31 қазанда қазақстандық құқық қорғаушылар Алматыда саяси реформалар жүргізіп, саяси репрессияны тоқтатуға шақырған митинг өткізді. Биліктің рұқсатымен өткен, екі жүзден астам адам жиналған акцияны уақытынан ерте аяқтауға тура келді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған арандатушылардың әрекеті себеп болған.
Митинг өтетін алаңнан екі жүз метр жерде таңнан бастап автозактар тұрды. Оннан астам көлікті көріп, "бүгін наразыларды ұстайды екен" деген ой келді. Қыркүйекте "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай ұйымдастырған митинг кезіндегідей, бұл жолы да полиция Шевченко және Уәлиханов көшелерінің қиылысын жауып тастады. Ұлттық ғылым академиясының алдындағы алаңға ұйымдастырушылар жинала бастады. Әр жерде тұрған жай киімдегі адамдар (күш құрылымдарының өкілдері болса керек) айналада болып жатқан оқиғаларды бақылап тұрды.
Ұйымдастырушылар митинг қатысушыларынан арақашықтық сақтап, осы маңда жұмыс істеп жүрген коммуналдық қызметкерлер бормен салған, арасы 1,5 метр болатын белгілердің үстіне тұруды сұрады. Халық бір жерге шоғырланбай, араларын алшақ ұстағандықтан, ғылым академиясының алдындағы алаң адамға толып кеткендей көрінді. Тілшілердің есебінше, акцияға 200-ден астам адам қатысты. Көбінің қолында саяси тұтқындарды босатуды, саяси реформа жүргізуді талап еткен ұрандар жазылған плакат болды.
Акция ұйымдастырушылары мінбердің орнына жүк көлігінің платформасын пайдаланып, халықтың алдына шықты. Олардың қатарында құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Агелеуов болды. Олар бірінші спикерлер сөйлейтінін, содан кейін қалаған адамның бәрі өз пікірін білдіруге мүмкіндік алатынын айтты. Микрофон спикерлердің қолына өтпей тұрып, ұйымдастырушылар билік тарапынан саяси қудалауға ұшыраған қазақстандықтардың аты-жөнін (бұл тізімді құқық қорғаушылар жасаған) оқып шықты. Тізім оқылып жатқанда жиналғандар арасында "Бостандық!", "Бостандық үшін түрмеге жабуға болмайды!" деп ұрандатты.
Мінберге экономист Айман Тұрсынхан көтерілді. Ол реформа жүргізбесе, Қазақстанды экономикалық коллапс күтіп тұрғанын ескертті.
– Мемлекет өз азаматтарының алдында ішкі және техникалық тұрғыдан дефолтқа ұшырады. Ұлттық қордағы қаржы жаратылып кетті, экономика көлемінің отыз пайызын құрайтын ақша ғана қалды. Зейнетақы қорында ақша жоқ, бүкіл қаржы 2045 жылға дейін мемлекеттік облигацияларға салынған. Менімен құрдас не жасы үлкен адамдар бес жылдан кейін зейнетке шығады. Бізге не тиеді? Ештеңе алмаймыз! Ашық жарияланған есептердің өзінен 70 пайыз мұнайдан түскен табысты есептемегенде, бюджет тапшылығын көріп отырғанымыз байқалады. 2021 жылдың екінші тоқсанында зейнетақы төлейтін ақша болмайды! Сондықтан қазір қажет шараларды қолға алып, жағдайға ықпал етуге тырысу керек. Әйтпесе елді жоғалтып аламыз, – деді Тұрсынхан.
Жиналғандардың алдында митинг үшін Оралдан арнайы ұшып келген "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұкпан Ахмедьяров та сөйледі.
– Қолдарыңызға ұстаған тақтайшаларда қылмыс жасағаны үшін емес, өз пікірін білдіргені үшін ғана түрмеде отырған адамдардың суреттері ілінген. Қазіргі режимнің негізгі қылмысы да – осы. Нұрсұлтан Назарбаев не оның айналасындағылар болсын, қазір билікте отырған адамдар әділ сотқа тартылып, заң алдында жауап беретін күн келер деп үміттенемін, – деді Ахмедьяров.
Мінберден қызу пікірлер айтылып жатқанда акция қатысушыларының көбі сахнаға жақындауға тырысты. Сондықтан ұйымдастырушылар арақашықтық сақтауды ескертіп отырды.
Ашық микрофон жарияланғанда халықтың алдына өзін "белсенді Даная Қалиеваның анасымын" деп таныстырған әйел шықты. Ол митинг алдында "белсенділерді үйінен алып кетіп, аудандық ішкі істер бөліміне апарғанын" айтты.
– Қызымды ұрып-соғып, ернін жыртып жіберген. Аузынан қан ағып тұрды. Полиция департаменті басқармасының басшысы Таймерденовке (Қанат Таймерденов 2020 жылдың қаңтарынан бастап Алматы қалалық полиция басқармасының басшысы қызметін атқарады - Ред.) бір ауыз сөзім бар. Таймерденов мырза, сіз қаладағы полиция қызметіне жауаптысыз. Менің ойымша, Тоқаевтың реформаларына полиция кедергі келтіріп отыр. Сондықтан полиция қатарын тазалау керек. Полицияда тек осы қызметке лайықты, халық құрметтейтін адал азаматтар болуы тиіс, – деді ол.
Митинг аяқталуға жақындағанда мінберге әйелдерше киініп, боянған, басында паригі бар ер адам жақындады. Ол түрмеде отырған трансгендер әйел Виктория Беркходжаеваны қолдауға келгенін айтты. Оған бірнеше адам тап беріп, бетінен ұрып, жерге құлатты. Уақытында үлгеріп жеткен ұйымдастырушылар оны халықтың арасынан шығарып, алыстау жерге әкетуге тырысты.
– Сіз арандатушысыз, өтінемін, бұл жерден ары тұрыңыз. Сізге тап берген адамдардың да осыған қатысы бар сияқты, – деді әлгі ер адамды Уәлиханов көшесіндегі гүлзар жаққа қарай әкетіп бара жатқан ұйымдастырушылар.
Биік өкшелі аяқ киімімен зорға жүріп, митинг өтіп жатқан алаңнан ұзаған ер адамның соңынан акция қатысушылары "Оны ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері жіберген, ол – арандатушы!" деп айқайлады.
Кейінірек оның әлеуметтік желіде ерекше әрекеттерімен танымал астана тұрғыны Юрий Толочко болғаны анықталды. Былтыр ол секс-қуыршаққа "үйленбек" болған (бірақ коронавирус пандемиясына байланысты той өтпей қалғанын айтқан). Ал бірнеше күн бұрын әйелдерше киініп, астана көшелерінің бірінде "Сайлауға қатысқым келеді! Мені партияға алыңдар!" деген жазуы бар плакатпен түскен видеосын жариялаған. Толочко видеода өз әрекетін "10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді, жаңа ереже бойынша партия тізімінің 30 әйелдер мен жастар құрауы керек" деп түсіндірген. Ол саяси партияларды осы ережелерді сақтауға және сонымен тоқталып қалмауға шақырған.
Бірнеше минуттан соң мінберге жақын маңда әйел мен ер адам жаға ұстасып қалды. Журналистер бұған дейін оларды митингіден көрмеген. Ер адам әйелді "әмиянымды ұрлады" деп айыптады. Ал әйел оны ұрмақ болып, арқасына түкіріп, қазір қарғыс жіберетінін айтып, қолымен түсініксіз қимылдар жасады.
– Полиция шақырыңдар, мынаны менен алып кетіңдер, оған коронавирус жұққан! – деді біресе әйелге қарсы жүгіріп, біресе кейін шегінген ер адам.
Ұйымдастырушылар оларды мінберден алыстау жерге алып кетіп, полиция шақыруға тырысты. Бірақ полиция не Юрий Толочкоға жасалған шабуылға, не белгісіз ер мен әйел арасындағы жанжалға араласқан жоқ.
Бұл кезде мінберден пікір айту жалғасып жатты: әр адамға үш минут уақыт берілді. Адамдар жемқорлық, саяси реформалар жүргізу қажеттігі, Қазақстанға өзгерістер керегі жөнінде айтты. Халық арасынан біреу "Шал, кет!" деп айқайлай бастады. Бұл ұранға шамамен жиырмаға жуық адам қосылды. Ұйымдастырушылар оларды басуға тырысып, біраз уақыттан кейін митинг аяқталатынын хабарлады.
– Митингіміздің соңын бүлдірді, – деді жиналған жұртқа қарата сөйлеген Бақытжан Төреғожина.
– Шал, кет! Айқайлаңдар! 15 тәулік отырып шығасыңдар, ештеңе етпейді! Біз емес, олар қорқуы керек, – деді жиналған халықтың артында тұрған ер адам. Адамдар тағы да ұрандата бастады.
Бақытжан Төреғожина митинг ресми түрде аяқталғанын, енді алаңда болып жатқан оқиғалар үшін жауапкершілік жергілікті атқарушы биліктің қолына өтетінін айтты.
– Бәріне митинг ресми түрде аяқталғанын ескертемін. Митинг өтініште көрсетілген уақыт ішінде аяқталды. Сондықтан ендігі жауапкершілік жергілікті билік органдарының мойнында. Біреу арандату жасаса, оған біз жауап бермейміз. Әкімдік арандатудың алдын алуға арналған механизмдерін қолданса болады. Ресми түрде құзыретті қолдарыңызға береміз, митинг аяқталды. Алаңды босатуды сұраймыз, өйткені қазір біз бұл жерді тазалап, сыпырамыз, – деді ол.
Жұрт біртіндеп тарай бастады, бірақ митингінің осылай аяқталғанына көңілі толмаған азаматтар да табылды. Олар пікір білдіруді жалғастыруға үндеп, микрофонсыз сөйлеп, ұрандата бастады. Біраз уақыттан соң әкімдік пен прокуратура қызметкерлері митинг аяқталғандықтан көше қозғалысы қайта жанданатынын айтып, жиналғандардан үйлеріне қайтуды сұрады. Бірнеше минуттан кейін ғылым академиясының баспалдағында күш құрылымдарының он бес шақты қызметкері тұрды. Қалған қатысушылар алаңнан кетті.
– Арандату әрекеттері болғандықтан, митингіні ерте аяқтауға тура келді. Бұл біраз адамның көңілін қалдырды. Оның үстіне, "Көше партиясы" мен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жақтастары көп келді (Қазақстан сотының шешімімен экстремистік деп танылған ұйымдар – Ред.). Бірақ ешкімді бөліп-жармаймыз, бәрін қорғаймыз. Біз – азаматтық ұлтпыз, – деді Ғалым Ағелеуов. – Қарарға келсек. Оны дайындау барысында құқық қорғаушылармен кеңестім. Өйткені бұл қарар құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғамның пікірін білдіреді деп ойлаймын. Ол қазіргі қоғамды алаңдататын сайлау, мәжілісті бірмандатты парламентке айналдыру, жергілікті өзін-өзі басқару өкілдері, әкімдер мен судьяларды сайлау сияқты мәселелерден тұрады. Яғни, қарарда саяси реформаға қатысты барлық негізгі талаптар қамтылған. Бастысы, осы талаптарды дауыстап айттық. Ары қарай не болатыны, биліктің сайлау алдында біз жариялаған талаптардың қайсысын орындайтыны – басқа мәселе,
Жұрт алаңнан кеткен соң ұйымдастырушылар асфальтты сыпырып, қоқыс жинады. Аздан соң ғылым академиясының жанында әдетте митинг өткен орыннан ең соңғы болып кететін полиция қызметкерлері ғана қалды.
ПІКІРЛЕР