Accessibility links

Алматы маңындағы ұшақ апаты. Оқиғаның жай-жапсары


Алматы халықаралық әуежайы ұшу алаңының шетіне құлаған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағының бір бөлігі. Алматы, 13 наурыз 2021 жыл.
Алматы халықаралық әуежайы ұшу алаңының шетіне құлаған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағының бір бөлігі. Алматы, 13 наурыз 2021 жыл.

13 наурызда Алматы әуежайы маңындағы Қызылту ауылында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында болған алты кісінің төртеуі қаза тауып, екеуі ауруханаға жеткізілді.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Алматы әуежайы баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан - Алматы бағытымен ұшқан АН-26 ұшағы қону кезінде құлады".

"Сағат 17:20-да байланыс үзілді. Бірден дабыл қақтық. Біздің барлық қызметіміз оқиға орнына жетті. [Ұшақ] ұшу-қону жолағына жетпей құлаған" деп хабарайды әуежайдың баспасөз қызметі.

Google-картада Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы құлаған жер деп Алматы халықаралық әуежайы ұшу алаңының шеті көрсетілген. 13 наурыз 2021 жыл.
Google-картада Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы құлаған жер деп Алматы халықаралық әуежайы ұшу алаңының шеті көрсетілген. 13 наурыз 2021 жыл.

Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілді деген видеокадрлар тарады. Видеоларда әскери ұшақтың бір бүйіріне қисая құлағанын байқауға болады. Құлаған ұшақта жарылыс болып, өрт шыққан. Апат орнынан шыққан қою түтін ауаға тарап жатты. Куәгерлер ұшақтың ұшу-қону жолағына жете алмай құлағанын айтты.

Кейін ұшақтың екі ұшу-қону жолағының арасына құлағаны белгілі болды.

"13 наурызда сағат 17:25-те Алматы әуежайы диспетчер қызметінен 17:22-де Нұр-Сұлтан - Алматы бағытымен ұшқан АН-26 әскери ұшағы радардан көрінбей кетіп, Алматы әуежайына апатты жағдайда қонды деген ақпарат келді" деді Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның айтуынша, өрт сөндірушілер ұшақтағы өртті сөндірген, апаттан аман қалған екі адам №4 қалалық клиникалық ауруханаға жіберілген.

Алматы қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша, оқиға орнында қалалық қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты жедел жәрдемнің 10 реанимация бригадасы жұмыс істеген.

Полиция қызметкерлері Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы құлаған жерге ешкімді өткізбей тұр. Алматы әуежайы, 13 наурыз 2021 жыл.
Полиция қызметкерлері Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы құлаған жерге ешкімді өткізбей тұр. Алматы әуежайы, 13 наурыз 2021 жыл.

Апаттан кейін Алматы әуежайы уақытша жабылып, қонатын ұшақтар басқа әуежайларға жіберілді.

Ұшақ апатынан майор Ғабит Барлықбаев (1984 жылы туған), капитан Досжан Баймұратов (1985 ж.т.) пен аға лейтенант Мұхтар Сағымбаев (1994 ж.т.) және сержант Евгений Васильков (1985 ж.т.) қаза болды.

АПАТҚА НЕ СЕБЕП БОЛҒАН?

Құзырлы органдар әзірге қайғылы оқиғаның себебі туралы болжам айтқан жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе апатының себептерін анықтайтынын хабарлады. Комитет құлаған ұшақтың ҰҚК әуе қызметіне тиесілі екенін, оның борт нөмірі "02" екенін ғана хабарлады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, апат себептерін анықтау жұмысы басталғанын мәлімдеді: "Алматы әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Менің тапсырмам бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды. Мұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек" деп жазды Тоқаев Twitter-дегі ресми парақшасында.

АМАН ҚАЛҒАНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ұшақта болған екі адам: 1987 жылы туған Артем Аширов пен 1996 жылы туған Бақыт Исламов Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Аурухана дәрігерлері олардың ахуалы туралы айтып берді.

– 1996 жылы туған науқастың бас сүйегі зақымданған, саусақтары сынған, денесі мен екі қолының 50 пайызы күйген, көкірек қуысы жараланған. 1987 жылы туған екінші науқастың бас сүйегі зақымданған, денесі мен екі қолының 30 пайызы күйген, сол жақ жіліншігі сынған, кеуде қуысы зақымданған, қабырғасы сынған, – деді Алматы қалалық № 4 клиникалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Руслан Тоқышев.

Аурухана өкілдерінің айтуынша, "жан сақтау бөлімінде жатқан екі науқастың да жағдайы ауыр, дәрігерлер оларды аман алып қалу үшін қолдан келгенді істеп жатыр".

Полиция қызметкерлері Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы құлаған жерге ешкімді өткізбей тұр. Алматы әуежайы, 13 наурыз 2021 жыл.
Полиция қызметкерлері Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы құлаған жерге ешкімді өткізбей тұр. Алматы әуежайы, 13 наурыз 2021 жыл.

ҚҰЛАҒАН ҰШАҚ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Құлаған АН-26 ұшағының техникалық жағдайы туралы ақпарат айтылған жоқ. Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, АН-26 – "Антонов" конструкторлық бюросында әзірленген Совет одағының әскери-көлік ұшағы. Ол - АН-24 моделінің жетілдірілген түрі. Жүк люгының аузы кең болғандықтан әрі арнайы трап орнатылғандықтан, жерден де, көлік кузовынан да жүк тиеуге ыңғайлы. АН-26 ұшағының АИ-24ВТ турбиналы-винтті екі двигателі бар және бір қосымша реактивті двигателі бар.

ҚАЗАҚСТАНДА БОЛҒАН ҰШАҚ АПАТТАРЫ

2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы әуежай маңында құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Апаттан 12 адам қаза болды.

Сол жылы 27 наурызда Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің Ми-8 тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырады. Қазақстан қорғаныс министрлігі тікұшақта болған 13 адамның бәрінің қаза тапқанын хабарлады.

2016 жылы 27 қаңтарда Алматы облысында Алакөл ауданынан Талдықорған қаласындағы ауруханаға науқас баланы апара жатқан UP-MD 600-N тікұшағы құлап, бес адам мерт болған.

2015 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысында бортында экипаж мүшелерімен қосқанда жеті адам болған "Ан-2" ұшағы құлаған. Апаттан бір адам – жолаушы әйел ғана тірі қалды.

2013 жылы 29 қаңтарда Алматы әуежайына жақын Қызылту ауылының тұсына Көкшетаудан Алматыға жолаушы әкеле жатқан Scat компаниясының CRJ-200 ұшағы құлап, 21 адам (16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі) қаза тапқан еді.

2012 жылғы желтоқсанда Шымкент түбінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы апатқа ұшырап, 27 адам қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG