Қырғызстан шетелден жұмысшы әкелуге жыл сайын 13 мыңға жуық квота бөледі, оның 85 пайызын Қытай азаматтары иеленеді. Мемлекеттік көші-қон қызметі дерегінше, былтыр Қырғызстанда жұмыс істеу үшін 9500 қытай азаматы рұқсат алған. Енді үкімет ешкі еңбек нарығын қорғау үшін кәсіпорындардағы жұмысшы санына лимит енгізбек.
Қырғыз мемлекеттік көші-қон қызметінің төрағасы Бақыт Адыловтың Азаттыққа хабарлауынша, қоғамдық талқыға шығарылған заң жобасына сәйкес зауыт, фабрика және өзге ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін мигранттар үлесі жалпы штаттың 20 пайызынан аспауы тиіс. Оның айтуынша, кәсіпорындар қалған қызметкерлерді жергілікті халықтан қабылдауы тиіс.
– Мигранттарды топқа бөлеміз. Мысалы, кәсіпорындарда шетелдік қарапайым жұмысшылар саны 10 пайыздан, ал басшылар мен мамандар саны 20 пайыздан аспауы тиіс. Біз сұраныс бар мамандардың келуіне ғана кедергі жасамаймыз, яғни олардың санын шектемейміз, – дейді Бақыт Адылов.
Қоғамдық тыңдау кезінде айтылған ұсыныстарды енгізгеннен кейін жаңа жобасы Қырғызстан парламентінің қарауына тапсырылады. Бірақ «заң Қытай азаматтарының санын тым шектей алмайды» деп күмәнданатындар көп.
ҚЫРҒЫЗСТАНДА 200-300 МЫҢ ҚЫТАЙ АЗАМАТЫ ЖҮР
Бұрынғы депутат Құрманбек Диқанбаевтың мәлімдеуінше, қазір Қырғызстанда жүздеген мың қытай азаматы заңсыз жұмыс істейді. Ол «кейінгі жылдары Қырғызстан мен Қытай бірлесіп талай ірі жобаны іске қосып жатқанын ескерсек, Қытай жұмысшылары мен кәсіпкерлерінің келуіне ешқандай заң бөгет бола алмайды» дейді.
– Қытай бізде тағы 40 кәсіпорынды іске қоспақ. Жолдардың бәрін қытайлар салып жатыр, жылу электр орталығын қайта жаңартып жатқандар да – солар, кей кен орындарын игеріп жатқан да – солар. Ал теміржол құрылысы басталса, олар заңға қарамастан өз жұмыс күшін әкеледі. Қазір елде 200-300 мың Қытай азаматы жүр, олардың санын заңның көмегімен реттеу мүмкін емес, – дейді Құрманбек Диқанбаев.
Сауда саласында жұмыс істейтін Қытай азаматтары көп, бірақ үкімет соңғы жылы саудагер қытайлардың көбі еліне кетті деп хабарлайды. Мемлекеттік көші-қон қызметі төрағасының орынбасары Алмаз Асанбаев мұның себебін Қырғызстанға Қытайдан келетін тауар көлемінің азаюымен байланыстырады.
– Еліміздің заңдарында шетелдіктердің сауда саласында жұмыс істеуіне тыйым салынбаған. Бірақ «Дордой» базарындағы сауданың саябырлауы кесірінен Қытайдың көп азаматы еліне қайтып кеткенін өзіңіз де байқаған шығарсыз. Қазақстан тауарды Қытайдан тікелей сатып алады. Екіншіден, Өзбекстан мен Тәжікстанмен арадағы шекара жабылып қалған соң «Қарасу» базарындағы сауда да тоқырап қалды. Шетелдіктердің бизнесін жабуына осы жағдай себеп болды, – дейді ол.
ЗАҢ МЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ
Бірақ бұған қарамастан Қытайдан келіп жатқан заңсыз мигранттар ағыны азайған жоқ деп санайтындар да бар. Заңсыз мигранттарға қарсы акциялар өткізумен танылған «Қырғыз чоролору» қоғамдық қозғалысы жетекшісі Замирбек Қочорбаевтың мәлімдеуінше, Қытай компанияларының өз азаматтарын әкелуіне коррупция жол ашып отыр.
– Тексеру жүргізіп едік, Қытай компанияларын жоғары лауазымды кей шенеуніктер қорғаштайтыны анықталды. Қытай жұмысшылары біздің адамдар сияқты емес, олар мардымсыз жалақыға 10-12 сағат жұмыс істейді. Олардың ішінде студенттік немесе туристік виза ашып алып, зауыт, фабрикаларда жұмыс істеп жүргендер бар. Бұған қоса олардың қолында жоғары білікті қызметкер деген құжаттары бар екенін, бірақ олар қарапайым жүкші немесе аспаз болып жұмыс істейтінін де байқадық. Сондықтан мына заң қабылданса да, одан қайыр болмайды, – дейді Замирбек Қочорбаев.
Қырғызстандағы еңбек мигранттарының 85 пайызы – Қытай азаматтары. Ресми дерек бойынша, Қырғызстандағы қытайлар саны 10 мыңнан асады. Бірақ сарапшылар «елде жүрген қытайлардың нақты саны бұдан әлденеше есе көп» деп мәлімдейді.
Былтыр мемлекеттік көші-қон қызметі Қарабалтадағы «Джунда» мұнай өңдейтін зауыт – 350, ал Токмактағы осындай зауыт – 167, «Алтынкен» тау-кен компаниясы – 250, «Чайна роуд» құрылыс фирмасы 318 қытайлықты жұмысқа алғанын хабарлаған.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.