Оппозициялық депутат қамалған ақпанның 26-сы күні Бішкекте оның жақтастары наразылық шеруіне шықты. Ертесінде сот Текебаевты «жемқорлық пен «алаяқтыққа қатысы бар» деген күдікпен екі айға қамау туралы шешім шығарған соң да оны жақтаған шамалы топ қарсылықты жалғастырды.
Омурбек Текебаев пен оның саясаттағы бұрынғы одақтасы, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев біраздан бері араздасып, екеуінің арасы барған сайын шиеленісе түскендіктен жағдайдың осылайша өрбуі мүмкін екенін кейбіреулер бұрыннан болжаған.
Қырғызстан тәуелсіздігін жариялағанға дейін-ақ саясатқа араласқан Омурбек Текебаев - қайшылыққа толы тұлға. Оның «Ата Мекен» партиясы елде 1991 жылдың соңында, «Еркін Қырғызстаннан» кейін құрылған екінші саяси ұйым. Соңғы 25 жыл ішінде Текебаев Қырғызстанның ең ықпалды саясаткерлерімен достасып та, араздасып та келеді.
Осы өткен кезеңде ол парламент спикері де болды, президенттікке де таласты, Қырғызстан президенттерін өткір сынап та жүрді.
Омурбек Текебаев Қырғызстанның оңтүстігіндегі Жалалабад облысы Базар-Қорған ауданында туған. Ақпанның 27-і күні осындағы Текебаевтың жақтастары депутатты ұстауға наразылық білдіріп, Ош пен Бішкек арасын жалғап жатқан негізгі тас жолды бөгеуге әрекет жасады.
1980-жылдары Акман ауылында мектеп мұғалімі болған Текебаев кейін саясатқа араласа бастаған. 1990 жылы ол Қырғыз ССР-і Жоғары советі депутаты болып сайланды, ал 1991 жылы СССР Жоғарғы советіне мүше болып, оның әділет істері жөніндегі комитеті құрамына енді.
1995 жылы тәуелсіз Қырғызстан парламенті депутаты болып сайланған Омурбек Текебаев сол жылы президенттік сайлауға да түсуге ниет білдірген еді. Бірақ оның кандидатурасы тіркеуден өтпей қалды.
2000 жылы парламент депутаттығына қайта сайланған ол төменгі палатаның вице-спикері лауазымына дейін көтерілді. Сол жылы президенттікке кандидат болып тіркелген Омурбек Текебаев сайлауда сол кездегі президент Асқар Ақаевтан кейінгі екінші орынды иеленді.
2005 жылы парламентке қайта сайланған ол төрт күн ғана спикер қызметін атқарды. Наразы халық Асқар Ақаевты биліктен кетірген соң Омурбек Текебаев елдің басқару жүйесін парламенттік республикаға ауыстыру туралы бастама көтерді.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ОППОНЕНТІ
2006 жылдың басында Омурбек Текебаев Асқар Ақаевтың орнына билікке келген Құрманбек Бакиевтің басты қарсыласына айналды. Президенттік мерзімі енді басталған Бакиев 2006 жылдың ақпанында залда Текебаев отырғандықтан, Қырғызстан қауіпсіздік кеңесі мәжілісіне қатысудан бас тартып, одан сыртқа шығуды талап етеді. Текебаев спикер қызметінен кететінін мәлімдегенімен парламент оның отставкасын мақұлдамай, бұл мәселе дауға ұласады. 2006 жылғы ақпанның соңында парламент жетекшісі қызметінен кеткен Омурбек Текебаев парламент депутаты мандатын сақтап қалып, Бакиевтің ымырасыз қарсыластарының біріне айналды.
2006 жылдың қыркүйегінде атышулы «есірткі дауы» шықты. Бішкектен жіберілген құпия ақпаратқа сүйенген Варшавадағы кеден қызметкерлері Текебаевтың жүгінен 595 грамм героин жасырылған матрешка ойыншығын тауып алды. Кейіннен жүргізілген тергеу нәтижесінде бұл оқиғаға президенттің інісі, сол кездегі Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметі басшының орынбасары Жаныш Бакиевтің қатысы болуы мүмкін деген болжам жасалды. Жаныш Бакиев қызметінен босатылғанымен, оған ешқандай айып тағылған жоқ. Осы дау-дамай кезінде ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Бусурманқұл Табалдиев отставкаға кетті. Кейін Жаныш Бакиевтің өзін бұл іске қатысы болуы мүмкін деген парламентке қарсы шағым түсірген.
Арада біраз уақыт өткенде «героин дауы» кезінде Омурбек Текебаевты жақтаған сол кездегі премьер-министр Феликс Кулов оппозиция мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері арасындағы әңгіме-мыс деген «әлдекімдердан алынған» аудиожазбаны жариялаған соң Текебаев тағы бір даудың астында қалды. Куловтың айтуынша, оппозиция өкілдері, соның ішінде Текебаев үкіметті құлату мәселесін талқылған-мыс.
Таспадағы өз дауысы екенін мойындаған Текебаев оның көп жері өзгертілгенін айтып, Кулов пен ұлттық қауіпсіздік қызметі басшысын сотқа беремін деп мәлімдеді.
2007 жылғы қазанда болған конституцияға қатысты референдум 75 орындық парламентке тағы 15 орын қосуды мақұлдаған соң президент Бакиев жаңа парламент сайлауын өткізу туралы шешім шығарды. Сол сайлауда жеңіліп, парламентке өте алмай қалған Текебаев 2010 жылғы сәуірде Бакиев биліктен қуылғанға дейін оған қарсы оппозиция күресін бастаған жетекші саясаткерлердің бірі болды. Сәуір төңкерісінен соң ол Роза Отунбаеваның уақытша үкіметі төрағасының орынбасары, Конституциялық кеңестің төрағасы болып сайланды. Осы қызметте конституцияның жаңа жобасын әзірлеуге қатысты. Жаңадан қабылданған конституцияға сәйкес Қырғызстан президенттік биліктен парламенттік басқару түріндегі республикаға өтті.
Омурбек Текебаевтың «Ата Мекен» партиясы 2010 жылғы қазанда көп партия қатысқан баламалы сайлауда жеңіске жетуге шақ тұрған. Бірақ партияның батысшыл ұстанымы Кремльдің қолайына жақпағанға ұқсайды, сондықтан Мәскеу оны қаралауға көп күш салды деп санайды сарапшылардың көбі. Қырғызстанда аса танымал Ресей телеарналары оны жағымсыз кейіпте сипаттайтын видеорепортаждар жариялады.
2010 жылғы сайлауда «Ата Мекен» партиялардың арасында парламентке соңғы, яғни бесінші болып өтіп, 120 орынның тек 18-ін иеленді. Текебаев спикерлікке ұсынылғанымен, қажетті дауыс жинай алмады. 2015 жылғы сайлауда «Ата Мекен» партиясы тағы да соңғы орынды иеленіп, тек 11 орынды місе тұтты.
АТАМБАЕВПЕН ТІРЕСУІ
2015 жылғы сайлау қарсаңында Омурбек Текебаев пен қазіргі президент Алмазбек Атамбаев арасындағы тірес анық байқалды. Атамбаевтың социал-демократиялық партиясы бұрынғыдан көп дауыс жинап, парламентте 38 орынды иеленді.
Атамбаевтың 2016 жылғы желтоқсанда өткен конституциялық реформаға қатысты референдумды қызу қолдауы Текебаевтың шамына тиді. 2010 жылы Бакиев биліктен кетірілген кезде уақытша үкіметте болған басқа саясаткерлермен бірге «Ата Мекен» басшысы да биліктің бұл бастамасын қатты сынады.
2016 жылғы тамыздың 31-і күні тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиында сөйлеген президент Атамбаев Текебаев пен Отунбаеваның атына сын айтты, бұған нарзылық білдірген Отунбаева президент сөйлеп жатқанда жиыннан кетіп қалды.
Содан бері Текебаев пен оның жақтастары Атамбаевтың Бішкек маңында резиденция салуға ақшаны қайдан алғанын, оның президенттікке келгенге дейін бизнесте жолы болуына кімдердің ықпал еткенін тергеуді талап етіп келеді. Атамбаев болса, Текебаевтың бизнесі мен оның табыс көздерін тексеру қажет деп мәлімдеме жасап жүр.
Бұл саясаткерлердің арасында бір қақтығыстың болатыны айқын еді. Кейбіреулер мұны күзде болатын президент сайлауы қарсаңындағы Атамбаевтың кек алу әрекеті деп санайды.
Текебаевтың тұтқындалуы 2005 және 2010 жылдардағыдай үлкен қарсылық шараларына түрткі бола алмас еді. Бірақ бұл саяси оппозицияның билікке қарсы халық наразылығын ояту үшін қолдануы мүмкін Қырғызстандағы жұмыссыздық, кедейшілік, жемқорлық, Құмкөл алтын кенішін игеруге қатысты Канаданың Centerra компаниясымен арада жасалған даулы келісім тәрізді қордаланған проблемалар тізімін толықтыра түседі.