Accessibility links

Әкесі мен ұлы 54 жылдан кейін бір-ақ рет кездесті


Солдан оңға: Матильда Тиннис, Ник Утас пен әкесі Николай Климович. Павлодар, 1995 жыл. (Отбасылық мұрағат суреті).
Солдан оңға: Матильда Тиннис, Ник Утас пен әкесі Николай Климович. Павлодар, 1995 жыл. (Отбасылық мұрағат суреті).

Павлодар қаласының тұрғыны Николай Климович Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұлы мен әйелінен көз жазып қалады. Тағдырдың жазуы болар, әкесі ұлын арада 54 жыл өткесін, бір рет қана көрді.

Қара шашты, көк көзі мейірімді әйелдің аты-жөні – Нина Алтыпармак. Ол кісіні совет заманынан көз үйренген зейнеткер әйелдердің бірі деуге дәтің бармайды екен. Осы бір әйелдің естеліктері қандай қасіретке толы екенін әңгіме барысында түйсінесің. Бір әулеттің мұрағатында сақталған естеліктер бірнеше ұрпақтың жадында жатталып қалған.

– Әкем өзінің үлкен ұлын бүкіл ғұмырында екі мәрте ғана көріп кетті: бір айлық шақалақ кезінде және 54 жасында. Екеуі әртүрлі тілде – бірі орыс, екіншісі неміс тілінде сөйлескенімен, бұл кездесу бәрімізге қатты әсер етті. Одан соң бір-бірін ешқашан көрмеді, - деп бастады өз әңгімесін Нина Алтыпармак (қыз күніндегі фамилиясы – Климович) Азаттық радиосының тілшісіне.

«КУЛАКТЫҢ БАЛАСЫ»

Нина Алтыпармактың әкесі Николай 1918 жылы Украинаның Житомир облысында дүниеге келген. Шаруа отбасында туған ол үйдің кенжесі – жетінші бала болыпты. Иелігінде екі аты болған әкесі ұжымдастыру кезінде (1920-жылдардың аяғы– 1930
Николай Климович екінші қатарда ортада тұр. Киев, 1930-жылдар. (Отбасылық мұрағат суреті).
Николай Климович екінші қатарда ортада тұр. Киев, 1930-жылдар. (Отбасылық мұрағат суреті).
жылдардың басында СССР-дағы колхоз құру кезеңі) кулак деген желеумен мал-мүлкі тәркіленіп, өзін сотталып, айдауға кеткен (қайда жер аударылғаны осы күнге дейін белгісіз).

Ол кезде «бай-кулактардың» балалары жұмысқа орналасуда қатты қиындық көргені белгілі. Николай Климович 1937 жылы Қазақстанға, Павлодар облысына келеді. Жергілікті ауылдардың бірінде есепші болып істеген ол комсомол қатарына өтіп, дос-жаранды болады. Бір күні аудандық комитеттің хатшысы кездесіп қалып, Украинадан Николайдың отбасы мен туыстарының өткен өмірі жайлы мәлімет жазылған құжаттардың келгенін айтады. «Кулак» әкесінің сотталғанын жасырғаны үшін ол заманның жазасы дайын еді.

Николай жазадан құтылу үшін Украинаға қайта оралып, 1940 жылға дейін машинистің көмекшісі болып жұмыс істейді. Кейін Қазақстанға қайтуға мәжбүр болады. Мұнда келгесін ол шыққан тегі швед Анна Утаспен танысады. Сол жылы екеуі некелесіп, Павлодар қаласындағы Фрунзе көшесінің бойындағы ағаш үйдің бір бөлмесін жалдап, біраз тұрады.

«Кулактың ұлы» деген таңба қайда барса да алдынан шығып, әсіресе жұмысқа орналасарда көп қиналады. Әбден сарсаңға түскен олар қайтадан Украинаның Житомир облысының Овруч қаласына барып қоныстанады. 1941 жылдың 6 мамырында жас отбасында Николай есімді ұл дүниеге келеді.

Ұлды болған Николай Климовичті 1941 жылдың маусым айының басында Львов қаласына әскери дайындықтан өтуге жібереді.

СОҒЫСТЫҢ БАСТАЛУЫ

– Соғыстың қалай басталғанын әкем айтып берген еді, – деп еске алады Николай Климовичтің кіші қызы Нина Алтыпармак. – Олар ағаш мылтықпен жаттығыпты. «Немістер басып кірген сәтте ескі қарудың өзі тапшы болды, сарбаздардың бәріне жетпеді» деп айтып отыратын. Жаңа қару мүлде болмаған. Қызыл армияның қарсыласуға қауқары келмей, шептерін тастап шегінгені белгілі.

Киев пен Овруч қалаларынан шегініп бара жатқан әскердің қатарында болған Николай өз үйінен небәрі 30 шақырым жерден өтіпті. Әрине, ол сәтте ұлы мен әйелімен жүздесуді армандай да алмаған болар.

1942 жылы совет әскери басшылығы Харьков түбіндегі Купянск станциясының жанында немістерге қарсы шабуылға шығу жөнінде шешім қабылдайды. Харьков үшін болған осы екінші шабуыл совет әскерлерінің қоршауға түсіп, толық күйреуімен аяқталады.

Николай ұрыста сол аяғынан ауыр жараланып, оны досы құтқарады.

– Досы әкемді арқасына салып ұзақ жүреді. «Егер сол адам болмағанда, қаза табар едім» деп әкем үнемі айтып отыратын. Өкініштісі, әкемді құтқарған кісінің есімі жадымда қалмапты, - дейді Нина Алтыпармак.

Жаралы Николай Кировабад қаласындағы госпитальда жарты жылдай жатады.

Неміс әскерлері шабуылды үдетіп, армиясы екі бағытта – мұнай ошақтарын өз бақылауына алу үшін Солтүстік Кавказ және Волга мен Сталинградқа қарай жылжиды.

Кавказда жараланған жауынгерлер өте көп болыпты. Оларды Каспий теңізі арқылы
Николай Климович. 1946 жыл. (Отбасылық мұрағат суреті).
Николай Климович. 1946 жыл. (Отбасылық мұрағат суреті).
кемемен Кисловодскға жөнелтеді. Азық-түліктен тапшылық болып, майданға қайта бара алмайтындарды үйіне емделуге жібереді.

«Әйелім мен ұлы жау басып алған Украинадан қашып, туыстарын паналаған болар» деген оймен Николай бірден Павлодарға оралады. Әйелінің туыстарын іздеп тапқан ол Анна Утастың мұнда келмегенін біледі. Біраздан соң ол Алматыдағы қосалқы полкке шақырту алады. Ол жерден 1945 жылдың қазан айында әскерден қайтады.

Үйіне оралған соң бірден Овруч қаласына жол тартып, өзінің отбасы жайлы қандай да бір ақпар іздестіре бастайды. Николай мұнда келген соң бұл жерді басып алған кезде немістердің Анна Утасты аудармашы ретінде комендатураға жұмысқа алғанын естиді.

Жұрт оған фашистерде жұмыс істеген Анна ұлын көру үшін Овручтан 15 шақырым жердегі деревняға түнделетіп жиі келіп тұрғанын айтады. Штабта істеген Аннаның қолында Германияға жұмысқа жөнелтілетін адамдар мен тұтқындалатын партизандардың тізімі болыпты. Анна Утас немістердің жоспарын тұрғындарға шамасы келгенше алдын ала ескертіп отырған. Жергілікті халықтың арасынан ешкім оны сатқын деп санамаған.

Жергілікті тұрғындардың бірі Николайға Қызыл армия шабуылға шыққан кезде оның әйелі мен ұлын вокзалдан, бомба түсіп қираған поездың жанында өліп жатқанын көргенін айтады.

Алайда жағдай басқаша болған еді. Анна Утас пен кішкентай Николай тірі қалып, Германияға кетеді. Сөйтіп тағдыр олардың жолын жарты ғасырға айырып жібереді.

ШЕКАРАНЫҢ ЕКІ ЖАҒЫНДА

– Қазақстанға қайта оралып, колхоз председателі болып істеген әкем кейін Анна Утастың немере сіңлісі Матильда Тинниске, менің анама үйленеді, – дейді Нина Алтыпармак.

Анна Утас тек 1959 жылы ғана бұрынғы күйеуі Николайды іздеп табады. Анна Қызыл Крест арқылы Швецияда қалған туыстарымен байланысады. Олар
Николай мен Нина Климовичтер. 1953 жыл. (Отбасылық мұрағат суреті).
Николай мен Нина Климовичтер. 1953 жыл. (Отбасылық мұрағат суреті).
Қазақстанға хабар береді. Анна мен ұлы Германияның Штутгарт қаласында тұратыны белгілі болады. Совет үкіметінің қаһарынан қорыққан Анна Утас кері шегінген неміс әскерлерімен бірге кетіп қалған екен.

– Олардың тірі екенін білгенде Хрущев заманы басталған кез еді. Сталин өлгесін біз, былайша айтқанда, еркін тыныстап қалғандай болдық. Әкемнің жүрегінде осы уақыт бойы қандай шемен жатқанын ешкім білмеді. Бұл хабар жеткенге дейін ол не ойлап, не көрмеді десеңізші. Ол өзінің сезімдерін сыртқа шығармайтын, ішкі күйзелісін бізбен бөліспеді. Бірақ әйелі мен баласының алыста жүрсе де, тірі екеніне іштей шүкірлік ететінін түсіндік. Шынымен де, соған да шүкір емес пе?!

Хат алысып тұру мүмкіндігі болғанымен, екі жақ та хатты өте сирек жазатын. Анна орыс тілін ұмытыңқырап қалған, ал Николай мен Аннаның ұлы Ник (Николай) неміс тілін ғана білетін.

– Бір күні әке-шешемнің (1990-жылдардың басы) үйіне келдім. Әкем конверттің сыртын толтырып беруімді өтініп, ұлына туған күнімен құттықтау жазғанын айтты. Сол жолы мен де оған хат жазып жібердім. Сөйтіп екеуміз хат жазыса бастадық. Алдымен неміс тілінде. Мұндағы тыныс-тіршілігімізді сипаттауға сөзім жетпей қалғанда, мен орысшаға көшіп кететінмін. Ол хатты алған бетте Штутгарттың іргесіндегі Хальброн қаласына барады екен. Онда Совет одағы күйреген соң алғашқы эмигранттардың бірі болып кеткен жиен інім тұрады. Жиенім Никке менің хаттарымды аударып береді екен, – деп еске алады Нина.

Әкесі есейген ұлын көргісі келіп бірнеше мәрте талпыныпты. Екеуі алғашында 1980 жылдардың орта шенінде кездеспек болған. Ник Германиядан Қара теңізге келмек болыпты, әкесі де сол курортқа бармақ болыпты. Алайда 1986 жылы Чернобыль АЭС-інде апат болып, шетелдіктер СССР-ға барудан бас тартады. Ник те келмеген.

– Әкемнің күннен күнге семіп бара жатқанын көріп жүрдім де, бірде оған «Егер әкеңді көргің келсе, асыққаның жөн» деп жаздым, – дейді Нина.

1995 жылы тамыздың 8-інде Ник пен оның әйелі Эльке Павлодарға келді. Ал анасы Анна Утас 1994 жылы, Қазақстанға келе алмай қайтыс болады.

ӘКЕ МЕН БАЛАНЫҢ КЕЗДЕСУІ

– 1995 жылдары елдегі жағдай мүшкіл еді. Бірақ біз қонақтарды күтіп алуға барынша дайындалдық. Көршілерді жұмылдырып, өзіміз тұратын үйдің бірінші қабатынан үшінші қабатына дейін әктеп алдық. Оларды әпкем Валентина екеуміз түнде, әуежайдан күтіп алдық. Үйге келген кезде әкем сыртқа шығып күтіп тұр
Николай Климович туыс-туғандарымен бірге. Павлодар, 1995 жыл. (Отбасылық мұрағат суреті)
Николай Климович туыс-туғандарымен бірге. Павлодар, 1995 жыл. (Отбасылық мұрағат суреті)
екен, әкелі-балалы екеуі ұзақ құшақтасып тұрды. Бір-біріне сөз айта алмастан, үндемей ұзақ тұрды. Бірақ екеуінің жан-дүниесінде не болып жатқанын біз жақсы түсіндік. Ник әкесінен аумай қалған: қимыл-қозғалыстары да, көз қарастары да бірдей. Екеуін бірге көрген көрші-қолаң, ағайын-туыстар көз жастарын ірке алмады. Бәлкім қуаныштан, бәлкім қайғыдан болары. Қарғыс атқыр соғыстың әке мен баланы жер шарының екі түкпіріне айырып жібергенін ойладық. Соғыс болмағанда екеуі бір тілде сөйлесіп, ұлы әкесінің көз алдында ер жетер еді, әкесі оның есейгенін көрер еді. Алайда соғыс екеуін 54 жылға айырды. Ник өзінің әкесінің Климович деген тегінде болмай, өмір бойы шешесінің фамилиясында болды. Менің анамның (Матильда Тиннис) неміс тілін білетіні жақсы болды, біз таң атқанша әңгімелестік.

Ник пен оның әйелі Эльке Павлодарда екі аптаға жуық аялдапты.

– Әрине, екі түрлі әлемде өмір сүргеніміз алғашқыда анық байқалды. СССР күйреген бетте Қазақстанға тап болған шетелдік адамды өзіңіз елестетіп көріңізші. Алғашында олар «Түнде көше бойы неге қараңғы, неге жарық жоқ? Неліктен көлік жолы асфальтталған да, жаяу жүргіншілер жүретін тротуарға тас төселмеген? Қала билігі адамадардың сенімінен айырылып қаламыз деп қорықпай ма?» деп үнемі сұрай беретін, – дейді Нина Алтыпармак.

Базарлар мен дүкендерде Қытайдың сапасыз заттары қаптап кеткен кез. Ник оларды «имитация» деп атапты (Ник ол кезде Colgate-Palmolive косметикалық компаниясының тауарларын жеткізу жөніндегі Германиядағы менеджері болып істеп жүрген екен).

– Тағы бірде оларды туыстарымыз тұратын ауылға апардық. Ник пен Элькені 60 шақырым бойы елсіз қу дала, сафари шөліндегідей жол таңдандырды. Бірақ екеуі біздің қонақжай көңілімізге қатты риза болды. Ник Фрунзе көшесіндегі әкесі мен шешесі жалдап тұрған үйді көргісі келіп, барып едік, қожайындары үйде жоқ екен. Алайда қарсы үйдегі көршілер шығып, «Біресе орысша, біресе немісше сөйлейтін делегация қайдан жүр?» деп сұрай бастады. Келген мақсатымызды білген соң олар бізді аулаға шақырып, дастархан жайып, қолда бар дәмін салып, жік-жапар болып күтті. Мынадай қысылтаяң уақытта есіктен аттаған жанға дәмін ала жүгіретін ақ пейілімізге Ник разы болды.

Нинаның айтуынша, Ник туыстарым деп іздеп келген жандарды іш тартып, жоқ-жітікке, ұсақ-түйекке бәлендей көңіл бөлмепті. Бәтеңкесін шешіп тастап, жалаңаяқ жүріп, бақшадан сәбіз жұлып жеп дегендей жақын араласып кеткен. Николай мен Ник көп уақытын бірге өткізген. Өмір бойы бір шаңырақтың астында өмір сүрген жандардай сырласты.

Қоштасар сәт бәрімізге қиын тиді. Әкеміздің кәрі адам екенін, әкелі-балалы екі жанның мынау алғашқы да соңғы кездесуі екенін жүрегіміз қан жылай тұрып сездік деген Нина Алтыпармак:
Ник анасы Анна Утас әкесінің қырынатын заттарын ақтық демі үзілгенше сақтағанын айтты.

– Бір күні Ник маған анасы Анна Утас әкесінің қырынатын заттарын ақтық демі үзілгенше сақтап өткенін айтты. Ол оны өмір бойы сүйіп өтті, – дейді.

Николай Климович осы кездесуден кейін араға бес ай салып, 1996 жылдың 7 қаңтарында православиялық Рождество күні дүниеден озды.

– Менің ағам Ник Утас пен әйелі Эльке бұрынғысынша Штутгарт қаласында тұрады. Енді, міне мен өз немерелеріме біздің әулеттің шежіресін айтып отырмын, – дейді Нина Алтыпармак.
XS
SM
MD
LG