Accessibility links

Қазақстандағы тұрақтылыққа төнген қатер


Қарулы исламшылдар деген күдікке ілінген топтың шабуылы кезінде сатушы Андрей Максименко қаза тапқан дүкенге гүл қойып жатқан әйел. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.
Қарулы исламшылдар деген күдікке ілінген топтың шабуылы кезінде сатушы Андрей Максименко қаза тапқан дүкенге гүл қойып жатқан әйел. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Ақтөбедегі қарулы шабуылдарды талдаған Батыс баспасөзі әлсіз экономика мен саяси реформалардың жоқтығы Қазақстанға көбірек қатер төндіруі мүмкін деп жазады.

АҚТӨБЕДЕГІ ТҰТҚИЫЛ ШАБУЫЛ

Сингапурдың Channel News Asia арнасының сайты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе қаласында 5 маусымда болған оқиғаны «шетелден нұсқау алған радикал жалған діни ағым өкілдері» ұйымдастырған теракт ретінде сипаттаған сөзін келтірген.

Мақала авторларының хабарлауынша, билік Ақтөбедегі әскери бөлімге шабуылдады деп күдіктенетін содырлардың бірі ертеректе «интернетте «Ислам мемлекеті (ИМ) экстремистік ұйымын жақтайтынын білдіретін видеоролик жариялаған». Рүстем Омаровтың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған видеоролик Ақтөбедегі шабуыл мен ИМ ұйымы идеологиясын алғаш рет байланыстырды. Орыс тілінде түсірілген видеороликте «нағыз мұсылмандар кейде тіпті «экстермистсің» деп бала-шағасы безсе де, өз сенімінен жаңылмауы тиіс» деген догма айтылады.

«Шабуыл [ИМ] ұйымының бұйрығымен жасалғанын дәлелдейтін айғақтар жоқ, бірақ оның тәсілдері мен идеологиясы мұсылмандар көп тұратын, билігі репрессияға бейім, ал миллиондаған адам кедейлікке ұшыраған, қазірдің өзінде тынышы кеткен аймақта қатерге айналуы мүмкін» деп жазады Channel News Asia.

5 маусымда шабуылға ұшыраған әскери бөлімдегі қаралы жиын. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
5 маусымда шабуылға ұшыраған әскери бөлімдегі қаралы жиын. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Ұлыбританияның Economist журналында жарияланған «Орталық Азияның ең үлкен еліндегі тақтың шайқалуы» деген мақалада «провинциялық қаладағы қарулы исламшылдардың еліруі Орталық Азияның бұрынғы бес советтік республикасының ішіндегі ең тыныш еліндегі онсыз да шиеленісті жағдайды ушықтырып жібергені» айтылған. Мақала авторы «елдің кемінде бес қаласында наразылық акциялары өтуіне байланысты биліктің жүйкесі сәуірден бері онсыз да жұқарып отырған еді» деп жазады.

Мақалада сәуірдің 24-і күні Атыраудағы ең бірінші әрі ең ірі митингіден басталып, елдің өзге бірнеше қаласын шарпыған жер реформасына қарсы наразылық акциялары қазіргі Қазақстан үшін прецедент болғаны айтылады. Содырлар деп болжанған адамдардың 5 маусым күнгі Ақтөбедегі шабуылынан мерт болған үш әскери қызметкер мен төрт бейбіт тұрғынның қазасы тәуелсіздіктің 25 жылында мұндай ештеңе болмаған елді есеңгіретіп тастады. Шабуылдаған қарулы жігіттердің бірнешеуінің көзі жойылып, ал кейбірі әлі іздестіріліп жатыр.

ҚАСТАНДЫҚ ТЕОРИЯСЫ ЖӘНЕ АЙҚЫН ҚАТЕРЛЕР

«Билік қастандық теориясына балаған жайттар бұрын да болған. Әуелі мемлекеттік баспасөз жер реформасына қарсы наразыларды төңкеріс жасауды жоспарлап, шетелде отырған сыбайластары қаржыландырған «арандатушылар» деп атады. Кейін билік коррупциялық қылмысқа қатысты айыпталған ресейшіл бизнесмен Тоқтар Төлешовті «Назарбаевтың билігін құлатуды көздеп, наразылық қоздырды» деп айыптады. Бірақ мұның себебін қалай деп түсіндірсе де, президенттің алаңдауына негіз бар. Ақтөбедегі оқиға мұны тіпті ушықтыра түсті» деп жазады Economist журналы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 9 мамыр 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 9 мамыр 2016 жыл.

Ұлыбританияның Financial Times газеті «Президенттің сөзінше, Қазақстандағы жағдайды шетелдік күштер ушықтырғысы келеді» деген мақаласында Ақтөбедегі қарулы шабуылды «теракт» деп атаған Нұрсұлтан Назарбаевтың 8 маусымдағы сөзін келтірген. «[Оның сөзі] қазіргі тұрақсыздық қымбат мұнайдың арқасында [қаржылық] молшылыққа кенеліп, ондаған жылдар бойы саяси тұрақтылықтың рахатын көрген Қазақстан билігін алаңдатып отырғанын аңғартады. Бірақ Қазақстан экономикасының өсім көрсеткіші [қазір] 1990 жылдардың басынан бергі кезеңдегі рекордты ең төмен деңгейге түсуі мүмкін, ал бұл билікке деген наразылықты күшейтеді, мұны жуырдағы митингілерден байқауға болады» деп жазады басылым.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «исламшыл радикалдар» мен «шетелдік күштердің» қатысы бар деген болжамын талдаған Financial Times газеті «Ақтөбедегі шабуылға түрткі болған жайттар әлі анық емес» деп жазған. «Сарапшылар Қазақстан үшін бұдан гөрі әлсіз экономика мен саяси реформаның жоқтығы үлкен қатер болып тұр деп санайды. Әлгі наразылық митингілері саяси биліктің ауысуын күткен қазақстандық саяси және бизнес элитаның ықпалын күшейтуге өзара таласып, президенттің жасы көп ұзамай 76-ға толатын тұста болып жатыр» делінген мақалада «билік енді бұл қатерді елдегі бақылауды күшейту мен белсенділерді басып-жаншуға сылтау ретінде пайдалануы мүмкін» деген болжам да айтылады.

ТҰРАҚСЫЗДЫҚТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕБЕПТЕРІ

Американың Stratfor барлау агенттігі сайтында жарияланған «Қазақстандағы тұрақтылықты шайқалтатын нәрсе» деген мақалада «ұлғайып келе жатқан экономикалық қиындықтарға президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі ауысуы мәселесі қосылып еселене түскен дағдарыстарды шешуге деген биліктің қабілеттілігіне көп ұзамай күмән көбеюі мүмкін» деген пікір келтірілген. Ал Ақтөбедегі шабуылға қатысты бөлігінде оның жауапкершілігін «бұрын беймәлім болған «Қазақстанды азат ету армиясы» деген ұйым мойнына алды, ал Қазақстан билігі ондай ұйым барын жоққа шығарады» деп жазылған.

Жер реформасына қарсы митингіге қатысушылар. Ақтөбе, 27 сәуір 2016 жыл. Ольга Климонованың Facebook парақшасындағы сурет.
Жер реформасына қарсы митингіге қатысушылар. Ақтөбе, 27 сәуір 2016 жыл. Ольга Климонованың Facebook парақшасындағы сурет.

Қазіргі ахуалды талдаған Stratfor сайты «Қазақстанда саясат, экономика және қауіпсіздік саласында өзге проблемалар да бар» деп көрсетеді. «[Жер реформасына қарсы] наразылықтар мен Ақтөбедегі шабуылдардың арасында әлдебір байланыс бар ма, жоқ па - түсініксіз, өйткені оған өзге факторлар түрткі болуы мүмкін. Энергия көздеріне тәуелді экономикасы мұнай бағасының арзандауынан зардап шеккен Қазақстандағы әлсіз әлеуметтік-экономикалық ахуал - сондай факторлардың бірі. Тоқтап қалған энергетикалық жобалар мен жаппай жұмыстан шығару Қазақстанның, әсіресе мұнай мен газ өндіру ошақтары көп шоғырланған батыс аудандарына жайсыз тиді» деп жазады.

Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдың ықтимал себептерінің бірі ретінде «нашар әлеуметтік-экономикалық жағдай араласқан» діни экстремизм аталған.

«Бұл үрдістер Қазақстандағы тұрақтылықты шайқалтатыны анық. […] Ал әзірше Нұрсұлтан Назарбаев кей жеңілдіктерге бару немесе қысымды күшейту арқылы жағдайды еңсере алатын сияқты, бірақ оның бұл стратегиясының қаншалықты ұзаққа баратыны белгісіз» деп жазады Stratfor.

XS
SM
MD
LG