Еркебұлан Қайназаров. 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласына қарасты А. Үсенов ауылында дүниеге келген. 1991-2001 жылдары Түркістан қаласында оқыса, орта мектептің соңғы жылын Шымкент қаласындағы жас ақындар мен импровизаторлар мектебінде тәмамдаған. Өзінің айтуынша айтысқа алғаш алтыншы сыныпты оқып жүргенде қатысқан. Республикалық айтысқа 2006 жылдардан бастап қатысып келеді. Еркебұланның алған ең үлкен жүлдесі - өткен жылы Астана қаласындағы тәуелсіздік мерекесіне арналған ақындардың жыр додасында бірінші орынды иеленуі. Қазір Астана қаласында "Қазақ әуендері" акционерлік қоғамында жұмыс жасайды. Үш баланың әкесі.
Иранғайып Күзембаев. 1984 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Балаби ауылында дүниеге келген. Орта мектепті өз ауылында оқыған Иранғайып айтысқа сегізінші сыныптан бастап қатысқанын айтады. Иранғайып Күзембаев өзінің бүгінгі қарсыласы Еркебұлан Қайназаровпен бірге Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің «Дәстүрлі музыка өнері» кафедрасында 2002-2006 жылдар аралығында оқыпты. Республикалық аламан айтысқа әрі құрдасы, әрі курстасы Еркебұланмен бірге келген Иранғайып өзінің өміріндегі ең үлкен жүлдесі 2008 жылы Қарағанды қаласында өткен жыр додасы екенін айтты. Онда ол бас жүлдеге тігілген көлікті ұтып алған болатын.
– Өзімнің көңілім толатын айтыстардың бірі - өткен жылы Астанада Қытайдан келген Жәмиға Дәулетқызымен сөз сайысына түстім, - деді айтыскер. Ол Астана қаласында тұрады.
Чат-Айтыс - айтыс өнерін интернет платформада насихаттау үшін Азаттықтың ұсынып отырған арнайы жобасы. Алдын-ала өткізілген жеребе бойынша жұпталған 16 ақын қайым айтыс жанрына сәйкес онлайн режимде жазбаша екі сағат айтысады. Әр жұп үшін жеке айтыс тақырыбы чат-айтыстан бір сағат бұрын ғана жарияланады. Айтыскердің қарсыласына суырып салып жауап жазуға 5 минут уақыт беріледі. Айтыс біткен соң оқырмандар қалаған шумақтарына үш күн бойы дауыс бере алады. Үш күннен соң ең көп дауыс жинаған айтыскер жеңімпаз деп жарияланып, келесі кезеңге өтеді.
Иранғайып пен Еркебұлан арасындағы чат-айтыстың тақырыбы "Дәл қазіргі ауа-райы" деп белгіленді. Айтыскерлер бұл тақырыпты шешендігі мен бүгінгі көңіл күйлеріне сәйкес қай тарапқа қарай бұрса да - өз еріктері.
Редакциядан: Құрметті оқырмандар, екі айтыскердің өнеріне төрелікті сіздер айтасыздар. Ол үшін Азаттықтың вебсайтына тіркеліп, осы мақаланың астындағы форумда чат арқылы айтысатын Еркебұлан мен Иранғайыпқа дауыс беріңіздер. Әрбір қайым айтыс жыр жолына дауыс беру үшін оң жағындағы + Ұнайды деген белгіні басасыз.