Accessibility links

Сөзі үзілген құқық қорғаушы не демек болды?


Евгений Цай, құқық қорғаушы. Астана, 30 шілде 2015
Евгений Цай, құқық қорғаушы. Астана, 30 шілде 2015

«Қамқорлық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Евгений Цай Азаттыққа Орталық коммуникациялар қызметінде айтып үлгермеген мәселесі жайлы баяндады. Оның брифингі тікелей эфирде үзілген еді.

Құқық қорғаушы Евгений Цай тікелей эфирде «Қазақстанда бәрін пара беру арқылы шешеді, елде әділет тек жоғарыға есеп беретін шенеуніктерге ғана көрінетін тұрақсыз пішінге ие болды» деген кезде Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан (ОКҚ) брифинг үзіліп қалды.

«Рақымсыздық пен адамгершілікке тән емес енжарлық біздің мемлекетте қалыпты құбылысқа айналды. Егер қоғам оларды ашық сөкпесе, ал мемлекет өкілдері ұятсыз әрекеттерін бүркемелесе, қоғамда немқұрайдылық, принципсіздік, қорқақтық, сараңдық көбейсе, мемлекетте қазына мүлкіне қол сұғу, жемқорлық, бюрократия, жағымпаздық және көзбояушылық билік етсе, әдепсіз және адамгершілігі төмен болса да, ауқатты әрі ықпалды адамдар құрметке ие болса, олар бастықтарының алдында бас шұлғып, әлсіздерді жәбірлесе, балаларымызға қандай таңдау қалдырамыз? Үлгі алуға тұрарлық адамдар көп пе?» деді Евгений Цай шілденің 29-ы күні ОҚК-де.

Азаттық тілшісі Евгений Цаймен кездесіп, оның бюрократия, парақорлық, билік өкілдерінің адамгершілікке қайшы әрекеттері жайлы сөйлеуіне себеп болған мәселелер жайлы сұрақтар қойды.

Евгений Цай: - Мені телефон арқылы шақырған кезде тек шындықты айтатынымды ескерттім, мен әркез басқалардың пікірімен санаспай, аузыма сөз салмақ болған адамдарды немесе мекемелерді тыңдамай, өзім қажет деп тапқан тақырып туралы айтамын. Сондықтан мен оларға ескерттім. Тіпті олардан: «Қоғам өкілі айтатын барлық шындық пен пікірді естуге даярсыздар ма?» деп сұрадым. Олар бәріне келісті, одан бөлек, бағдарламаға келген соң өзім пікір айтатын негізгі мәселелер жайлы айттым. Олар бұған дайын болса керек деп ойлаймын. Мен ештеңе күтпеймін, тек біздің қоғамға пайдалы деп тапқан іс-әрекетті жасаймын.

Азаттық: - Брифинг үзілген соң не болды?

Евгений Цай: - Брифингті үзді, бұдан соң сауалдар қойды, мен бір сұраққа жауап бердім. Баспасөз мәслихатын аяқтады. Содан соң дәлізде журналистердің алдында шағын сөз сөйледім. Олар сұрақ қойғанда, өкінішке қарай, бағдарлама басшылығы менен бірнеше минутқа бөлек шығуды сұрады. Бұл бір оғаш өтініш болды. "Журналистер сұрақ қойып жатқанда менің кетіп қалғаным оларға құрмет танытпау ғой" "деп ойладым. Сосын барынша сыпайы болуға тырысып, сәл уақыт журналистермен сөйлесіп, шығып кеттім. Одан шыққан соң бірден төменге түстік, мен үйіме қайттым. Шағын әңгіме болды, сосын үйге кеттім.

Балалар құқығын бұзуға қатысты жиі кездесетін құқық бұзушылықтар туралы айтып, нақты мысалдар келтіруім керек еді.

Азаттық: - Евгений, ОКҚ алдында не жайында айтып үлгермедіңіз?

Евгений Цай: - Негізінде мен үш негізгі мәселені қамтуға тиіс едім. Бірінші мәселе – балалар құқығын бұзуға қатысты жиі кездесетін құқық бұзушылықтар туралы айтып, нақты мысалдар келтіруім керек еді. Оны орындадым. Екінші мәселе – құқық бұзушылықтың қайдан шығатынын, балалардың неліктен қылмысқа баратынын, неліктен қоғам, ересектер балаларға қатысты қылмыс жасайтынын, неліктен өзіне қол жұмсаудың болып жатқанын айтуым керек еді. Осы тұсқа енді кірісе бергенімде сөзімді үзіп тастады.

Қазіргі таңда расымен немқұрайдылық бар, әділет жоқ. Әділдік деген қазір бар ма? Жоқ. Ештеңені ойдан шығарған жоқпын. Әділет жоқ, мемлекетте адамгершілік деңгейі өте төмен.

Мен нақты өмірден алынған мысалдар келтірдім. Маған жүкті әйел қоныс аударған кезде сот атқарушыларының өзін ұрып-соққанын айтып шағымданды. Тіпті куәгер оны қарнынан ұрып, итергенін, жедел жәрдем көлігін екі мәрте шақырғанын, ол жерде прокуратура өкілі мен ондаған сот орындаушының болғанын айтты. Олардың ешқайсы адамгершілік танытып, әріптестерінен «не істеп жатырсыңдар?» деп сұрамаған. Аяғында ол әйел мен тағы бір әйелді кішкентай балаларымен күзде сырт киімсіз далаға шығарып жіберген. Жылы киімнің бәрін тартып алып, тәркілеген. Мен өзім тізімді қарап шықтым, олар балалардың сырт киімдерін тізімдеуге құқылы емес еді, оның үстіне күзді күні ғой. Бұл адамгершіліктен жұрдай болғанның белгісі.

Бізде сыбайлас жемқорлық сондай биік деңгейге жеткен – бәрін жасырып-жауып тастайды. Сондықтан алдымен жемқорлықпен күресу керек. Бұл үшін қоғамды тыңдау керек.

Ал БАҚ хабарлап жатқан, теледидардан көрген ақпарат ше? Салық инспекциясының жұмысшысы сырқат балаларға көмек көрсету үшін орнатылған урнаны ұрлап алған. Мүгедек баланы ұрып-соққанда Астана қалалық ІІБ оны жасырып қойды. Ондаған жылдан бері (мүмкін жүзден біреу шығар) балаларға қатысты қылмыстың жария болғаны өте сирек. Бұл не сонда? Бұл билік өкілдері, лауазымды тұлғалар тарабынан жасалған арсыздық. Адамдар келіп көмек сұрайды, ал оларға осындай қарым-қатынас жасалады.

Иә, әрине, қазір бізде сыбайлас жемқорлық сондай биік деңгейге жеткен – бәрін жасырып-жауып тастайды. Сондықтан алдымен жемқорлықпен күресу керек. Бұл үшін қоғамды тыңдау керек. Бұл үшін біз қоғамдық бақылауды ұсынамыз. Өздеріңнің қолдарыңнан келмесе – адамдарға өтініш білдіріңіз. Қоғамда сондай адал адамдар бар ғой. Әлде біздің мемлекетте комиссия құрамына ақысыз кіріп, бәрін қарап, анықтайтын адал адамдар қалмаған ба? Сол адамдарға өкілеттік беру керек, олар кез келген заңсыз істі қарасын. Осыдан соң шенеуніктің қандай да бір ақшаны, параны алуға мүмкіндігі болмайды, ал біз соған ұмтылып отырмыз ғой? Әлде керісінше, оған ұмтылмаймыз ба? Мемлекеттің не ойлағаны белгісіз, әйтеуір, жемқорлықпен күрескен түр жасайды. Қазір сол жайында ойлану керек.

Азаттық тілшісі үзілген брифинг туралы пікір білдіруді Қазақстан президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінен сұрады. Ұйым қызметкері Алуа Құсайынова «өтінішті басшылыққа жеткізем, кешірек хабарласыңыз» деді. Бірақ ОКҚ-не бірнеше мәрте қоңырау шалғаннан еш нәтиже болмады, қызметкер орнында болмады, басқалары "бұл мәселеден хабарсызбыз" десті.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG