Кремль мен Бішкек Қырғызстандағы Ресейдің Кант әуе базасына қатысты талай саудаласқан. Кейінгі 10 жыл ішінде Қырғызстан билігі біресе шетелдің әскери контингентін ел территориясынан мүлде аластау жоспарын мәлімдесе, біресе Қырғызстандағы Ресей әскерилерін көбейтуді Мәскеуге өздері ұсынған.
2003 жылғы қыркүйекте Ресей мен Қырғызстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясында Кант әуе базасында авиабөлімшелер орналастыру туралы 15 жылға есептелген келісім-шартқа қол қойған. Әлгі уағдаластықтан кейін Кантқа бірнеше әскери-транспорт ұшағын апарып қойған. Манас аэродромындағы АҚШ әуе базасы жабылғаннан кейін - 2009 жылы Канттағы ұшақтар саны күрт көбейді. Канттың әуе паркі жетілдірілген бес шабуылдаушы ұшақ пен ұшқышсыз басқарылатын бір топ соғыс ұшағымен бірден толыққан. Бұған қоса, базаны дамыту жоспарына сәйкес, ұшу-қону жолағы кеңейтіліп, бүкіл инфрақұрылым қайта салынады деп мәлімделген.
2017 жылы ақпанда Атамбаевпен кезекті мәрте, бірақ онша сәтті өтпеген кездесуінен кейін Путин «егер енді көмек керек болмаса», Ресей Кантты мүлде жауып тастауға әзір деп мәлімдеген.
Ресей билігі Канттағы әскери базаны кеңейтуді ұсынған кезде біз бірден қарсы болдық. Бірақ егер Ресей Канттағы әскери техниканы жетілдіруге келіссе, біз қарсы болмаймыз. Мен оларға "егер шынымен де Қырғызстанның қауіпсіздігін ойлап отырсаңыздар, Канттағы базаны кеңейтудің қажеті қанша дедім?Алмазбек Атамбаев
Бірақ Алмазбек Атамбаевтың сөзінше, Канттағы базаны кеңейтуге және Бішкек маңындағы әскери бөлімді нығайтуға ниетті екенін бірнеше айдан кейін Кремль тағы айтқан. Бірақ Қырғызстан президенті (оның өз сөзінше), Ресей тарабының әлгі өтінішін орындаудан бас тартқан. Ал кремльдік шенеуніктер, Атамбаевтың сөзінше, бұған тіпті біршама ренжіп қалған. Атамбаев пен Путиннің кездесуі маусымның 20-сы күні өткен болатын. Әлгі кездесуде Ресей Қырғызстанның қарызын толық кешірген, ал ел президенттері әуе шабуылынан қорғанудың ортақ жүйесін құру жайлы келіскен.
«Ресей билігі Канттағы әскери базаны кеңейтуді ұсынған кезде біз бірден қарсы болдық. Бірақ егер Ресей Канттағы әскери техниканы жетілдіруге келіссе, біз қарсы болмаймыз. Мен оларға "егер шынымен де Қырғызстанның қауіпсіздігін ойлап отырсаңыздар, Канттағы базаны кеңейтудің қажеті қанша дедім?" дейді Алмазбек Атамбаев.
Келіссөз дәл Қырғызстан басшысы сипаттағандай өтті ме, жоқ па – белгісіз. Ресей тарапы Канттағы базаға қатысты келіссөздер барысы жайлы мүлде комментарий берген жоқ.
Атамбаевтың айтуынша, Қырғызстандағы ресейлік әскерилер саны азаймайды. Керісінше, Қырғызстан президенті Мәскеуге Қырғызстанда, бірақ елдің оңтүстігінде – Ошқа жақын маңнан тағы бір әскери база салуды ұсынады. Қырғызстан билігі бұл үшін Ресейге жерді тіпті тегін бөлуге әзір. Себебі – экономика үшін тиімді. Сарапшылардың айтуынша, Тәжікстанға да, Қытайға да жақын әлгі учаскелердегі қауіпсіздікті жуық арада Қырғызстанның өздігінен қамтамасыз ете алуы екіталай.
«Жуырда Ирак пен Сириядағы операция аяқталады, сондықтан халықаралық терроршылар назары Орталық Азияға ауады. Әзірше мұнда, яғни Кант әуе базасында авиация ұшуға дайындалып жатқанда, егер келісімге қол жетіп, ресейлік бөлімшелер Ошта шоғырланатын болса, жауынгерлік міндеттің бірінші кезеңін орындауға сөзсіз даяр болады» дейді Қырғызстанның шекара қызметінің бұрынғы төрағасы Токоно Мамытов.
Атамбаевтың сөзінше, Ресей жағы оның ұсынысына әзірше ойланып отыр. Қырғызстанның ҰҚШҰ-дағы серіктесі ондай шығын шығаруға даяр ма – ол жағы белгісіз. Мамытов «Қырғызстан билігі елдің оңтүстігінде база салуды Ресейге 10 жылдай бұрын ұсынған, бірақ ол жоба сол күйі қағаз жүзінде қалды» деп еске алады. Қайткенде де Мәскеу мен Бішкек арасындағы бұл мәселені енді келер президент шешетін болады, өйткені Алмазбек Атамбаевтың өкілеттік мерзімі биыл күзде бітеді. Ел басшысы қызметіне негізгі кандидаттар Канттағы базаның болашағы жайлы әзірше екіұшты пікірлер айтады және біржақты позиция ұстанудан тартынып отыр.
Қырғызстан парламенті депутаты Бақыт Торобаев «Шекарамыз үшін де, ішкі қауіпсіздік үшін де терроризм мен экстремизм қатері үлкен проблема екенін жақсы білесіз. Қазір ҰҚШҰ аясында Ресеймен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Бүкіл келіссөздер осы бағытта өрбуі тиіс. Біз ең әуелі елімізге пайдалы жағын ойлауға тиіспіз» дейді.
2017 жылдың басында ресейлік әскерилердің Қырғызстанда болу мерзімі келер 15 жылға ұзартылған болатын. Әңгіме төрт нысан жайлы. Олар – Канттағы әуе базасы, Чалдовардағы байланыс торабы, Ыстықкөлдегі флоттық сынақ орталығы және Майлысудағы автономдық сейсмикалық пункт. Бұл мерзім аяқталған кезде келісім шарттар әр бес жыл сайын автоматты түрде ұзартылатын болады.