Accessibility links

Ресейде ұшақ апатынан 92 адам мерт болды


Ресейлік Ту-154 әскери ұшағы апатында мерт болғандардың сүйектерін теңізден тауып, жағаға жеткізген құтқарушылар. Сочи, 25 желтоқсан 2016 жыл.
Ресейлік Ту-154 әскери ұшағы апатында мерт болғандардың сүйектерін теңізден тауып, жағаға жеткізген құтқарушылар. Сочи, 25 желтоқсан 2016 жыл.

Сочиден Сирияға ұшып шыққан ресейлік Ту-154 ұшағы Қара теңізге құлап, ұшақтағы 92 адам түгел қаза болды. Ресейде желтоқсанның 26-сы ұлттық аза тұту күні болып жарияланады.

Ресей қорғаныс министрлігінің Ту-154 ұшағы жексенбі, желтоқсанның 25-і күні таңертең Мәскеу уақытымен сағат 5.20-да Сочи қаласы аэродромынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай радардан жоғалып кетті. Сирияның Латакия қаласына бет алған ұшақ оның алдында Мәскеу облысындағы Чкалов әуежайынан шығып, Сочиге жанармай құюға аялдаған еді.

Бірінші сынып ұшқышы Роман Волков басқаратын ұшақ Сочи әуесіне көтерілісімен арада жеті минут өткенде жағалаудан шамамен бес шақырымдай қашықтықта теңізге құлағаны кейін анықталды.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, ұшақта 8 экипаж мүшесі мен 84 жолаушы болған. Жолаушылар арасында ресейлік әскери қызметкерлер, Сирия жеріндегі "Хмеймим" әуе базасындағы Ресей әуе-ғарыш күштері тобын жаңа жыл мерекесімен құттықтауға бара жатқан Александров атындағы ән-би әскери ансамблі мүшелері және ресейлік тоғыз журналист болған. Олардың тізімі Ресей қорғаныс министрлігі сайтында жарияланды.

Ұшақ апатынан қаза болғандар арасында Александров атындағы ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі бас әскери дирижер Валерий Халилов, қорғаныс министрлігі мәдени басқармасы бастығы Антон Губанков, «Справедливая помощь» қорының басшысы Елизавета Глинка (Доктор Лиза) бар.

Мәскеулік Хельсинки тобының жетекшісі Людмила Алексеева «Справедливая помощь» қоры директоры Елизавета Глинканың опат болуын «орасан қаза» деп атады. «Ол әулие болатын» деп мәлімдеген құқық қорғаушы.

Ресейдің адам құқығы жөніндегі кеңесі басшысы Михаил Федотов ұшақ апатында қаза тапқан Елизавета Глинканың "ұзақ жылдары бойы күн сайын дерлік паллиативті медициналық жәрдем көрсетіп, үйсіз жандарға ас беріп, киіндіріп, паналайтын орын тауып берумен айналысқанын" айтады. Глинка Донбастан науқас және жаралы балаларды алып шыққан, қоғамдық бақылау комиссияларының жұмысына қатысқан, хоспистерге, ауруханалар мен паналату орындарына көмек бөлінуіне атсалысқан. "Оның миссиясы – өзгелерді құтқару еді" дейді Федотов.

​Осы ұшақпен ұшуы тиіс болған әртіс Сергей Хлопниковтың айтуынша, ұшақта негізінен Александров атындағы ансамбль құрамындағы хор мүшелері, балет әртістері – барлығы 68 адам болған.

Сонымен бірге ұшақта ресейлік "Первый канал" телеарнасының үш журналисі - Дмитрий Рунков, Вадим Денисов пен Александр Сойдов, НТВ телеарнасының түсірілім тобы - Михаил Лужецкий мен Олег Пестов және Ресей қорғаныс министрлігінің "Звезда" телеарнасының үш журналисі болған.

Ұшақ апатында қаза тапқан ресейлік "Первый канал" телеарнасы журналистері.
Ұшақ апатында қаза тапқан ресейлік "Первый канал" телеарнасы журналистері.

Әлем елдері ұшақ апатына байланысты Ресейге көңіл айтып жатыр. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайғылы оқиғаға байланысты Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтып жеделхат жолдады деп хабарлады жексенбі күні Ақорда баспасөз қызметі.

Ресей президенті Владимир Путин дүйсенбі, желтоқсанның 26-сы елде ұшақ апатында опат болғандарды ұлттық аза тұту күні жарияланады деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG