Accessibility links

Жаңаөзен ісіндегі азаптау шағымдары елеусіз қалды


Жаңаөзен ісі бойынша айыпталған азаматтарға үкім шыққан сәт. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.
Жаңаөзен ісі бойынша айыпталған азаматтарға үкім шыққан сәт. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.

Жаңаөзен ісі бойынша өткен сот процесінде бірнеше адам «тергеу изоляторындағы азаптау» туралы айтқанымен прокурорлар «дәлел таба алмай» қылмыстық іс қозғалмаған. Халықаралық «Ашық диалог» қоры 2011 жылғы қанды қырғынға байланысты «Магнитский тізімі» тәрізді «Жаңөзен тізімінің» де жасалып жатқанын айтты.

Варшавадағы «Ашық диалог» қорының жетекшісі Людмила Козловская – Жаңаөзендегі қанды оқиғаға байланысты Ресейдегі «Магнитский тізімі» тәрізді құжат жасауға қатысып жатқан құқық қорғаушылардың бірі. Оның сөзінше, Маңғыстау облысындағы, Жаңаөзендегі наразылық қозғалысын күшпен басуға үлес қосқан шенеуніктер, прокурорлар, соттар, басқа да құқық қорғау органдары ереуілшілерді «бірнеше жылға созылған репрессияға ұшыратқаны үшін» түптің түбінде жауапқа тартылулары тиіс.

Сот залында айыпталушы ретінде отырған Владимир Козлов. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.
Сот залында айыпталушы ретінде отырған Владимир Козлов. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

- «Магнитский тізімі» де бір күнде жасалған жоқ. Бұл - саяси шешім әрі ол Қазақстандағы сияқты бүгін қабылданып, ертең іске асырылатын іс емес. Жаңаөзендегі азаптау мәселесі Қазақстанда көтерілмейді. Өйткені оған Қазақстан билігіндегі ең жоғары тұлғалардың қатысы бар, - деді Людмила Козловская.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы желтоқсанның 5-і күні сөйлескен Козловская «Жаңаөзен ісіне» қатысты сотталып, түрме жазасын өтеп отырған ең соңғы тұтқын, тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловты да атап өтіп, оны босату үшін әрекеттер жасалып жатқанын мәлімдеді. Ол келесі жылы БҰҰ арнайы баяндамашысының адам құқықтарына байланысты жасалған ескертулері қалай орындалатынын тағы бақылауға Қазақстанға баратынын да айтты. Биылғы қаңтарда Жаңаөзенде болып қайтқан БҰҰ өкілі Майна Киаи «халықтың сенімін қайтару үшін Жаңаөзен оқиғасына халықаралық тәуелсіз тексеру жүргізу керек» деп мәлімдеген болатын.

«ДӘЛЕЛІ ТАБЫЛМАҒАН» АЗАПТАУ

«Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер фактісі» деген атпен 2012 жылғы наурыздың 27-сінде басталып, екі айға созылған сот тергеуі кезінде сотталушы мұнайшылар бірқатар полиция қызметкерлері мен ҰҚК қызметкерлері тарапынан болған азаптау туралы шағымданып, өздерін ұрып-соғып, айыпты күшпен мойындатқандарын айтқан еді. Алайда сот процесі кезінде судья олардың сөздерін тоқтатып, мұндай шағымдар «басқа істің фабуласы» деп мәлімдеген.

Азаптау туралы шағымданғандардың бірі жеті жылға сотталып, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан Мақсат Досмағамбетов Жаңаөзендегі уақытша қамау изоляторында өзін құқыққорғау органдарының өкілдері ұрып-соғып, тәлкек еткенін, соның кесірінен онкологиялық ауруға душар болғанын айтқан еді. Ол қазір әріптес мұнайшылары мен «Өзенмұнайгаз» компаниясының аракідік қолдауымен Оңтүстік Кореяға барып емделіп жүр.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ тиіп қаша алмай қалған азаматты полиция сабап жатыр. Интернетке жарияланған видеодан скриншот. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ тиіп қаша алмай қалған азаматты полиция сабап жатыр. Интернетке жарияланған видеодан скриншот. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Мақсат Досмағамбетов 2012 жылғы мамырдың 2-сінде куәгерлерден жауап алған сот отырысында өзін азаптап жатқанын көзімен көрген полицей ретінде Е.Ө. деген (толық аты-жөндері анық айып тағылып, іс қозғалмаған себепті әзірше жазылмады - ред.) Маңғыстау облыстық ІІЖД тергеушісін танып қалып: «Сен мені қалай ұрып, құлағымды степлермен тесіп жатқанын көрдің ғой» деп дауыстаған еді. Оның айтқанын төрт жылға сотталған Таңатар Қалиев те қоштаған болатын.

Дәл осындай шағымды үш жылға сотталып, рақымшылыққа ілінген, жұмыссыз жаңаөзендік Есенгелді Әбдрахманов та айтып, «Жаңаөзен түрмесінде туберкулез жұқтырғанын» мәлімдеген еді. Сол жылғы сәуірдің 10-ындағы сот отырысында ол: «Менің денім сау адаммын, туберкулезбен 16 желтоқсанда мені қамап, тыр жалаңаш шешіндіріп, үстіме суық су құйып, ұрып соққанан ауырдым» деген болатын.

Бес жылға сотталған Шабдол Өткелов сот алдында сәуірдің 11-і күні берген жауабында: «Бұл бір адам сенгісіз қорқынышты жағдай болды. Азаптауға қатысқандардың бірі Р.Қ. есімді полицей менен «жарылғыш зат дайындадым деп айт» деп басымызға целлофан пакет кигізіп, оны аузыма сұғып, астаналық тергеушінің толтырған қағазына қол қойдыртты» деп мәлімдеген.

Қатерлі ісік дертімен басына операция жасатқан Мақсат Досмағамбетовтің ауруханада жатқан сәті. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл.
Қатерлі ісік дертімен басына операция жасатқан Мақсат Досмағамбетовтің ауруханада жатқан сәті. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл.

Жеті жылға сотталған Роза Төлетаева тергеушілердің өзін «шашынан көтеріп асып, тұншықтырғанын» айтып, азаптауды бөлек тергеуді талап еткен еді. Өзі екі жылға шартты түрде жаза алып, әкесі оқ тиіп қаза болған, ал қарындасы аяғына оқ тиіп, мүгедекке айналған Парахат Дүйсенбаев Қ. есімді полковниктің өзін жәбірлегенін айтқан. Үш жылға бас бостандығынан айырылған Қайрат Әділов Б.М. есімді тергеушінің өзін «ұрып-соғып, басына пистолет тақап, мойнына алмаса, атып тастайтынын айтқанын», Жанат Мұрынбаев Қ.Ә. есімді прокуратура тергеушісінің өзін «ұрып-соғып Шабдал Өткеловке қарсы куәлік етуді талап еткенін» айтты.

«Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаптағаны» жайлы Ерғазы Жаңбыр, Серік Ақжігітов, Ислам Шамилов, Бауыржан Телегенов, Жарас Бесмағамбетов, Самат Қойшыбаев, Ертай Ермұханов, Сисен Әспентаев, Жеңіс Бопылов, Расул Мұханбетов те сот тергеуінде шағымданған болатын.

Жаңаөзен ісі бойынша куәгер болған Александр Боженконы еске алу шарасында қойылған марқұмның суреті. Қарағанды, 17 қазан 2012 жыл.
Жаңаөзен ісі бойынша куәгер болған Александр Боженконы еске алу шарасында қойылған марқұмның суреті. Қарағанды, 17 қазан 2012 жыл.

Сот процесін бақылаған «Ашық диалог» халықаралық қоғамдық қорының мәліметінше мұнайшылардың сөзін қуаттап, Жаңаөзендегі уақытша қамау изоляторындағы азаптауды бастан кештік деп Ерлан Жайылханов, кейін жұмбақ жағдайда қаза болған Александр Боженко, Ерлан Нұржанов, Берден Қожамбердиев, Бердібек Батыров, атыраулық Досқали есімді азамат сәуірдің 23-26 күндері сот процесінде шағымдана жауап берген.

Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерге қатысты істі жүргізген судья Аралбай Нағашыбаев азаптау туралы шағымдардың Маңғыстау облыстық прокуратурасына берілетінін хабарлаған еді. 2012 жылғы мамырдың 3-і күні прокурорлар «құқық қорғау органдарының азаптап, ұрып-соққаны туралы шағымдар дәлелденбеді. Оларға қылмыстық іс қозғау талабы кері қайтарылды» деп мәлімдеген.

«Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерге» қатысушылардың сот процесі 2012 жылғы маусымның 4-і күні аяқталды. 37 адамға үкім шығарылды. 13 мұнайшы үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылып, қалғандары рақымшылыққа ілікті, ақталды немесе шартты түрде бас бостандығы шектелді. Биылғы наурызда «жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны» үшін сотталған мұнайшылардың соңғылары шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты.

«ШЕШУСІЗ ҚАЛҒАН МӘСЕЛЕ КӨП»

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның айтуынша азаптауға қатысты арнайы зерттеу жүргізетін орган Қазақстанда жоқ.

- Азаптау аса ауыр қылмыс. Біздің заңымыз азаптауды тергеуде халықаралық талаптарға сай емес, осылайша ауыр қылмыс сол күйі жабулы қалады. Қазір бұл категориялы істер коррупцияға қарсы агенттікке берілген. Шағымдарды тергеп-тексеру өте баяу жүреді. Азаптау бойынша Қазақстанда екі-ақ іс БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жетіп, өтемақыға ие болды (Александр Герасимов пен Расим Байрамов ред.), - дейді ол.

Автоматты қарумен көшеде тұрған арнайы жасақ сарбазы. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы, 19 желтоқсан 2011 жыл.
Автоматты қарумен көшеде тұрған арнайы жасақ сарбазы. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен ісін тергеу кезінде Мақсат Досмағамбетов пен Роза Төлетаеваның адвокаты болған Гүлнара Жуаспаеваның Азаттықа айтуынша, абақтыда жасалған қысымнан соң сотталушылар оның қызметінен бас тартуға мәжбүр болған.

- Бұның қандай іс екенін білесіз ғой. Арнайы органдар да өз жұмысын жасады. Мақсат пен Розаны жоғарғы сотта менен бас тартуға мәжбүрлемегенде біз бұл істіБҰҰ-ның азаптау жөніндегі комитетіне дейін жеткізетін едік. Өйткені оған халықаралық дәрежеде назар аударылып отырған, - деді адвокат Азаттыққа.

Оның сөзінше, Досмағамбетовте азапталғаны туралы «сараптама жасалған дәлелі» болған. Сот сараптамасы оның ұрып-соғудан қабырғасы сынғанын көрсеткен. Ал Төлетаеваның шағымына қатысты сараптама дер кезінде жасалмаған. Гүлнар Жуаспаева азаптауға қатысты істің мерзімі жоқ екенін айтып, бұл істі қайта көтеруге болады деп санайды.

- Бірақ оған жәбірленушілер келіспейді. Менің бұрынғы қорғауымда болған Роза да, Мақсат та БҰҰ -ның азаптауға қарсы комитетіне шағымдануына болады. Бірақ олар мемлекеттің бақылауында тұрған адамдар, - дейді адвокат.

Людмила Козловская. Германия, 23 тамыз 2012 жыл.
Людмила Козловская. Германия, 23 тамыз 2012 жыл.

Людмила Козловская сотталған жаңаөзендіктердің адвокаттан бас тартуын түсінуге болатынын айтады. Олар өздерін азаптап, туыстарын қысымға алған соң тек аман қалуды ойлауға мәжбүр болды деп санайды. Оның сөзінше, Қазақстандағы БАҚ-қа жасалып жатқан цензура мен азаматтық қоғам белсенділерін соттау тәрізді репрессияны көзбен көре отырып азаптауға ұшыраған Жаңаөзен ісі бойынша сотталушылардан қайта шағымдануды күту дұрыс емес.

- Азаптауға ұшыраған адамдардан, соның ішінде Роза мен Мақсаттан ары қарай шындық үшін күрес күтудің өзі күлкілі. Олар (кезінде «Жаңаөзен ісіне» ілінгендер – ред.) өз жазаларын тартты, енді құрмет пен демалуға лайық. Өйткені олар сол кезде өмірі мен денсаулығын құрбан етіп, өзінің құқығы мен бейбіт шеру үшін наразылық білдіріп шықты, - дейді Козловская.

Жаңөзен ісі кезіндегі сотта 74 жәбірленушінің құқықтарын қорғаған адвокат Абзал Құспановтың сөзінше, бұл істе шешусіз қалған мәселе көп. Оның ойынша, соның бірі – полицейлерден материалдық - моральдық залалды өндіріп алу әлі күнге дейін ашық тұрған мәселе. Абзал Құспанов сот процесінде азаптау туралы бір адам емес бірнеше адамның мәлімдегенін, өлгендер мен дене жарақатын алғандардың анықталғанын, яғни іс қозғауға дәлел жеткілікті болғанын айтады.

Қытай суретшісі Ай Вейвей салған Роза Төлетаеваның суретінен алынған скриншот.
Қытай суретшісі Ай Вейвей салған Роза Төлетаеваның суретінен алынған скриншот.

- Материалдық-моральдық залалды өндіруде шектелген мерзім жоқ. Бірнеше ғана полицей сотталғанымен кез келген қызметкердің әрекеті үшін мекеме, яғни ІІД мен ІІМ жауапты. Полиция – мемлекеттің, биліктің атрибуты. Егер [болашақта азаптау туралы] іс қозғалса, мемлекетке [жауапкершілікті] мойнына алуға тура келеді. Бірақ біздің мемлекет те басқа авторитарлық мемлекет сияқты ешқашан өз халқынан, жәбірленушілерден кешірім сұрамайды, - деді Абзал Құспанов.

Маңғыстау облысындағы «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компаниялары мұнайшыларының айлықты көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, 2011 жылы мамырда бастаған ереуілі «Жаңаөзен оқиғасына» ұласқан. 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде бүлік шығып, бұл оқиғадан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Жаңаөзендегі оқиғаның ертеңінде Шетпе теміржол станциясында жаңаөзендіктерді жақтаған тұрғындар мен полицейлер арасында қақтығыс болып, тағы бір адам оққа ұшқан.

XS
SM
MD
LG