Accessibility links

Қырғызстанның ірі партиясы екіге жарылды


Өмүрбек Бабанов (сол жақта) пен Камчыбек Ташиев. Бішкек, 28 қыркүйек 2016 жыл.
Өмүрбек Бабанов (сол жақта) пен Камчыбек Ташиев. Бішкек, 28 қыркүйек 2016 жыл.

Қырғызстанның «Республика–Атажұрт» партиясы екіге жарылды. Бұл одақтың ғұмыры ұзаққа бармайтыны белгілі еді.

2014 жылдың қазан айында бір жылдан кейін өтетін парламент сайлауына күшейіп бару үшін «Республика» және «Атажұрт» партиялары біріккен. Қос партия ол мақсаттарына белгілі бір дәрежеде қол жеткізген. Алайда аймақтық сайлауға бірер апта, ал президент сайлауына бір жыл қалғанда олардың қайта бөлінгені талайды тығырыққа тіреді.

Өмүрбек Бабанов басқарған «Республика» және Камчыбек Ташиев басқарған «Атажұрт» партиялары 2015 жылғы сайлауда президент Алмазбек Атамбаевтың Қырғызстанның демократиялық партиясынан кейінгі екінші орынды иеленіп, 120 орындық парламентте 28 креслоны жеңіп алған.

Қарашаның 17-сінде Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбат берген Ташиев қайтадан екіге жарылу туралы шешім қабылдағандарын, Бабанов екеуінің «ешқандай дау-дамайсыз, айтыс-тартыссыз» бөлінеміз деп уағдаласқандарын айтты.

Камчыбек Ташиев. Бішкек, 28 қыркүйек 2015 жыл.
Камчыбек Ташиев. Бішкек, 28 қыркүйек 2015 жыл.

Ташиевтің айтуынша, желтоқсанның 11-іне белгіленген аймақтық кеңештердің сайлау кезінде Қырғызстанда конституцияға енгізілмек өзгертулер мен толықтыруларға байланысты референдум да өтеді. Басқа өзгерістермен бірге онда «әр партия өз атауымен ғана әрекет ете алады» деген жаңа бап енгізілген. Бірақ бұл сайлауда тек «Атажұрт» партиясы ғана өзінің жеке атауымен додаға түседі дейді Ташиев. Ал Бабановтың партиясы әлі де «Республика – Атажұрт» атауымен қатысады, тек сайлаудан кейін ғана «Республикаға» қайта өзгереді.

Қырғызстандағы ең ауқатты адамдардың бірі саналатын бизнесмен Бабанов «Республика» партиясын 2010 жылдың маусымында, президент Құрманбек Бакиев орнынан кете сала құрған. Сол кезде ол басқа ұлттарға жақсы қарайтын, ықпалды саяси күш ретінде бағаланды.

Өмүрбек Бабанов.
Өмүрбек Бабанов.

Совет армиясында қызмет етіп, кейіннен саясатқа ауысқан бұрынғы боксшы Ташиев 2006 жылдан «Атажұрт» партиясы басшыларының бірі болып келеді. Оны жұрт «ұлтшыл» әрі «Бакиевтің жақтасы» деп көп айыптайды. 2007-2009 жылдары Бакиевтің қоластында төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарған Ташиев төңкерістен соң құлатылған президенттен іргесін аулақ салды. Оның үстіне Ташиев «бұл партия өзге ұлттарға қырын қарайды» деген пікірді жоққа шығарады. «Онугуу-Прогресс» партиясының мүшесін ұрып-соқты деп айыпталған Ташиев 2015 жылғы сайлауда «Республика-Атажұрт» партиясының депутаттар тізімінен шығарылған.

«Республика» партиясының өкілі, парламент спикерінің орынбасары Алтынай Өмүрбекова Азаттыққа берген сұхбатында екі партияның қайта бөлінгелі жатқанынан хабардар екендігін айтты.

– Менің білуімше, Камчыбек Ташиев Өмүрбек Токтогуловичпен [Бабанов] кездесіп, оған бұдан әрі [Адахан] Мадумаровпен және [Ахматбек] Келдибековпен біріккісі келетінін айтқан, – деді ол.

Бірақ парламенттегі «Республика–Атажұрт» фракциясы осы шақырылымның соңына дейін жұмыс істейді дейді Алтынай Өмүрбекова. Демек, партия екіге жарылғанымен, олар 2020 жылдың соңына белгіленген жаңа сайлау өткенге дейін парламентте бір саяси ұйым ретінде әрекет етуі тиіс.

Бұл жергілікті кенештерге дауыс беру кезінде сайлаушыларды қатты шатастыратын сыңайлы. Парламентте бірге жұмыс істегенімен, олардың бәсекелес партияларға айналғанын білетін жұрт «Республика–Атажұртқа» дауыс бергенде кімді сайлап жатқандарын қалай түсінеді?

Қазан айының соңында құрамына «Республика–Атажұрт» кіретін коалиция тарап кеткен. 3 қарашада құрылған жаңа коалицияның құрамында бұл партия жоқ.

2020 жылға дейін бірге жұмыс істейміз деп уәде бергеніне қарамастан, екі саяси күш парламентте өз мүдделерін қорғауға кірісетін сияқты. Оған себеп – 2017 жылдың соңына белгіленген президент сайлауына Бабанов та, Ташиев те (өзі болмаса да, «Атажұрт» партиясының басқа бір өкілі) кандидатураларын ұсынуы мүмкін.

Брюс Панниердің материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG