Accessibility links

Косоволық ана 8 жасар ұлын Сириядан қайтаруды сұрайды


Әкесі Сирияға алып кеткен 8 жасар Ерионның анасы Пранвера Абази.
Әкесі Сирияға алып кеткен 8 жасар Ерионның анасы Пранвера Абази.

Косовода тұратын Пранвера Абази ері мен ұлын серуендеп кетті деп ойлаған еді. Бірақ үш күннен соң жұбайы Сирияда жүргендерін хабарлаған.

Косоводағы Приштина қаласында тұратын Пранвера Абази ері Арбен мен сегіз жасар ұлы Ерионды демалыста еліндегі танымал Ругова шатқалына серуендеп кетті деп ойлаған. Бірақ ол шілденің 7-сі күні кеткен ерінен үш күннен соң көңіл алаңдатар SMS хат алған.

– Ерім «Пранвера, ұлымызбен бірге Сирияда жүрмін. Телефоным сигнал ұстаған кезде саған хабарласамын» деп жазыпты. Оны оқыдым да есеңгіреп, өз көзіме өзім сенбей қалдым, – дейді Пранвера Абази Азаттыққа берген сұхбатында.

СИРИЯҒА КЕТКЕН КОСОВОЛЫҚТАР

Содан бері интернетке жарияланған суреттер Косово телеарнасынан көрсетілді, онда Ерионның Ислам мемлекеті (ИМ) жасақтарымен бірге жүргені бейнеленген.

«Қазір ол бұрынғыдан мүлдем бөтен көрінеді» дейді анасы Пранвера Абази.

Косово телеарнасы көрсеткен фотода Ерион әкесімен бірге отыр.
Косово телеарнасы көрсеткен фотода Ерион әкесімен бірге отыр.

Косово шенеуніктерінің дерегінше, 100-200 шамалас этникалық албан Сирия мен Ирактағы ИМ жасағына қосылған. Полицияның айтуынша, олардың кем дегенде 16-сы опат болған. Тамыздың 11-і күні ИМ жасағымен бірге соғысты деген күдікке ілінген 40 ер адам Косовода тұтқындалды.

ИМ Сирияда оқу-жаттығу лагерьлерін салып, білім береміз деген желеумен балаларды соғысқа дайындап жатқаны тамыздың 13-і күні БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңестің мәлімдемесінде айтылды. Бұл лагерьдегі балалар белсенді әскери шараларға қатысқан, оның ішінде өзін-өзі жаруды насихаттайтын шаралар да бар.

Косово телеарнасы көрсеткен фотода Ерион Сириядағы басқа балалармен бірге тұр.
Косово телеарнасы көрсеткен фотода Ерион Сириядағы басқа балалармен бірге тұр.

​Косоволық ислам шенеуніктері балаларын соғысқа апарған ата-аналарды айыптайды.

«Отбасы мүшелеріне олай қарау ақылға сыймайды, әсіресе ең сүйікті әрі күнәдан пәк перзентін соғысқа апаруды ессіздік деп атауға болар. Ондай адамдарды қатаң жазаға тарту керек» дейді Балқандағы мұсылмандар көп тұратын елдегі ислам қауымдастығы хатшысы Ресул Режепи.

«БАЛАМДЫ ҚАЙТАР»

Пранвера Абази ерінің мінезінен тосын ештеңе байқамағанын айтады.

– Діндар болатын, намазын оқитын, бірақ ұлымыз туралы, оны ертіп кететіні жайлы ештеңе айтқан емес. Қалада жұмыста кию үшін қалтасы бар шалбар сатып алатын, бірақ оғаш ештеңесін аңғармадым. Үйде әскери қабы бар еді, бірақ оны баяғыдан бері ұстап келеді, – дейді ол.

Ислам мемлекеті жасағымен соғысып жатқан Ирак жасағы. 31 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ислам мемлекеті жасағымен соғысып жатқан Ирак жасағы. 31 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Осы уақытқа дейін «ұлым оралар» деп, басына түскен жағдайды жарияламай келген Пранвера Абази БАҚ өкілдеріне жақында ғана хабарласты. «Екі ай бойы еш өзгеріс болмаған соң баспасөз өкілдеріне хабарластым» дейді әйел.

Facebook әлеуметтік желісінде тамыздың 23-і күні ашылған «Ұлымызды қайтар» атты парақшаға 10 мыңға жуық адам қосылған. Парақшаға Ерианның суреті салынған - ол да өзі құралпы балалар сияқты футболды, туған күнге арналған тәттілер мен кәмпиттерді жақсы көреді.

Пранвера Абази билік өкілдерімен бірлесіп, ұлын қайтару үшін әрекет етіп жатыр. Билік өкілдері оны қатаң күзетіп, орнын жиі ауыстырады. Пранвера Абази кеткеннен бері жұбайымен сөйлескен емес. ИМ жасағы рұқсат еткен соң шілденің 15-і күні ұлымен ғана телефон арқылы аз-маз тілдескен.

– Олар өте аз уақыт берді, ұлым сауалыма қысқа ғана жауап қайтарды, – дейді ол.

Пранвера Абази еріне «ұлымды қайтар» деген үндеуін жолдады.

– Ерион осында достарымен бірге болуға тиіс. Қыркүйек айы туды, жақында сабағы басталады. Ол мектепке барса екен деймін, отбасымен, анасымен бірге болса деймін. Қиын жағдайда, бөгде ортада жүрмесін, – дейді ұлының «өте сабырлы, тынымды бала» екенін айтқан анасы.

«Ұлым болған соң мақтап тұрған жоқпын. Ол өте тәуелсіз бала, басқа отбасылар оны үлгі ететін. Кейде осындай жақсы балам бар, жолым болды дейтінмін. Қазір ол неге қасымда емес деп ойланамын» дейді Пранвера Абази.

Азаттық тілшілері Артон Консушевич пен Люк Джонсонның мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG