Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында содырлардың университетке шабуылынан кем дегенде 20 адам қаза тауып, 50 адам жараланды.
Шабуыл провинция астанасы Пешавардан солтүстік-шығысқа қарай 17 километр жердегі Чарсадда қаласындағы Бача Хан университетіне жасалған. Жергілікті билік өкілі Шаукат Юсуфзайдың айтуынша, құрбандар арасында студенттер мен университет қызметкерлері де бар. Шабуылды "Талибан" қозғалысы мойнына алды.
Полиция төрт содырдың көзін жойғанын айтады. Университеттен екі рет қатты жарылыс дүмпуі естілген.
Провинция полициясы басшысы Саид Вазирдің айтуынша, қаза тапқан студенттердің көпшілігін содырлар университеттің ұлдарға арналған жатақханасында атып тастаған. Бірақ ол қаза тапқандар қатарында полиция көзін жойған төрт содырдың бар-жоғын айтпады.
Куәгерлер Азаттықтың Пәкістандағы редакциясы - "Машааль" радиосына "содырлар таңертең университеттің информатика мен ғылымды басқару факультетінің студенттері мен оқытушыларына оқ атқанын" айтты.
Әуелгі хабарларда университет ішінде біраз студент қыздың қамалып қалғаны айтылған.
Бірақ университет үстінен әскери тікұшақтар ұша бастап, аумаққа қауіпсіздік күштерінің арнайы жасағы әкелінген соң Пәкістан телеарналарынан көрсетілген тікелей эфирде студент қыздардың университет ғимаратынан қашып бара жатқаны көрінеді. Полиция кейін студенттердің көпшілігін эвакуациялағанын хабарлады.
Бірақ студенттер мен оқытушылар "университет ғимаратының екінші және үшінші қабаттарында әлі бірнеше содыр болуы мүмкін" дейді.
Университет оқытушысы Фазли Рахим Марваттың айтуынша, университетте шамамен 3 мыңға тарта студент оқиды, 600-ге тарта оқытушы жұмыс істейді.
Студент Радж Бахадар "шабуыл басталғанда университетте болғанын, кемінде екі қауіпсіздік қызметкері жараланғанын көргенін" айтады.
Шабуыл Пәкістан әскері Хайбер-Пахтунхва провинциясының тайпалық аймақтары мен Ауғанстанда "Талибан" мен басқа да экстремистік топтарға қарсы операциялар жүргізіп жатқан тұста жасалып отыр.
2014 жылы желтоқсанда "Талибан" содырларының Пешавар маңындағы әскери қызметкерлердің балаларына арналған мектепке жасаған шабуылынан 144 оқушы мен оқытушы қаза тапқан.