Accessibility links

"Мұнда ахуал нашар". Бішкекте түнде не болды? Оқиғаның жай-жапсары


Тәртіпсіздіктен кейін оқиға орнында тұрған арнайы жасақ. 18 мамыр 2024 жыл.
Тәртіпсіздіктен кейін оқиға орнында тұрған арнайы жасақ. 18 мамыр 2024 жыл.

18 мамырға қараған түні Бішкекте болған жаппай тәртіпсіздіктен 28 адам жарақаттанған. Үшеуі - шетел азаматы. Наразылық шетел студенттері мен мигранттарына қарсы бағытталғанға ұқсайды.

Бішкектегі дүрбелеңге Пәкістан және Үндістан тарабы дипломатиялық реакция білдірді. Исламабад пен Нью-Дели Қырғызстандағы студенттерін көшеге шықпауға үндеді.

Қырғызстанда тәртіпсіздік медицина университетінде оқитын Египеттен келген студенттердің жергілікті студенттермен төбелесіп жатқаны бейнеленген видео интернетте тарағаннан кейін тұтанған. Төбелес 13 мамырда болған деп айтылады. Бұдан кейін желіде Бішкек тұрғындарын "отандастарының ұрып-соғуына жауап беруге" шақырған видеолар тараған.

Нәтижесінде сенбіге қараған түні Бішкекте жастар көтерілген. Қараңғыда түсірілген видеодан қырғыз жастарының жатақхана маңында шетел студенттерін ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Оқиға орнына ішкі әскер әкелінді, су шашатын құралдар да байқалды.

Жастар милиция қоршауын бұзып шығуға тырысқан. Жиналғандар үкіметтен адамдар келуін талап етті. Жағдай ушыға түскен. Бішкек милициясының бастығы Азамат Токтоналиев жиналғандарды үйлеріне тарауға шақырған. Таңғы беске қарай топ тарай бастаған.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі Бішкекте жағдай тұрақты екенін мәлімдеді. Ресми ақпаратқа қарағанда, қалалық милиция ішкі әскермен және өзге де құрылымдармен "қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде істеп жатыр".

Бішкекте оқитын Пәкістаннан келген студент Мухаммад Ихтишам Латиф Азаттықтың Пәкістан қызметіне оқиғаны былайша сипаттаған.

"Мұнда ахуал нашар. Бәрі де Египеттен келген студенттердің жергілікті жігіттермен соғысуынан басталған. Қазір жергілікті тұрғындар наразылыққа шығып, үндістандық-пәкістандық студенттерді ұрып-соғып жатыр.... Олар студенттерді жатақхана немесе бөлмелеріне дейін қуып барады. Жатақхананың есіктері бұзылған, кешеден бері өзге студенттермен бірге университетте есікті бекітіп, осы жерден сіздерге жағдайды баяндап отырмыз" деді студент.

Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф Қырғызстандағы пәкістандық студенттердің жағдайына қатысты "қатты алаңдаушылық" білдірді. Ол Пәкістан елшісіне студенттерге тиісті көмек беруді тапсырғанын айтты.

Пәкістанның сыртқы істер министрі Исхак Дар X желісінде оқиғаға алаңдаушылық танытты.

"Пәкістан студенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан билігімен байланыс орнаттық. Қырғызстандағы елшіге оларға толық көмектесуді тапсырдым" деді Дар.

Бишкектегі түнгі акция. 18 мамыр 2024 жыл.
Бишкектегі түнгі акция. 18 мамыр 2024 жыл.

Қырғызстан билігі тергеу басталғанын хабарлап, кінәлілерді жазалауға уәде берді. Бішкек "шетел студенттеріне қарсы бағытталған инсинуацияларды" жоққа шығарды, бірақ билік "заңсыз көші-қонның жолын кесу және заң бұзған адамдарды Қырғызстаннан шығару үшін қатаң шаралар қолданып жатқанын" мәлімдеді. Осылайша Бішкек тәртіпсіздікке заңсыз мигранттарды кінәлағандай болды.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің жетекшісі Қамшыбек Ташиевтің айтуынша, түнде Бішкекте 18-25 жас аралығындағы шамамен 500-700 адам жиналып, Қырғызстанда жұмыс істеп жатқан мигранттардың артуына наразылық білдірген.

Қырғызстанның заңсыз мигранттармен күресіп жатқанын алға тартқан Ташиев тәртіпсіздікке жауапкершілікті заңсыз мигранттарға артқандай болды. Ол өз сөзінде негізінен Пәкістан және Бангладештен келген азаматтардың заң бұзатынын айтты.

"Күн сайын біз Қырғызстанда заңсыз жүрген кем дегенде 20-30 немесе 50-ге жуық адамды анықтаймыз. Ресми статистикаға сүйенсек, шетел азаматтары арасында Пәкістан мен Бангладеш азаматтары заңды жиі бұзады. 1,5 мыңдай Пәкістан азаматын және 1000-ға жуық Бангладеш азаматын депортацияладық" деді Ташиев.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Әлімқадір Бейшеналиев тәртіпсіздіктен кейін үш шетел азаматы ауруханаға түскенін айтты. Олардың қай ел азаматы екені айтылмайды.

Пәкістан елшілігі оқиғадан 14 пәкістандық зардап шеккенін айтты.

Оқиға Қырғызстан билігі заңсыз мигранттарды елден шығаруға тырысып жатқан шақта болып отыр. 16 мамырда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті тігін цехында істеген 28 пәкістандық жұмысшы ұсталғанын хабарлаған. 15 мамырда Бішкек милициясы жеткізу қызметінде істеген 400-ден астам шетел студентінің жұмыстан шығарылғанын айтқан. Күштік құрылым өкілдерінің айтуынша, олар рұқсат қағазынсыз жұмыс істеген.

XS
SM
MD
LG