Accessibility links

Туыстары мен таныстары Жампозовтың айыбы болғанына сенбейді


Өмірбек Жампозов. Сурет отбасылық архивтен алынған.
Өмірбек Жампозов. Сурет отбасылық архивтен алынған.

Тергеуге іліккен соң прокуратура мен полиция қызметкерін жаралап, кейін өзі қаза тапқан Өмірбек Жампозовтың бұрынғы әріптестері марқұмды «талапшыл да сыпайы басшы болған» деп сипаттайды.

Биыл шілденің 20-сында «құқық қорау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасап, соңыра өзін-өзі атып өлтірді» деп хабарланған Өмірбек Жампозовтың артында үш ұлы мен жұбайы қалды. Ұлдары Шыңғыс (35 жаста) пен Асылжан (33-те) және Іңкәр (29-да) – бәрі үйлі-баранды. Марқұм олардан жеті немере көрген. Шыңғыс Жамбыл облысында, інілері Астанада тұрады. Жампозовтың зайыбы Ботагөз кенже баласы Іңкәрдің қолында.

«ЖЕМҚОР БОЛСА, МАҒАН ОБЪЕМ АЛЫП БЕРЕР ЕДІ»

Өмірбек Жампозовтың ұлы Асылжанның айтуынша, олар Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген, бірақ жастайынан әкесінің қызметіне байланысты Қазақстанның бірнеше аймағына көшіп-қонып жүріп ер жеткен. Марқұм балалары дүниеге келген Шет ауданында және Приозерск кентінде әкімнің орынбасары, Жамбыл облысы Меркі ауданында әкімнің орынбасары және Талас ауданы Қаратау қаласында әкімі болған. Өмірбек Жампозов басқа да аймақтарда басшылық қызметтерде істеген.

– Әкем мемлекетшіл болатын. Қызметі қажет болған жаққа қала, ауыл, аудан демей бізді құшақтап кете беретін. Бізге қатал әке болды. Алдамауға, ұрламауға, жауапкершілікке тәрбиеледі, – дейді ол.

Өмірбек Жампозов.
Өмірбек Жампозов.

Құрылыс саласында жұмыс істейтін Асылжан әкесінің жемқор болмағанын дәлелдеу үшін бір мысал айтты.

– Бірде Астанаға ауысқан соң «үлкен қызмет істеп жатырсыздар ғой, сіздерден бір үлкен объем (құрылысқа тапсырыс – ред.) алайыншы» деп әкеме барғанмын. Сол кезде маған айқайлап ұрсып берген. «Шамаң келгенше өзің тауып істеуің керек. Менен алған дұрыс емес. Ел не дейді? Өзінің баласына алып беріп жатыр екен деп айтады. Ондай сұраумен маған жолама» деді. Жемқор адам болса, қолында тұрғанды баласына алып бере салар еді ғой, – дейді Асылжан.

«ТАЛАПШЫЛ ӘРІ СЫПАЙЫ БАСШЫ ЕДІ»

Марқұмның бұрынғы әріптесі, Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімдігінің бас есепшісі Дуния Ахмедова Өмірбек Жампозовты «сыпайы әрі отбасын қатты сүйген адам еді» деп еске алады.

– Ол кісімен 2000 жылдардың басында қызметтес болдық. Өте жақсы адам болатын. Сыпайы, жағымды, жылы жүзді адам еді. Қызметіне сай керек жерінде қатал да бола алатын. Тоқсаныншы жылдардан соң еңсе көтеріліп, жол, мектеп секілді мемлекеттік мекемелерге жөндеу жұмыстары жүргізіле бастаған науқан кезінде келді, соған атсалысты, – дейді Дуния Ахмедова.

Сот материалдарында Өмірбек Жампозов тұрған деп көрсетілген үй. Ақмола облысы Қосшы елді мекені, 21 шілде 2017 жыл.
Сот материалдарында Өмірбек Жампозов тұрған деп көрсетілген үй. Ақмола облысы Қосшы елді мекені, 21 шілде 2017 жыл.

Меркі ауданы әкімдігі спорт басқармасының басшысы Айваз Османов Өмірбек Жампозовты талапшыл басшы ретінде сипаттайды.

– Мен қызметке келгенде ол кісі осында әкімнің спорт, білім және мәдениет мәселелері бойынша орынбасары еді. Мен секілді жас маманға көмектесуден, жұмысты түсіндіруден тартынбайтын. Сауатты, білімді маман еді, – дейді Айваз Османов.

«АДАЛДЫҒЫН ДӘЛЕЛДЕП БАРМАҒАН ЖЕРІ ЖОҚ»

Өмірбек Жампозов 2015 жылы жемқорлықпен күрес агенттігінің назарына ілігіп, сот қудалауына ұшырарға дейін Астанадағы «ҚазСуШар» мемлекеттік кәсіпорынның директоры болған. Кейін осы мекеменің 8 мыңға тарта мүшесі бар кәсіподағының жетекшілігіне ауысқан. Соңғы екі жылда кәсіподақ жетекшісі орынбасары болып жанында жүрген әріптесі Сенбек Шынтаев оған тағылған айыптарға сенбейді.

– Бір жарым жылдан бері күнде тексеру. Адалдығын дәлелдеп бармаған жері жоқ. Қаржы полициясының пікірімен ешқашан келіспеймін. Табиғатынан адал, пәк адам еді. Менің ойымша, өзінің адал екенін дәлелдей алмағандықтан, көпшіліктің назарын қарату үшін бұл әрекетке барған, – дейді Сенбек Шынтаев.

«ҚазСуШар» кәсіпорын кәсіподағы төрағасының орынбасары Сенбек Шынтаев әріптесі Өмірбек Жампозов туралы айтып отыр. Астана, 27 шілде 2017 жыл.
«ҚазСуШар» кәсіпорын кәсіподағы төрағасының орынбасары Сенбек Шынтаев әріптесі Өмірбек Жампозов туралы айтып отыр. Астана, 27 шілде 2017 жыл.

61 жастағы Өмірбек Жампозов 20 шілдеде Астанаға жақын Ақмол ауылында прокуратура мен Целиноград аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерін жарақаттаған, "одан кейін өзін-өзі атып өлтірді" деп хабарланған. Ол бұл оқиғадан бір күн бұрын әлеуметтік желілер арқылы өзінің кінәсіздігін айтып мәлімдеме жасаған.

Өмірбек Жампозов – Преображенское су торабының жөндеу жұмыстарына бөлінген 640 миллион теңгені жымқырды деген айып бойынша айыпталған алты адамның бірі.

Шілденің 24-і күні Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының шешімімен Преображенское су торабының жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыны жымқыру айыбы бойынша іс қайта тергеуге жіберілді. Бұрын осы іспен айналысқан прокурорлар жаңа тергеуге қатыспайды.

Қазақстан бас прокуратурасы баспасөз қызметі Өмірбек Жампозовтың қазасына байланысты «өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG