Accessibility links

Пәкістанда кенже қызын да сатпақ болған әке тұтқындалды


Әкесі өзін сатпақ болғанын айтып полицияға шағымданған пәкістандық 12-жасар Нушин.
Әкесі өзін сатпақ болғанын айтып полицияға шағымданған пәкістандық 12-жасар Нушин.

Пәкістан полициясы ер адамға 12 жасар қызын сатпақ болды деген айып тақты. Полицияға шағым түсірген қыз бен оның ағасының айтуынша, қыз бала – әкесінің сатуға шығарған соңғы туысы.

Пәкістан полициясы 12 жасар қызын жезөкшелікке сатпақ болған деген күдікпен Адалат Хан есімді адамды тұтқындады. Бұл оқиға елдің ер адамдар үстемдік еткен кейбір аудандарындағы әйелдер мен балалардың ауыр халін көрсетеді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Пәкістанның тайпалар мекен ететін солтүстік-батыс аймағында тұратын жас қыз Нушин мен оның бауыры әкелерінің бұған дейін екі үлкен қызын және олардың анасын күңдікке әлде одан да қиын жұмысқа сатып, одан пайда көріп үлгергенін айтты.

Бұл саудасы үшін ол шамамен бірнеше жүз доллардан бастап шетелдік визаға дейін алған. Ал соңғы саудадан ол 200 мың рупий ($1900) алуы тиіс еді. Бұл – қара жұмысшының бір жылдық жалақысы. Қамауда отырған әке екі қызын басқаларға бергенін мойындады, ол кішкене қызы Нушинді де «Құдайдың атымен тапсырмақ» болғанын айтты.

Пәкістан үкіметі жастардың, әсіресе қыз балалардың сатылуына, оларды бала жастан тұрмысқа беруге тыйым салуға тырысады. Дегенмен, әйелдер мен қыз балалар мұндай зорлықтан әлі де зардап шегіп жатыр, ал өкіметтің қыздарды балиғатқа жеткізбей тұрмысқа беру, оларға зат сияқты қарау әрекеттеріне жол бергендерді қатаң жазалау шараларына діни топтар қарсылық білдіріп келеді.

ЗАТ ЕСЕБІНДЕ

Пәкістан полициясы 26 қазанда елдің солтүстік-шығысындағы Хибер Пахтунхва аймағының орталығы Пешавар қаласына жақын маңдағы Сар Дери ауылындағы Адалат Ханның үйін тінтіп, оның өзін тұтқынға алды.

Полицияның айтуынша, Адалат Хан қызы Нушинді оңтүстік-шығысқа қарай жүздеген шақырым қашықтықтағы Пенджаб аймағынан келген екі жігітке 200 мың рупийге делдал арқылы сатпақ болғанын мойындаған.

Сар Дери ауылдық полиция басшысы Имран Ханның айтуынша, Адалат Ханға Пәкістанның қылмыстық кодексі бойынша «баланы жезөкшелік мақсатында сатуды ұйымдастырды» деген айып тағылған. Онымен бірге тағы екі жігіт пен жасы жетпістің шамасындағы әйел баланы жезөкшелік мақсатында сатып алмақ болды деп айыпталып отыр. Күдіктілердің айыптары дәлелденсе әрқайсысы 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Пәкістанның Пешавар қаласында қоқыс тастайтын жерде отырған қыз балалар. (Көрнекі сурет.)
Пәкістанның Пешавар қаласында қоқыс тастайтын жерде отырған қыз балалар. (Көрнекі сурет.)

Бауырымен бірге полицияның қарауына алынған Нушиннің айтуынша, әкесі осыған дейін оның екі әпкесі мен анасын сатып жіберген.

– Мұның алдында анам мен екі әпкемді жоғалттым. Енді ол мені пенджабтықтарға сатпақ болды. Олардың маған не істейтінін білмеймін, - деді Азаттық тілшісімен сөйлескен қыз көз жасын тыя алмай.

Пәкістанда отбасылары сатып жіберген кішкене қыздар қожайынның қалағанын істейтін күң, қызметші немесе бірнеше әйел алу қалыпты жағдай саналатын қоғамдағы бай еркектердің тоқалы болады.

Пәкістан заңдары бойынша балалардың үйленуіне тыйым салынған. Қыздар – 16, ал ұлдар 18 жасқа келгенде ғана некеге отыра алады. Соған қарамастан, Пәкістан сияқты тым консервативті елде жақындарының жас қыздарды еркінен тыс күйеуге беруі қалыпты жағдай саналады.

Нушин күдігін 18 жастағы ағасы Резвануллаға айтыпты, содан соң ол бұл жайды полицияға хабарлаған.

– Ол алдымен анамды, сосын екі әпкемді сатты, - деген Резванулла ол кезде тым жас болыпты. Олар тек еміс-еміс есінде екен, қазір олардың қайда екенінен тіпті бейхабар.

– Қарындасым өзін әкем сатқалы жатқанын айтты. Оны қолынан жетелеп, ағамыздың үйіне қашып келдік, - дейді Резванулла.

Әкесі Нушинді алып кетпек болып ағасының үйіне келгенде ол полиция шақырған.

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Пәкістанда балалардың үйленуіне қатысты сенімді статистика жоқ, себебі мұндай жайттар полицияға сирек хабарланады, ал үкімет ондай істердің санағын жүргізбейді.

Дегенмен, ЮНИСЕФ ұйымының 2014 жылғы Әлем балаларының ахуалы туралы есебіне жүгінсек, пәкістандық қыздардың жеті пайызы жасы 15-ке келмей тұрмыс құрады екен.

Исламабадтың кедейлер қоныстанған ауданындағы мектепте білім алып отырған қыз балалар. (Көрнекі сурет.)
Исламабадтың кедейлер қоныстанған ауданындағы мектепте білім алып отырған қыз балалар. (Көрнекі сурет.)

Балаларға көмектесетін Save the Children халықаралық ұйымының мәліметтері бойынша, Пәкістандағы қыздардың 40 пайызы 18 жасқа дейін тұрмысқа шығады, ал тұрмыстағы әйелдердің 8 пайызы 15-19 жасында ана атанады.

Адалат Хан қыздарын ақшаға сатқанын мойындайды және бұл ісінен еш сөкеттік байқамайды.

– Үлкен қызымды Хатун (делдал – ред.) сатып берді, ол үшін 30 мың рупий, немесе қазіргі бағаммен 300 доллар алдым. Гүлдаста есімді екінші қызымды сатқанда оның [болашақ] күйеуі маған виза жасап берді, - дейді Адалат Хан.

Өзінің айтуынша, ол Сауд Арабиясына виза алып, сонда екі жылдай болған соң Пәкістанға қайтып оралған.

Полиция Хатун есімді әйелді Нушинді сатуды ұйымдастырып, сол үшін сатып алушылардан 70 мың рупий алған деп айыптады. Әйел болса бұл айыптауларды жоққа шығарады.

– Мен тек үйленуді ұйымдастырмақ болдым, - дейді ол.

Пәкістанның қалалары жылдам модернизацияланып жатқанымен, алыс аймақтар оларға ілесе алмай келеді. Ежелгі мәдени дәстүрлерді сақтап отырған мұндай қоғамда салт пен қылмыстың ара-жігін ашу қиын.

– Құран ұстап ант етейін, мен Нушинді немереме қоспақ болдым, оның әкесі де бұған келісті. Оның қолынан айттырғанда салған жүзікті көруіңізге болады, - дейді Хатун.

Пәкістанда кейде отбасылар арасындағы дау-дамайды реттеу үшін жас қыздар тұрмысқа беріледі. Бұл дәстүрлі «суара» деп атайды. Пуштундар жиі қоныстанған солтүстік-батыста, сондай-ақ Панджаб пен Белуджистан аймақтарының пуштун тайпалары мекендейтін кей өңірлерінде бұл салт әлі сақталған.

(Фруд Бежанның материалы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG