Жаңаөзен қаласында бірнеше айдан бері ереуілдеп жатқан мұнайшының бірі, жеті баланың әкесі Бақтыбай Жылқыбаев жаңа оқу жылы қарсаңында балаларын оқуға жібере алмай отырғанын айтады.
- Екеуін - институтқа, біреуін мектепке жібере алмай отырмын. Бір қызым келісім-шартпен оқушы еді. Биыл сол келісім-шартты да төлей алмай отырмыз. Бір қызым - Ақтөбедегі Жұбанов институтында, біреуі Алматыда оқиды, - дейді Бақтыбай Жылқыбаев тамыздың 31-і күні Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, бұндай жағдайды оқу басталар уақытта барлық мұнайшының басынан өткеріп отыр.
БАЛАЛАР ДА ЕРЕУІЛГЕ "ҚОСЫЛАДЫ"
Алты жасқа толған ұлын мектепке беруден бас тартып отырған «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмысшысы, төрт баланың әкесі Жолдасбай Азаматов ертеңнен бастап мұнайшылар ереуіліне балалары да «қосылатынын» айтады.
- Ертең осы отырған жерімізге бәріміз балаларымызды алып келіп отырамыз. Басқа ешқандай амал қалмады. Оларға дәптер, қаламсап алып беретін қаражат жоқ. Тіпті нан алатын ақшаға зәру болып отырмыз. Оларды қалай жібереміз?, - дейді Жолдасбай Азаматов.
Осы уақытқа дейін мұнайшылардың отбасын қолдау жөнінде комитет құрылып, арнайы есепшот та ашылған болатын. Сәрсенбі күні мұнайшылар «Қазақстан Халық Банкінде» ашылған бұл есепшотты қаржы полициясының жауып тастағаны жөнінде хабарлады.
Олардың айтуынша, осы уақытқа дейін есепшотқа жиналған 420 мың теңгені (шамамен 2 800 АҚШ доллары) комитет өкілдері сейсенбі күні Қаражанбас пен Жаңаөзендегі отбасыларға бөліп берген.
Есепшоттың жабылуына қатысты сәрсенбі күні Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбайға хабарласқан кезде ол «мәселені анықтау үшін» сәл кешірек хабарласуды өтінді. Алайда мұнан кейін телефон тұтқасын ешкім көтерген жоқ.
ӨТПЕЙ ҚАЛҒАН КОНЦЕРТ
Ал концертінен түскен бар қаржыны мұнайшылардың есепшотына құятынын мәлімдеген «әлеуметшіл рэпер-экстремал» Тәкежан Өтеғалиевтің өткен жұма күніне белгіленген концерті өтпей қалды.
Оның айтуынша, концертке бірнеше сағат қалған кезде "Жұлдыз" ресторанындағы бар әкімшілігі оны қоймау туралы шешім шығарған. Бұл кезде тіпті алғашқы көрермендер де келіп қойыпты.
- Концерт қоярдың алдында бар әкімшілігімен күрделі келіссөздер болды. Осыдан соң концерт болмайтын болды. Бір күн бұрын концерттен түскен ақшаны Батыс Қазақстандағы мұнайшылардың қорына жіберетінімді мәлімдеген едім. Менің ойымша, концерттің өтпей қалуына осы әсер еткен. Меніңше, ең әуелі концерт өткізіп, содан кейін қаражатты бөлуім керек еді, - дейді Тәкежан.
Ол сонымен бірге «денсаулығына байланысты концерттің өтпейтіні» жөнінде бар басшылығымен келіскен ресми түсініктемеге ойланбастан келісе салғанына да өкінеді.
Тамыздың 25-і күні жергілікті «Время» газетінде Маңғыстаудағы мұнайшыларды қолдаған британ әншісі Стингті үлгіге ала отырып репэр-әнші Тәкежан Өтеғалиев Алматыда концерт өткізетінін мәлімдеген еді.
Батыстағы мұнайшылардың қиын жағдайда қалғанын айтқан әнші Азаттық тілшісімен сұхбатта концерт арқылы қоғам назарын елдегі ең кедей аймақ тұрғындарының мәселесіне аудартқысы келгенін айтқан болатын.
- Ондағы ереуілді басу үшін билік қуғындап, қамауға алу т.б қатаң шаралардың жүргізіп жатқанын интернет арқылы білдім. Егер бұлардың барлығы ашық айтылып, мәселенің бар екені көрсетілген кезде «Хабарға» да сенуге болатын еді. Бірақ іс жүзінде басқаша болып жатыр. Үнсіздік. Егер ресми БАҚ-ты қарасақ, олар туралы мүлде жақ ашпайды. Бұл күдік тудырады, - дейді Тәкежан Өтеғалиев.
Бұл турасында Алматыдағы концерт өтуі тиіс «Жұлдыз» ресторанының директоры Сәуле Сүлейменоваға хабарласқан кезде Азаттық тілшісіне былай деп жауап берді.
- Тәкежан бізбен хабарласып денсаулығына байланысты концерт бере алмайтынын айтты. Бізде мұндай сәттер жиі болып тұрады, - дейді Сәуле Сүлейменова.
Ал Тәкежан өзінің жиған жеке қаражатынан мұнайшыларға жәрдем беретінін айтып отыр.