Accessibility links

"Бұрынғы" Демократиялық жаңару күні


Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақтың бойжеткенін милиция мен әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.
Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақтың бойжеткенін милиция мен әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.

17 желтоқсан – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы басталған күн. Демократиялық жаңару және Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу күні ретінде ел қалаларында қоғамдық белсенділер шаралар өткізеді.

1986 жылы 16 желтоқсанда сол кездегі Қазақ ССР Компартиясы Орталық комитетінің шұғыл пленумы өтіп, бірінші хатшы Дінмұхаммед Қонаев қызметтен алынып, орнына Ресейдің Ульянов обкомының бірінші хатшысы қызметінде жүрген Геннадий Колбин тағайындалды.

Алматыда қазақ жастары бұған наразылық танытып 17-18 желтоқсан күндері сол кездегі Брежнев [қазіргі Республика алаңы - ред.] алаңына жиналды. Алайда қарулы әскер жиынды күшпен таратып, соңы басып-жаныштауға ұласты. Басып-жаныштау әрекеттері 19 желтоқсанда да жалғасты. Әскер жиынды тарқатуға су шашатын көліктерді, соңынан саперлік күректер және басқа да ұрып-соғатын құралдарды пайдаланған. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін совет билігі көптеген адамды қуғын-сүргінге салды. 99 адам әртүрлі мерзімге сотталды, екі адам ату жазасына кесілді. Наразылық басқа да қалаларда болған.

Бұл шеру Қазақстанның жаңа тарихына "Желтоқсан оқиғасы"деген атаумен енді.

1986 жылғы бұл оқиға СССР жетекшілігіне Михаил Горбачев тағайындалып, Мәскеу «қайта құру» мен «жариялылық» саясатын ұстана бастаған кезеңдегі одақ көлемінде болған алғашқы саяси демонстрациялардың бірі ретінде танылды.

Қазақстан президентінің «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлығының көшірмесі. Жарлық бойынша 17 желтоқсан "Демократиялық жаңару күні" деп жарияланды. Суретті үстінен бассаңыз үлкейеді.
Қазақстан президентінің «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлығының көшірмесі. Жарлық бойынша 17 желтоқсан "Демократиялық жаңару күні" деп жарияланды. Суретті үстінен бассаңыз үлкейеді.

1991 жылы 12 желтоқсанда президент Нұрсұлтан Назарбаев Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтайтын жарлық шығарған. Жарлыққа сай Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың барлығы ақталып, 17 желтоқсан "Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні" деп жарияланды. Алайда соңғы жылдары бұл күн ресми күнтізбеден алынып тасталды.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан кейбір адамдар мен елдегі бірқатар қоғамдық ұйымдар 1986 жылғы оқиғалар кезінде қазақ жастарының бейбіт жиынына қарсы күш қолданып, қуғын-сүргін ұйымдастыруға атсалысқандардың көпшілігі әлі күнге дейін билікте отырғанын айтып келеді.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады.

Желтоқсанның 16-ы мен 17-сі Қазақстанда мемлекеттік мейрам ретінде демалыс күндері болып белгіленген.

Жылда осы күні Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен қоғамдастық өкілдері оқиға болған алаңға жиналып, құрбан болған желтоқсандықтарды еске алады.

Желтоқсан оқиғасы кезінде сол кездегі Қазақ ССР министрлер советін басқарған Нұрсұлтан Назарбаевты Мәскеу 1989 жылы Қазақ ССР бірінші хатшысы етіп тағайындады. Тәуелсіздік алғалы Қазақстанды бір ғана президент, қазір 74 жастан асқан Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келеді.

XS
SM
MD
LG