ТЕҢГЕНІҢ ТОҚТАУСЫЗ ҚҰЛДЫРАУЫ
Ұлыбританияның Financial Times газеті Қазақстан валютасы – теңге тап болған қиындықтар жайлы жазған.
«Қазақстан валютасына шаққандағы доллар бағамы 4,6 пайызға шарықтап, бір доллар құны рекордты деңгей – 377,6 теңгеге дейін жетті. Тамыз айында теңгені еркіне жібергеннен кейінгі кезеңде бұл – теңгенің бір күн ішінде алтыншы мәрте күрт құлдырауы. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы содан бері 100 пайызға жуық қымбаттап, [Қазақстан ақшасы] дамушы елдердің ішінде ең көп құнсызданған валюталардың біріне айналды» деп жазады Financial Times.
Теңге мұнайдың рекордты шамада арзандауымен қатар құлдырап барады – осы аптада Brent crude маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы соңғы 13 жыл бұрынғы ең төменгі шегіне – 27,67 долларға қайтып оралған. Мақалада Royal Bank of Scotland сарапшысы Татьяна Орлованың «егер мұнай баррелі 20 долларға дейін арзандап кетсе, бір доллар құны 400 теңгеге дейін жетуі мүмкін» деген пікірін келтірген. Оның пікірінше, «мұнай нарығындағы қазіргі динамиканы ескерсек, теңге бұл деңгейге алдағы үш айда жетіп қалуы әбден мүмкін». Ол «Қазақстан ұлттық банкі қолында валютаны жартымды етіп қолдауға жететіндей ресурс жоқ» деп ескертеді.
АРЗАН МҰНАЙ КІМДЕРГЕ ТИІМДІ?
Ұлыбританияның Economist журналы мұнай бағасының арзандауы қай елдерді шошытуы тиіс деген мәселені талдаған. Мақала авторларының жазуынша, банктердегі салымдарды жаппай әкету мен нарықтың күрт құлдырауымен бірге мұнайдың арзандауы – әлемдік экономикаға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Мұнай бағасы күрт қымбаттаса, экономикалық аласапыранға ұласуы ықтимал. Ал мұнай тым артық өндірілсе, баға арзандап, экономиканың өсіміне түрткі болады деп саналатын қағидаға сүйенсек, мұнайдың 10 пайызға құлдырауы экономиканың 0,1-0,5 пайыз өсімін қамтамасыз етпек.
«Соңғы 18 айда мұнайдың бірі баррелінің бағасы 75 пайызға, яғни 110 доллардан 27 долларға дейін арзандады. Бірақ бұл жолы мұның пайдасы онша байқалмай тұр. Тұтынушы елдер ұтқанымен, өндірушілер қыруар шығынға батып жатыр. Мұның зардабы қаржы нарығына тиіп, тұтынушылардың сенімінен айырылып қалу қаупіне ұласты. Мүмкін, әзірше мұндай тым арзан мұнайдың зардабынан гөрі пайдасы көбірек шығар, бірақ нарық тіпті елестетудің өзі қиын шапшаңдықпен әлі құлдырап барады» делінген журнал мақаласында.
Economist журналы «әлем мұнайға бөгіп қалды» деп жазады. АҚШ-тың кейбір компаниялары сияқты шығыны көп өндірушілерді нарықтан ығыстыруды және қас жауы әрі мұнай нарығына осы аптада оралуға әзір отырған Иранның жоспарын бұзуды көздеген Сауд Арабиясы мұнайды үсті-үстіне өндіріп жатыр деп санайтындар көп. Қазіргі баға ең төменгі көрсеткішке айналуы мүмкін. Бірақ баға 2017 жылдан ерте қайта қымбаттайды деп санайтындар шамалы. Кейбіреулер тіпті мұнайдың бір баррелі 10 долларға дейін арзандайды деп сәуегейлік жасайды.
«Үндістан мен Қытайда мұнайдың арзандауынан ұтқандар өте көп. Сондықтан Сауд Арабиясы мен Венесуэла сияқты экономикасы мұнайға тәуелді елдер дереу реформа жүргізуі тиіс. Бұл жағдай Оңтүстік Корея сияқты мұнай импорттаушы елдерге шығыны көп энергетикалық субсидияны азайтуға немесе инфляцияға жол беріп, салықты өсіру арқылы дефицитті жабуға мүмкіндік берді. Бірақ мұнай бағасына қатысты мына қиындық әлем елдері қаржы дағдарысынан есін әлі толық жимай жатып басталып кетті. Бұл дамуға әлдебір серпін беретін ең ұтымды сәт деп ойлайтындар бар. Бірақ іс жүзінде әлем елдері мұнай «құбыжығы» мешкейлігінің зардабын әлі тартуы мүмкін» деп жазады Economist басылымы.
ДЕЛЬФИНАРИУМ-ЦИРКТЕР
Ұлыбританияның Daily Telegraph газетінде жарияланған «Орталық Азияда цирк-дельфинарийлерге қатысты дау қызып тұр» атты мақалада әлем елдерінің көбінде тыйым салынған көшпелі дельфинарийлер бұрынғы Совет одағы елдерінде әлі күнге танымал екенін жазған. Әлемнің көп елінде арыстан, аю сияқты аң-жануарларды циркте пайдалануға да тыйым салынған.
Бірақ қазірде жануарлар құқығын қорғаушылар да күш жинай бастаған, ал жануарларды циркке үйрету кезінде оларды күйзеліске түсіреді деп санайтын жергілікті белсенділер жануарға қатігез әдіс-тәсілдерді қолдану практикасымен күресу үшін интернеттің көмегімен ақпарат жинайды.
Мақала авторлары Қазақстанда Дейл деген белуха-киттің өлгенін ескертеді. Кит гастроль кезінде жүрегіне салмақ түсіп өлген соң, оның серігі көпшілік алдында өнер көрсетуге құлық танытпайтын болған, көп ұзамай ол шоу бағдарламалардан көрінбей кеткен.