Accessibility links

Халықаралық тергеудің жаңа тұжырымы: MH17 рейсін ресейлік 53-бригаданың "Бук" зымыраны атқан


Malaysia Airlines компаниясының Boeing жолаушылар ұшағын әуеден атып түсірген "Бук" зымыранының сынығы.
Malaysia Airlines компаниясының Boeing жолаушылар ұшағын әуеден атып түсірген "Бук" зымыранының сынығы.

Халықаралық тергеу тобының жаңа тұжырымында "Малайзия әуе желілері" компаниясының МН17 рейсімен ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағын ресейлік 53-зенит-зымыран бригадасының қару-жарағы есебінде болған "Бук" қондырғысынан атып түсіргені айтылған.

25 мамырда Нидерланд пен Австралия үкіметтері малайзиялық жолаушылар ұшағын Шығыс Украинада атып түсіруге қатысы бар деп Ресейді ресми түрде айыптады. Нидерландтың сыртқы істер министрі Стеф Блок: "Үкімет енді Ресейді ресми түрде жауапкер етіп көрсету үшін келесі қадамға көшкелі жатыр" деді.

Дәл осы күні ұлыбританиялық "Беллингкэт" зерттеу тобы "Бук" кешенінен зымыран атуға қатысы болуы мүмкін ресейлік әскеридің аты-жөнін атады. "Бэллингкэттің" мәлімдеуінше, операцияны елу жастағы ГРУ офицері Олег Иванников басқарған.

"Малайзия әуе желілері" компаниясының МН17 рейсімен ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағын Курск түбінде орналасқан 53-зениттік зымыран бригадасы қару-жарағы есебінде болған "Бук" өздігінен жүретін қондырғысынан атып түсірген. Мамырдың 24-і күні Нидерландтың Бюнник қаласында өткен баспасөз мәслихатында 2014 жылы жазда Донбасс әуесінде болған жолаушылар ұшағы апатына қатысты қозғалған қылмыстық істі тексеріп жатқан Біріккен тергеу тобы (Joint Investigation Team, JIT) осылай деп ресми түрде мәлімдеді.

Бұған дейін халықаралық тергеу тобына сот-медициналық сарапшылар жұмысының нәтижелері, жиналған айғақтар мен куәлердің фотоматериалдары, Украина, Ресей және АҚШ ұсынған радар мен спутниктен түсірілген суреттер негізінде малайзиялық Boeing 777 ұшағы қандай қарудың көмегімен атып түсірілгенін, бұл қарудың қайдан пайда болғанын және зымыран қай жерден атылғанын бұлтартпай дәлелдейтін айғақтар жинаудың сәті түскен болатын. Сонымен, "Малайзия әуе желілері" (Malaysia Airlines) компаниясы ұшағын сол кезде ресейшіл қарулы жасақтардың бақылауында болған Шығыс Украина территориясынан "Бук" зенит-зымыран кешенінің көмегімен атып түсірілгеніне қазір ешкім шүбә келтірмейді. Зымыранның дәл қай тұстан атылғаны (Снежное қаласы маңында орналасқан Первомайск кенті), зымыран оқтұмсығының типі (9М38 класына жататын "Бук" зениттік зымыраны) және "Бук" қондырғысын Ресей территориясынан апарып, сосын кері алып кеткені мәлім.

JIT басшысы Фред Вестербеке баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. Бюнннике. 24 мамыр 2018 жыл.
JIT басшысы Фред Вестербеке баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. Бюнннике. 24 мамыр 2018 жыл.

Бейсенбі күні бұл деректерге Курскідегі 53-зениттік зымыран бригадасы туралы ақпарат пен Курскіден Украинаға барған әскери күзет жасағы маршрутының жан-жақты сипаттамасы қосылды. Бұған қоса, журналистерге Донецк облысында табылған зымыран сынықтарын – қозғалтқыш түтігі мен зымыранның Ресейдің Долгопрудный қаласында (Мәскеу облысы) шығарылғанын дәлелдейтін нөмірлері бар корпусын көрсетті.

Баспасөз жиынында Курскіден Донецк облысына бет алған күзет жасағы жол-жөнекей өткен елдімекен тұрғындары түсірген түрлі видеолар көрсетілді. Нидерланд полициясының қылмыстық іздестіру бөлімі бастығы Вилберт Паулссен "Бірлескен тергеу тобына мұндай жазбалар өте көп түсті. Мұның жөні бар. Өйткені 50 көліктен тұратын, оның ішінде өздігінен жүретін алты "Бук" қондырғы бар колоннаны жұрттың байқамауы мүмкін емес еді" деп мәлімдеді. Алғашқы видеолар колонна Курскіден шығып Никольск елдімекеніне қарай бет алған 2014 жылғы маусымның 23-інде түсірілген. Колоннаны одан кейінгі күндері де – Старый Оскол, Алексеев, Незнамово елдімекендері тұсында видеоға түсірген. Тергеушілер видеожазбалардың бәрін Google Street View көмегімен мұқият салыстырып шыққан. Колонна жайлы соңғы видеокадрларда 2014 жылғы маусымның 25-і күні түсірілген деп көрсетілген.

Зымыран Ресейдің Долгопрудный қаласында (Мәскеу облысы) шығарылған

Вилберт Паулссеннің сөзінше, колонна құрамында болған "Бук" өздігінен жүретін қондырғыларының бәрінің корпусында "2" санынан басталатын үш таңбалы нөмірлер болған. Курскдегі 53-ші зенит-зымыран бригадасында үш батальон бар, яғни жүздеген адам жұмыс істейді. Қондырғы корпусындағы "2" саны қондырғының екінші батальонға тиесілі екенін көрсетеді. Колонна құрамындағы "Бук" қондырғыларының біреуінің ғана "3" санынан басталатын нөмірі болған. Бірақ екінші және үшінші сандары жарым-жартылай боялған. Паулссеннің сөзінше, бұл – қондырғы әскери операцияға қатысуға дайындалған болса қолданылатын әдеттегі практика. Колонна түсірілген фото және видеоматериалдардың бәрін және кейінірек (2014 жылғы шілденің 17-сі мен 18-і күндері) түсірілген фотолар мен видеоларды жан-жақты талдау нәтижесінде "Малайзия әуе желілері" компаниясының жолаушылар ұшағын ату үшін дәл осы қондырғы – "3" санынан басталатын нөмірі бар, яғни 53-бригаданың үшінші батальонына тиесілі қондырғы пайдаланылғанын анықтаудың сәті түскен. Мұндай тұжырым жасауға әлгі қондырғы түсірілген кадрлардың бәрінде айнымай қайталанатын жеті айрықша белгі көмектескен. Олар – ақпен боялған сандар, корпусындағы майысқан тұстар, бояуы сырылған жолақтар және екі типті дөңгелектердің қондырғының шынжыр табанына қандай ретпен кигізілгені.

312, 322 және 332 сандарымен белгіленген "Бук" зымыран қондырғыларының бөліктерін салыстыру (бұған дейін Bellingcat зерттеу тобы жариялаған материалдардағы суреттер).
312, 322 және 332 сандарымен белгіленген "Бук" зымыран қондырғыларының бөліктерін салыстыру (бұған дейін Bellingcat зерттеу тобы жариялаған материалдардағы суреттер).

Баспасөз жиыны өткен залда Донецк облысында табылған зымыран сынықтары – Вентури түтігі, зымыранның газарнасы мен сыртқы қабығы және моторының корпусы да көрсетілді. Корпустың сыртындағы 9Д1318869032 деген нөмір анық көрініп тұр. Австралия полициясы өкілі Дженнифер Хурстің сөзінше, әлгі нөмірдің алғашқы бес таңбасы мен "Д" әрпі зымыранның Ресейдің Долгопрудный қаласында жасалғанын дәлелдейді.

Бұған қоса, Хурст ықтимал куәлерден қозғалтқыш түтігіндегі қолмен жазылған өзге сандардың мәнін ашуға көмектесуді, оларды жазған адамның қолтаңбасын танитын біреулер бар болса хабарласуды өтінді. Зымыран сынықтарының фотосуреттері мен сұрақтар тізімі JIT сайтында келтірілген.

  1. Вентури түтігіндегі нөмірді жазған адамның қолтаңбасын танисыз ба?
  2. Сізде осы нөмірлер туралы ақпарат бар ма?
  3. Сізде зымыранның сыртқы қабығындағы нөмірлер туралы ақпарат бар ма? Әлгі нөмірлердің мәні нені білдіретінін білесіз бе немесе мұны білетін біреуді танисыз ба?
  4. Мына сынықтар тиесілі зымыранның сериялық нөмірін білетін адамды танисыз ба?

5. Зымыранның бұл бөліктері немесе зымыранның өзі жеткізілген бөлімшені білетін адамды танисыз ба?

Әзірше әңгіме күдіктілер емес, қылмысқа "қатысы бар" адамдар туралы ғана болып отыр

Бұған қоса, Хурст "Бәлкім, осы айрықша белгілері бойынша зымыранның өзі жайлы көбірек айтып бере алатын біреу бар шығар. Әлбетте, әңгіме құпия ақпарат жайында болып отыр" деді. JIT өкілдері куәгерлерді қорғау бағдарламасы бар екенін ескертті.

Баспасөз жиыны тергеу тобына хабарласуға әлдебір себептермен әлі мүмкіндігі болмаған қосымша ықтимал куәлерден, оның ішінде қақтығыс аймағынан шығу амалын іздейтін ресейшіл содырлардан көмек сұрау мақсатымен өткізілді. Әзірше әңгіме күдіктілер емес, қылмысқа "қатысы бар" адамдар туралы ғана болып отыр. Баспасөз жиынында олардың бәрін "куәлер" деп атады.

Тергеу тобы бастығы Фред Вестербеке 100 нақты тұлғаға қатысты күдік барын былтыр күзде мәлімдеген, бірақ мамырдың 24-індегі баспасөз жиынында ешкімнің аты-жөні жарияланған жоқ. JIT тобының ресми сайтында тергеу тобы әсіресе мына екі тұлға туралы ақпарат алуға мүдделі деп көрсетілген:

  • 1-тұлға: Бүркеншік есімі: Орион. Есімі: Андрей Иванович
  • 2-тұлға: Бүркеншік есімі: Дельфин. Есімі: Николай Федорович

Біріккен тергеу тобының қолында осы екі адамның телефон арқылы сөйлескен сөздерінің бірнеше жазбасы бар. Жазбаларды сайттан тыңдауға болады.

"Қылмысқа қатысы бар тұлғалар тергеуге неліктен әлі шақырылмады?" деген сұраққа Фред Вестербеке "Зымыранды дәл қай бөлімше (53-бригада) атқаны туралы алғаш рет ресми ақпарат жарияланып отыр" деді. Ол алдағы уақытта куәлер тергеуге шақыртылуы мүмкін екенін айтты.

53-ші зениттік-зымыран бригадасының әскери қызметкерлері "Бук" қондырғысының жанында тұр.
53-ші зениттік-зымыран бригадасының әскери қызметкерлері "Бук" қондырғысының жанында тұр.

Вестербеке "Қазір тексеру жұмыстары соңғы сатыға өтті. Мақсатымыз – кінәлілерді жауапқа тарту, бірақ түпкілікті үкім шыққанын күту үшін әлі көп төзім керек" деп мәлімдеді. JIT тобы басшысының бұл мәлімдемелерінен кейін журналистер "Тексеру неге мұншалықты ұзаққа созылып кетті?", "53-ші зенит-зымыран бригадасы туралы Bellingcat екі жыл бұрын жариялаған мәліметтерді Бірлескен тергеу тобы неге бүгін ғана жариялап отыр?" деп сұрады. Вестербекенің сөзінше, халықаралық тергеу тобының бұл тұжырымдары – қылмыстық істі тексерудің мұқият зерттелген қорытындылары саналады және оларды сотта пайдалануға болады. Бұл – тәуелсіз журналистер ашық дерек көздерінен жинаған зерттеу емес. "Тексеру әлі де өте қиын жағдайда жүргізіліп жатыр. Тергеушілер қылмыс орнына әлі толық кіре алмай жүр, сұратқан қажет ақпараттың көбіне "құпия" белгісі соғылған әрі әскери құпия саналады. Бұдан бөлек, кей тараптар тергеу тобымен белсенді ынтымақтаспай отыр. Ресей тарабы негізгі ақпаратты сол күйі бермегенін растаймын" деп мәлімдеді Вестербеке.

Биыл сәуірде тергеу тобы Ресей ұсынған радар мәліметтерін мұқият зерттеп шықты деп хабарланған болатын. JIT тобы бұл мәліметтер де тексеру тұжырымдарына қайшы емес деген ұйғарым жасаған. Ресейлік суреттерде зымыранның көрінбеуі заңды, өйткені радарлар жолаушы таситын ұшақтарды тіркеуге арналған, сондықтан жоғары жылдамдықпен ұшып бара жатқан нысандардың бәрін сүзгіден өткізеді.

Тексеру әлі де өте қиын жағдайда жүргізіліп жатыр. Тергеушілер қылмыс орнына әлі толық кіре алмай жүр, сұратқан қажет ақпараттың көбіне "құпия" белгісі соғылған

"Волкскрант" газетінің түсіндіруінше, тексерудің тым ұзаққа созылып кетуінің себебі – Нидерланд қылмыстық кодексінде ұжымдық жауапкершілік туралы бап жоқ. Жолаушылар ұшағын дәл қай зенит-зымыран бригадасы атып түсіргенін анықтау жеткіліксіз. Әр күдіктінің кінәсін бұлтартпайтын айғақтар туып, қылмыстағы оның рөлін анықтау қажет. Мысалы, Bellingcat тәуелсіз тобы өз зерттеуінде жариялаған 20 адамның аты-жөні – зымыран атуға жауапты адамдарды табу үшін айыптаушылар немесе судьялар пайдалана алатын ақпарат емес. Бұған қоса, JIT тобы күдіктілер ортасындағы иерархияны мұқият зерттеп, "Бук" қондырғысын Украина территориясына жеткізу туралы бұйрық беруі мүмкін адамдарды іздеп жатқанын айтады. Яғни, қылмысты тікелей орындаушылардан өзге адамдарды да тексеріп жатыр.

Бейсенбі күні Бірлескен тергеу тобы сайтында 2014 жылғы шілденің 17-сі күні "Бук" қондырғысы пайдаланылғанын білетін куәлерге арналған мынадай нақты сұрақтар жарияланды:

  • 2014 жылғы шілденің 17-сі күні қондырғыны алып жүрген топта кімдер болды?
  • Оларға қандай жарлық/нұсқау берілді?
  • Ол топты кім басқарды?
  • Бұйрықты кім берді?
  • 2014 жылғы маусымда Курскідегі бригададан "БУК-ТЕЛАР" ЗЗК тасымалдау тобында кімдер болды?
  • Ол топқа қандай жарлық/нұсқау берілді (маусымда)?
  • Бұл топты кім басқарды (маусымда)?
  • Бұйрықты кім берді?
  • 2014 жылғы шілденің 17-сі күніәлгі "БУК-ТЕЛАР" қондырғысын орналастыруға кім жауапты болды?
  • Бізге 53-бригададағы процедуралар мен жауапты тұлғалар туралы кім қосымша ақпарат бере алады?
  • Әлгі "БУК-ТЕЛАР" қондырғысы мен/немесе 53-бригада мүшелерінің және олардың 2014 жылғы маусымның 25-і мен шілденің 18-і аралығында қайда болғанын көрсететін фото және/немесе видеоматериалдар кімде бар?
MH17 рейсі әуеден құлаған күні Донецк қаласында түсірілген "Бук" қондырғысының суреті.
MH17 рейсі әуеден құлаған күні Донецк қаласында түсірілген "Бук" қондырғысының суреті.

Халықаралық тергеу тобы құрамында Нидерланд, Австралия, Малайзия, Бельгия және Украина өкілдері бар. Былтыр осы елдердің бәрі Boeing 777 жолаушылар ұшағына жасалған шабуылға күдіктілердің соты Гаагада Нидерланд заңдары бойынша өтетін болады деп келіскен. Ресей вето қойғандықтан БҰҰ жанынан бұл іс бойынша халықаралық трибунал құру мүмкін болмады. Сарапшылар Ресей конституциясы Ресей азаматтарын өзге елдерге беруге рұқсат етпейтіндіктен, ресейлік күдіктілерді Нидерланд сотына тартуға мүмкіндік аз деп санайды. Украина констиуциясында да осыған ұқсас бап бар, бірақ Украина Нидерланд елімен егер күдіктілер арасында украиналық азаматтар бар болып шықса, олар сотқа видеобайланыс арқылы қатысып, айыптау үкімі шыққан жағдайда Нидерланд соты тағайындаған жазаны Украина территориясында өтейтін болады деген арнайы келісімге қол қойған.

2014 жылғы шілденің 17-і күні MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурға бет алған Boeing 777 жолаушылар ұшағын Донецк облысы әуесінде атып түсірген еді. Ұшақ бортындағы 298 адамның барлығы мерт болған. Құрбандардың көпшілігі – Нидерланд азаматтары. Екі жолаушы (Нидерланд азаматтары) әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалып кеткендер санатында. Өйткені олардың ДНК-сын анықтау үшін септесетіндей денесінің тіпті болмашы қалдықтары да табылмаған.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Софья Корниенконың мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG