Accessibility links

Бангладеш медреселеріндегі қырғыз шәкірттер


Бангладештің Дакка қаласындағы медреседе оқитын шәкірт. (Көрнекі сурет)
Бангладештің Дакка қаласындағы медреседе оқитын шәкірт. (Көрнекі сурет)

Соңғы кездері Қырғызстаннан Бангладешке кетіп жатқан қырғыз жасөспірімдер көбейген. Сарапшылар олардың радикалды ағымдарға қосылатынын айтады.

Мамыр айында Бангладеш астанасы Дакка қаласында үкіметке қарсы үлкен шеру өтті. Исламшылдар мен полиция арасында болған қақтығыстан 30 адам өліп, 100-ден аса адам түрлі жарақат алды. Үкіметке қарсы шеруге қатысқан 150 мың адамның ішінде Бангладештің түкпір-түкпірінде орналасқан түрлі медреселердің шәкірттері көп болды.

Наразылық шеруіне қатысушылар биліктен ислам қағидаларын қорлағаны үшін тағайындалатын жазаны күшейтіп, үкіметтің әйелдерді қолдауға арналған бағдарламасын тоқтатуды талап етті.

Наразылар түрлі мәселелер бойынша әйел теңдігіне қарсы. Мысалы олар әйелдердің жылжымайтын мүлікті мұраға алу, оған иелік ету құқығын шектеуді талап етеді.

Бұл шеруге Бангладеште оқып жатқан қырғыз азаматтарының да қатысқаны белгілі болды.

БАНГЛАДЕШ – БІЛІМ «БЕСІГІ» МЕ?

Бангладеш – Оңтүстік Азиядағы ең кедей елдердің бірі. Осыдан 50 жылдай бұрын тәуелсіздік алған. Британ империясының Үндістан түбегіндегі үстемдігі күйреген соң, біраз уақыт Пәкістанның құрамында болып, 1970-жылдары тәуелсіз мемлекетке айналды. Бангладештің жер аумағы Қырғызстанға қарағанда шағын болғанымен, халық саны әлдеқайда көп – елде 163 миллион адам тұрады.

Саяси тұрақсыздық, дұрыс зерттелмеген тарих, білім беру саласының артта қалуы бенгал халқының зайырлы демократия жолымен, жергілікті конституцияға сәйкес дамуына кедергі болды.

Қырғызстандықтар және басқа да шетелдік азаматтар діни білім алу үшін неліктен Бангладешке барады? Мұндай жаппай «қажылықтың» себебі не? Азаттық тілшісінің сауалдарына Daily Star (Бангладеш) газетінің редакторы Шамим Ашраф жауап берді:

- Бангладеште әр түрлі медреселер көп. Олардың көбі Qawmi (бенгал тілінен «бейтарап» деп аударылады) деп аталады. Мұнда кез-келген адам медресе аша алады. Үкіметке тәуелді болмас үшін ол діни оқу орнын ашуға қажет ақшаны өзі табады. Медресені өз ақшасына ашқан адам кез-келген пәнді өз қалауынша өткізеді. Оларда ешкімнің шаруасы жоқ.

Бейтарап және басқа да медреселерде басқару кеңесі бар. Үкімет медреселерге осы кеңес арқылы ықпал етуге тырысып көргенімен, онысынан нәтиже шықпады. Бангладеште өткен соңғы шеруге қарасақ, оған бейтарап және мемлекеттік емес медреселерде оқитын шәкірттердің белсенді қатысқанын аңғаруға болады.

Бұл жастардың басым көпшілігі - кедей отбасыдан шыққан балалар. Медресе оқытушылары ауылдарды аралап, әке-шешелерін «балаңды біздің медреседе оқуға, тәрбиелеуге жібер» деп үгіттейді. Оларды келешекте жұмысқа орналастыруға уәде береді. Медреселердің тәртібі қатал, шәкірт ұстазының әмірін екі етпей бағынады.


- Мұндай медреселерде кімдер сабақ береді?

- Әдетте мұндай медреселерде бұрынғы студенттер сабақ береді. Бұл - жүздеген жылдар бойы орнығып қалған практика. Олар көбінесе араб тілін оқиды. Арасында урду мен бенгал тілдерін үйренеді. Құранды үзбей жаттайды. Мұғалімдер сабақ барысында шәкірттердің санасын түбегейлі өзгертуге тырысады. Мысалы, ислам үшін күрестегі «Талибан» қозғалысының рөлі туралы сабақтар өтеді, олардың саясаты мен іс-әрекетін үлгі тұтуға шақырады.

Жергілікті журналистер, құқық қорғаушылар мен қоғамдағы беделді адамдар бұл медреселердің жағымсыз рөлі туралы билікке талай ескерткен. Бірақ үкімет ешқандай шара қолданбайды. Оның үстіне, мұндай діни оқу орындары қазір мүлде қаптап кетті. Саяси партиялар мен үкімет оларға қарсы әлдебір шара қолданайын десе, сайлаушылардың қолдауынан айырылып қаламыз деп қорқады.


- Біздегі деректерге қарағанда, қырғызстандықтардың көбі дағуатшылар мен «Таблиғи Жамағат» қозғалысының дүниежүзілік орталығы болып есептелетін Дакка қаласындағы Какрайил мешітінде оқиды екен. Осы оқу орны туралы айтып берсеңіз. Бұл медреседе не оқытады?

- «Таблиғи Жамағат» қозғалысының идеялық саясаты Qawmi медреселерінен сәл өзгерек. Олар өз мақсатына жетуде қара күшке сүйенуді құптамайды, саясатқа да араласпайды. Бірақ Бангладешке келген қырғызстандық жастардың бәрі «Таблиғи Жамағат» қозғалысының медресесінде оқиды деп айта алмаймын.

Бангладештегі барлық медреселер мен мұсылмандықты оқытамыз дейтін басқа да діни оқу орындарын Қиыр Шығыс елдерінің бірнеше қоры қаржыландырады. Кувейт пен Сауд Арабиясында ақшасы көп арнайы орталықтар жұмыс істейді. Олар ай сайын медресе-мешіттердің шығынына қыруар ақша жібереді.


- Бангладеш үкіметі елдегі 10 мыңнан асатын медреседегі оқыту сапасын жақсарту жөнінде қандай да бір шаралар жасады ма? Жалпы, бұл мәселе талқылана ма?

- Біріншіден, оларда ешқандай жүйе жоқ. Әлгі медресе-мешіттерде ненің қалай оқытылып жатқаны туралы ешкім ештеңе білмейді. Дінбасылар журналистерге бұл жөнінде ешқандай түсінік беремйді. Өздерінің оқу құралдарын көрсетуден де үзілді-кесілді бас тартады. Тіпті билік өкілдерінің өздері олардың қызметін тексере алмайды.

«Таблиғи Жамағат» қозғалысы медреселерінің шәкірттерін Qawmi медресесінің өкілдері сияқты шетінен экстремистер мен фундаменталистер деп айта алмаймын. Олар өздерін «дағуат айту арқылы хақ исламды таратушымыз» дейді. «Таблиғи Жамағат» жолын ұстанушылар жергілікті медреселерді аралап, мұсылмандарды пікірталасқа шақырады.

Біздің редакцияға түскен зерттеу материалдарына қарағанда, «Нари Прогати Сангха» қоғамдық ұйымы Бангладеш үкіметінің тапсырмасы бойынша жергілікті медреселердегі жағдайды зерттеген. Осы ұйымның қорытынды ұйғарымында жүздеген мың, мүмкін миллиондаған жастар оқитын
«Qawmi сияқты медреселер мен мемлекеттік емес медреселерді бітірген түлектер ешқандай білім алып шықпайды, ой-өрісінің дамуы жағынан олар өз құрдастарынан артта қалған» деп көрсетілген.

Оның үстіне, медреседе оқитын жастар өзінің ұлттық сипатын жоғалтып, өздерін «талиб» немесе «араб» деп атайды. Мемлекеттік емес медреселердің көбінің шәкірттері басқа пәндерді қойып, жергілікті бенгал тілін де жөнді білмейді. Сарапшылар «Құран ғана жаттаған жастардан Бангладештің болашағына қандай пайда келуі мүмкін?» деп алаңдайды.

«ҚҰРАН ЖАТТАУ ДА - ДИПЛОМ»

Бангладеште оқитын қырғызстандық жастармен телефон арқылы сөйлескенімізде, «олардың көбі мемлекетттік емес медреселерде оқиды» деген ақпарат расталды.

Есімдерін арабша өзгертіп алған екі қырғызстандықпен телефон арқылы әңгімелесудің сәті түсті. Олар Бангладештегі медреселердің бірінде оқиды.

Екеуінің сөздеріне қарағанда, Какрайил мешітінде орналасқан медресе шәкірттері таңғы сағат төрттен кешкі онға дейін араб, урду, парсы тілдерін үйренеді. Бірақ көп уақыттары құран сүрелерін оқуға кетеді. Ал жалпы білім беретін пәндерден ештеңе оқытылмайды.

- Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Оқуға да, тұруға да жағдай жасалған. Бес уақыт намазымызды қаза етпейміз. Олардың арасында қасиетті Құран кітабын оқимыз. Тазалықты сақтаймыз, тамағы да жақсы. Басқа шәкірттермен татумыз. Мұнда алғаш келген кезде алдымен араб әліпбиін оқытады. Құранды оқу үшін оны жеткілікті меңгерсең, басқа пәннің қажеті де жоқ, - дейді жасөспірімдер.

Бангладеште медресенің бірнеше түрі бар. Кейбірінің қызметін үкімет қадағалап отырады, оқу бағдарламасын да билік бекітеді. Бірақ медреселердің көбін жеке адамдар, мешіттер мен діни ұйымдар ашқан. Олардың нақты санын ешкім білмейді. Бангладештік сарапшылар 10 мың деп шамалайды. Билік олардың қызметін мүлде қадағаламайды.

Дакка қаласындағы университеттің бітімгершілік және конфликтология кафедрасының меңгерушісі Рафикул Ислам былай дейді:

- Бангладеш тарихынан зорлық-зомбылық әрекеттеріне медресе шәкірттерінің көп қатыспағанын байқауға болады. Бұған елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай ықпал етті. Бірақ соңғы уақытта Бангладеште Пәкістан медреселерінде оқыған немесе Ауғанстандағы соғысқа қатысқан ваххабизм мен маудуди идеяларын жақтайтындар көбейіп келеді.

Жергілікті медреселерде Орталық Азия елдері студенттерінің пайда болуына осы адамдардың қатысы бар деп ойлаймын. Оларды «Алла сарбаздарына» айналып, Орталық Азияға кері қайту үшін оқытады. Міне, жағдай осындай.


Бізбен телефон арқылы сөйлескен екі қырғызстандық өздерінің мемлекеттік емес медреседе оқитынын және оны бітірген соң ешқандай диплом алмайтынын растады. Олар «Біз үшін Құранды оқудың өзі - диплом. Егер сен қасиетті Құранды басынан аяғына дейін оқи алсаң, бұл - сенің білімің мен дипломыңның дәлелі. Мемлекет те ешқандай құжат бермейді. Бізге жар болған Алланың әмірі сондай» дейді.

Бангладеште медресесінде оқитын қырғызстандықтың бірі:

- Егер мемлекет бақылауындағы медреседе оқысаң, сен таза ислам негіздерін толық тани алмайсың және шариғаттың барлық қағидасын меңгермейсің, - дейді.

Өзін «Ахмад» деп таныстырған қырғызстандық жігіт:

- Мен Жұмқала деген жерде тудым. Мұнда келгеніме бірнеше жыл болды. Егер Бішкектегі орталық мешіттен Әбдірахим-байке деген кісіні тапсаңыздар, сол барлық құжаттарды дайындап, факспен жібереді, - дейді.

«Бұл медресеге қабылдау шарттары қандай?» деген сұраққа сұхбаттасымыз «Ешқандай шарты жоқ. Ең бастысы - жасың 15-тен аспаса болды. Басқадай ерекше талабы жоқ. Мұнда шамамен елуден аса қырғыз жүр. Он шақты дұнған бар. Таиланд пен Әзірбайжаннан да жігіттер бар» деп жауап берді.

«ТАБЛИҒИ ЖАМАҒАТТЫҢ» ЖАСЫРЫН ҚЫЗМЕТІ

Қырғыз заңдары бойынша, 16 жасқа толмаған жасөспірімдерді шетелге діни оқуға жіберуге тыйым салынған. Бірақ арнайы қызмет деректеріне қарағанда, Бангладешке 7 мен 16 жас арасындағы балалар оқуға кетеді. Дакка қаласындағы мешіттің медресесіне көбінесе «Таблиғи Жамағат» мүшелерінің балалары немесе қозғалыс уағызшыларының туыстары жіберіледі.

Парламенттің білім, ғылым, мәдениет және спорт мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Қаныбек Осмоналиев Азаттық тілшілеріне берген сұхбатында «ата-аналардың сауатсыздығынан, биліктің шарасыздығынан және діни мекемелердің қызметін реттейтін мемлекеттік органдардағы коррупция кесірінен осындай заңсыздықтар болып жатыр» дейді.

Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан елдерінде «Таблиғи Жамағат» қозғалысының қызметіне тыйым салынған. Қырғызстанда бұл қозғалыс емін-еркін жұмыс істейді. Бішкек пен елдің басқа аймақтарында бұл қозғалысты уағыздайтындардың үлкен желісі таралған. Жұрт арасында «Таблиғи Жамағат» мүшелері үй-үйді бейбіт аралап, исламды уағыздайды» деген пікір қалыптасқан. Олар саясатқа араласпайды, күш көрсету тәсілдерін қолдамайды. Кейбір қырғызстандық сарапшылар «Таблиғи Жамағат» қозғалысы мүшелері шалғай ауылдардың жастарымен жұмыс істеп, олардың сауатын ашады» деп санайды.

Алайда «Қозғалыстың кәмелет жасына толмағандарды шетелге оқуға тарту әрекеттері қаншалықты заңды?» деген сауал туады. Жасөспірімдердің журналистермен сөйлесуіне үзілді-кесілді тыйым салынған. Жоғарыда әңгімелескен екі баланы біз кездейсоқ таптық.

Респонденттеріміз көрсеткен мекенжай бойынша орналасқан медресеге барған Даккадағы әріптесімізді ішке кіргізбей, «бізде шетелдіктер жоқ» деп табалдырықтан қайтарған.

Бізбен әңгімелескен қырғызстандықтар «шәкірттердің теледидар көруіне, газет оқуына, интернетті пайдалануына үзілді-кесілді тыйым салынғанын» айтты.

Екеуінің білім жағынан өздері құралпы балалардан көп кенже қалғаны әңгіме кезінде байқалып тұрды. Бангладеш сарапшылары «саны бар, сапасы жоқ медреселерде оқитын шәкірттерден ел болашағына пайда болмайтынын» айтады. Олардың пікірінше, медресе түлектерінің тиісті салаларда жұмыс істей алуы екіталай, олардың ел болашағына тигізер пайдасы азайып барады.
XS
SM
MD
LG