Орталық Азиядағы демократияға жетуі мүмкін деген мемлекет – Қырғызстан. Бұл ел осы сайлауға жету жолында екі төңкеріс пен 2005 жылғы этносаралық қақтығысты басынан кешірді. Бұл оқиғалар Қырғызстан демократиялық мемлекет ретінде қалыптаса алмайды деген күдіктер де туғызған еді. Енді сол күмәнді жою мүмкіндігі туған сияқты.
Қырғызстан - Орталық Азияда жалғыз парламенттік мемлекет. Ал бұл - осы жүйе кезінде өткізілетін екінші сайлау.
Сайлау қазанның 4-і күні өтеді. Жогорку Кенештегі (Қырғызстан парламенті – ред.) 120 орынға екі мыңнан астам үміткер таласады. Жаңа депутаттар партиялық тізім бойынша таңдалады, солайша сайлаушылар жеке адам емес, партиялар үшін дауыс береді. Дегенмен партиялар тізімінің басында тұрған үміткерлердің көбі - жұртқа танымал саяси тұлғалар.
Бір партия парламентте 65 мандаттан артық орын ала алмайды. Орындардың кем дегенде 30 пайызы әйел үміткерлерге берілуі керек, этникалық топ өкілдері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да квота бөлінген.
Қырғызстан басылымдары, «парламенттен көп дегенде алты партия орын алады» деп хабарлайды. Ал Бішкек маңын аралап шықсаңыз, сайлау науқанын жүргізіп жатқан 14 партияның барлығы бірдей өз қалауынша насихат жасауға мүмкіндік алғанын байқайсыз. Сайлауға бірнеше апта қалды, әзірге сайлаушылармен кездесуімізге кедергі келтірілді деп шағымданған үміткер не партия жоқ. Мұндай шағымдар Қырғызстанның бұрынғы сайлаулары кезінде және шынайы оппозициялық партиялары бар көршілес елдерде бұрын болған еді.
ПАРЛАМЕНТТІҢ САЙЛАУЫ ДАУСЫЗ БОЛМАС
Қырғызстанның парламент сайлаулары даусыз өткен емес, бұл жолғы сайлау да ондайдан шет қалмаса керек. Партия тізімдерінде бұрын сотталған 243 үміткер бар, кейбірі түрмеде отыр, ал үшеуі қашып жүр. Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы төрағасы Туйгунаалы Абдраимов қыркүйектің 4-і күні «үгіт-насихат ресми түрде басталды» деп мәлімдеді, бірақ сайлауға қатысып жатқан әр партия қатарында «бұрын сотталған 10-25 адам бар» екенін айтты.
Сайлаушыларды тіркеу үшін Қырғызстан жаңа биометрикалық жүйе енгізіп отыр, бірақ бұл тұрғындардың біразын шатастырып жіберді. Қырғызстан халқы 5 миллион 800 мыңдай адам болса, дауыс беруге тек 2 миллион 500 мың адам тіркелген.
Ресейде еңбек мигранты болып жүрген бірнеше жүз мың азамат тағы бар. Ресейд Қырғызстан азаматтары дауыс бере алатын алты орын қойылады. Бірақ вице-премьер Тайырбек Сарпашев қыркүйектің басында «500 мың адамның 11 мыңдайы ғана дауыс беретін болар» деген жорамал айтты.
Партиялардың кейбірі насихат плакаттарының қоғамдық орындардан алынып тасталғанын айтып шағымданды. «Ата Мекен» партиясы өздерінің үгіт құралдарының кейбірінің Бішкек маңынан алынып тасталғанын хабарлады. Бірақ билік өкілдері «насихат құралдарының кәсіпорындар мен жеке адамдар иелігіндегі аумақтарға рұқсатсыз ілінгенін» айтты.
«Республика – Ата-Жұрт» партиясы да осындай шағым жасады. Бірақ Бішкектегі шенеуніктер партияның «парақор жолдар» деген сөздер жазылған плакаты полиция беделіне күйе жағу екенін ескертті. Бірақ партияның мұндай плакаттарын Бішкек маңынан әлі де көруге болады.
Бұл сайлаудың нәтижесінен Қырғызстанның Орталық Азиядағы «демократия аралы» атағына сай келетін-келмейтіні анықталмақ. Келесі апталарда Азаттық тілшісі Қырғызстанды аралап, тұрғындармен сөйлесіп, сайлау мен саяси партиялар жайлы пікірлерін білмек.
Қырғызстан мен парламент сайлауы жайлы толық білгіңіз келсе, Азаттықтың қырғыз сайлауы туралы мақалаларын оқып отырыңыз. Азаттық тілшілері үлкен қалаларды ғана емес, шағын ауылдарды да аралайды, ал оларды әлемнің ешбір картасынан таппайсыз.
Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.