Accessibility links

Қырғыз журналисі арандатудың құрбаны болды ма?


Әділет Айтикеев, қырғызстандық журналист
Әділет Айтикеев, қырғызстандық журналист

Демалыс күндері интернетке «18+» санатындағы бейнебаян салынды, оның кейіпкері - оппозициялық журналист Әділет Айтикеев.

Әділет Айтикеевтің жолдастары жарық көрген бейнебаянды – қарсыласқа қарсы лас әдісті қолданудың мысалы деп санайды. Қырғызстанда саясаткерлер мен қоғамдық қайраткерлерге қатысты осындай сипаттағы видеоклиптер бұрын да жарық көрген еді.

«Искра» газетінің бас редакторы Әділет Айтикеев әзірше өзіне қатысты бейнебаян туралы еш пікір білдірмеді. Оның әріптесі, «Прогресс» қоғамдық қорының төрағасы Әділ Тұрдықұлов оқиғаны әдейі ұйымдастырылған, Айтикеевті қорқыту мақсатында жасалған іс дейді.

«Арнайы қызмет өкілдерінің түсірілім үшін арнайы аппаратураны қолданғандары заңсыз. Қарсыластар мен саясаткерлерге қарсы лас әдістерді қолданғаны биліктің әлсіздігін білдіреді. Мен бұның қалай болғанын жақсы білемін, ол жерге оны әдейі алып барған. Әрине, біз сияқты билікті сынаушыларға бұл берілген белгі. «Сендерді қарап жүрмін, аңдимыз» деген ескерту тәрізді» деді Тұрдықұлов.

Саясаттанушы Тұрат Акимов бейнебаянның артында арнайы қызмет тұр деген болжаммен келіседі. Оның айтуынша, оқиға Айтикеевтің журналистік қызметіне байланысты. Акимов:

«Шын мәнінде, кімді, қалай түсірсе де, біреудің жеке өмірі ешкімге қызық емес. Бұндай бейне көріністі түсіріп, жариялаушылардың белгілі бір мақсатты көздегені анық. Әділет Айтикеев саясатпен белсенді түрде айналысады. Сондықтан біреу оны арнайы бақылап, соңына түскен болар, осының бәрін ұйымдастырып, қызды да жалдап алуы мүмкін. Бейнебаянның жарыққа шығуының басты себебі – Әділеттің саяси белсенділігі деп ойлаймын» деді.

Журналист Әділет Айтикеев (ортада) әріптестерімен сотқа тартылған сәттердің бірі. Бішкек, желтоқсан 2015 жыл
Журналист Әділет Айтикеев (ортада) әріптестерімен сотқа тартылған сәттердің бірі. Бішкек, желтоқсан 2015 жыл

Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитеті де әзірге интернетке жарияланған шулы бейнебаянға қатысты мәлімдеме жасамады. Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының мүшесі Ринат Самудинов журналистің жеке өміріне қатысты бейне материалдардың жария болғанын құптамайды.

«Бұндай әдісті биліктегі әлдебір күштер қолдануы мүмкін. Бірақ дәлелсіз олай деп айтуға әзірге ерте. Егер билік осы әдісті пайдаланса, бұл мүлдем дұрыс емес. Идеялар мен бағдарламалар күресі болуы керек, жеке өмірге араласу қажет емес. Қазіргі жағдайлар саяси мәдениет деңгейін көрсетеді. Әрине, бұл бізді қапаландырады. Әр адамның жеке өмірі бар, оған араласуға болмайды» дейді ол.

Интернетте жеке өмірдің құпиясын ашатын бейне көріністер Қырғызстанда бұған дейін де жарияланған еді. 2013 жылдың соңында желіде сол кездегі мүфти Рахматулла қажы Егембердиевке ұқсас адам түсіп қалған интимдік мәні бар бейнебаян жарияланған. Кейін ол видеодағы әйелдің "некелесіп алған екінші жары" екенін түсіндірген.

Журналист Әділет Айтикеев бұрынғы президент Құрманбек Бакиевке қарсы оппозицияда болған еді. 2007 жылы ол ҰҚМК уақытша абақтысында да отырып шықты. Ол кезде ол «Қанжар» жастар ұйымының жетекшілерінің бірі болатын және наразылық шеруі кезінде бұқаралық бүлікті ұйымдастырды деп айыпталған.

Элеонора Бейшенбек қызының мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG