Елубай «совет кезіндегі Жазушылар одағының статусы мен қазіргі статусын салыстыруға болмайтынын» айтты.
- Оразалин одақты 22 жыл басқарды. Егерде совет заманында басқарса, онда әңгіме басқа еді. Қазір мыңдаған қоғамдық ұйымның бірі ғана. Осындай қиын кезде Жазушылар одағын шашыратып жібермей бүгінге дейін жеткізген Нұрлан Оразалинге сіздердің аттарыңыздан алғыс айтып, иығына шапан жабайық,-деп Нұрлан Оразалинге шапан жапты.
«ҚҰРМЕТТІ ТӨРАҒА» ДАУЫ»
Жарыссөзден кейін басылған дау Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбайдың ұсынысынан кейін қайта жанданды. "Жазушылар одағының жарғысы бойынша Нұрлан Оразалинді «құрметті төраға» етіп сайлауымыз керек, соған дауыс беріңіздер",-деген ұсынысы бірден дау тудырып, залда отырып айғай салушылар көбейді.
Мінберге шыққан жазушы Төлен Әбдік «құрметті төраға» дегенде өзінің не түсінетінін айтты.
- Құрметті төраға қамқоршылар кеңесінің бастығы болады екен, бүкіл ақша соның қолында болуы керек. Ол жаңадан сайланған төрағаның үстінен қарауы керек. Ол төрағаның шешімдерін өзгерту керек. Ау, сонда бұл қандай төраға? Ол кәдімгі одақты өле-өлгенше басқаратын жаңа лауазым ғой?! - деп өз қарсылығын білдірді.
Дау қызғаннан кейін «құрметті төраға» қызметін Нұрлан Оразалиннің өзі «қамқорлық кеңесінің төрағасы» ретінде түсіндіруге тырысты. Оның сөзінше «құрметті төраға» одақ төрағасының жұмысына араласпайды, жарғыда олай жазылмаған.
- Жиырма екі жыл өмірімді далаға төккен жоқпын. Бүкіл жүйкем, қап-қара шашым ағарды. Мен ешкімнің алдына, төрт рет төраға болып түскен кезде біреуіңіздің алдыңызға барып мені сайлаңыздар деп өтініш жасаған жоқпын,- деді ол.
Алайда жазушылар бұл уәжге де басылмай, залдан айғайлап, сөз сұраушылар көбейді. Мінберге шыққан Дулат Исабеков «сайлаулардың қалай өткенін білеміз» дегенді айтып, Жазушылар одағының жарғысын қайта қарауды ұсынды. Оның сөзінше «қазіргі жарғы белгілі бір топтың мүддесін қорғау үшін жасалған»
Дау ұзара бастағанда жазушылардың бірі мінберге шығып кетіп, айғайлап сөйлей бастағанда бірнеше адам жабылып қайта түсірді. Бірақ қарсылық көбейген соң «құрметті төрағаны» сайлау мәселесі кейінге қалдырылғандай болды. Ол жөнінде нақты айтылмады.
«БАЛАМАСЫЗ САЙЛАУ»
Құрылтайдың екінші жартысын жазушы Әлібек Асқаров жүргізді. Оның сөзінше жарғы бойынша құрылтайда Жазушылар одағының басқарма мүшелері сайлануы керек, ал олар төрағаны сайлауы тиіс.
- Жарғы бойынша 80 адам басқарма мүшелігіне сайлануы тиіс. Ал осыған дейін 151 адам болып келген. Оны азайтсақ тағы да дауға қаламыз, - деген ол тізімді сол күйі қалдыруды ұсынды.
Тізімді жазушы, ғалым Ғарифолла Есім оқып бергеннен кейін тағы дау басталып, бірнеше жазушының басқарма құрамынан қалып қойғаны айтылды. Әлібек Асқаров оларды да ескеретінін, бірақ еш жазушы басқарма мүшесі болғаны үшін жалақы алмайтынын алдын ала ескертіп, көпшіліктің назарын аударды.
Басқарма мүшелерінің тізімі бекітілгеннен кейін Жазушылар одағының төрағалығына бір ғана кандидат ұсынылатыны хабарланды. Бір қызығы құрылтай басталар алдында-ақ келешек төрағаның аты-жөні белгілі болған еді. Одақ төрағалығына ұсынылған ақын Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасына ешкім қарсы болған жоқ. Бұрынғы төраға Нұрлан Оразалинді сынаушылар да қолдағаны байқалды.
Ақын Ұлықбек Есдәулет шығып сөйлеп, өзіне артылған сенімге алғысын білдірді және сол арада өз орынбасарларын да таныстырып үлгеріп, келешектегі жоспарларымен бөлісті.
Құрылтайдан кейін Азаттық тілшісі ақын-жазушылардың пікірін сұрастырып көрді. Бірақ олардың көпшілігі жаңа төраға туралы да, бұрынғы төраға туралы да пікір айтудан тартынды. «Неге бірнеше кандидат ұсынылып, дауысқа түспеді» деген сұраққа кейбірі «осы дұрыс» десті.
Жиынға қатысқан жазушы Софы Сматаев «ең кемі үш төрт адам кандидатурасын ұсынуы керек еді» деп санайды. Өйткені «жазушылар одағы жай одақ емес, бұл қоғамдық ұйымдардың ішіндегі ең бірінші қоғамдық ұйым».
Софы Сматаевтың сөзінше бүгінгі жиында дау-дамайдың көбеюі Нұрлан Оразалиннің Жазушылар одағының төрағасы қызметінде ұзақ отыруына байланысты қыжыл болуы мүмкін.
Қазақстан Жазушылар одағы 1926 жылы маусымда «Қазақстанның пролетариат жазушылары ассоциациясының бюросы» болып құрылған.
Жазушы Көпен Әмірбеков «құрметті төраға» лауазымына «шапан мен қалпақтың үстіне тағы да шапан мен қалпақ киген сияқты нәрсе» деп сипаттады.
Ал ақын Жарас Сәрсектің сөзінше «құрметті төраға» лауазымы туралы айтылғанына бірнеше жыл болған. Оны құптайтындар да, құптамайтындар да көп.
- Одақ жарғысында бұл мәселе тәптіштеп жазылған. Мына құрылтайда кімнің қолдап, кімнің қолдамайтынын ешкім түсінген жоқ. Дауыс беріп, мандат көтергендер болды, оны да есепке алған жоқ. «Құрметті төраға» одақтың билігіне араласу үшін жасалған дүние емес, ықпалды, беделді адамдар арқылы одаққа көмектесу үшін жасалып жатқан шара болатын. Ақын-жазушылар оны қазір түсінбегенімен, кейін түсінеді,-дейді ол Азаттыққа.
Қазақстан Жазушылар одағының 14 құрылтайы 2012 жылы күзде өткен. Осы құрылтай қарсаңында және одан кейін де «соңғы жылдары құрылтай өз уақытында өткізілмей келгені» жайлы сындар жиі айтылған.
Қазақстан Жазушылар одағы 1926 жылы маусымда «Қазақстанның пролетариат жазушылары ассоциациясының бюросы» болып құрылған. Бұл кезеңде Мағжан Жұмабаев бастаған ақын-жазушылар көркем әдебиеттен таптық принципті талап еткен большевиктік идеологияға қарсылық ретінде «Алқа» ұйымын дамыта бастаған еді. Кейін алашшыл «Алқа» жұмысы тоқтап, большевиктер бағытындағы жазушылар ұйымы күшейді.
1932 жылы 28 сәуірдегі БК(б)П Орталық Комитетінің «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулысы негізінде Қазақстан Жазушылар одағы болып өзгерді. Қазақстан Кеңес Жазушыларының тұңғыш съезі 1934 жылы 12-18 маусым аралығында өтті.