Accessibility links

Батыстың Украинаға әскери көмегін қолдаушылар мен қарсылар


Германия канцлері Ангела Меркель және Франция президенті Франсуа Олланд Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен (соддан оңға) кездесіп отыр. Мәскеу, 6 ақпан 2014 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель және Франция президенті Франсуа Олланд Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен (соддан оңға) кездесіп отыр. Мәскеу, 6 ақпан 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы жағдай ушығып әрі Еуропа одағы басшыларының Ресеймен келіссөзі нәтиже бермей жатқан тұста батыс сарапшылары Украинаға әскери көмек көрсетудің пайдасы мен зиянын бағалайды.

Ақпанның 6-сы күні Ұлыбританияның Guardian газеті «жұма күні Мәскеуде Ресей, Германия және Франция елдерінің Украинадағы шиеленісті реттеу жолдарын талқылауға арналған келіссөзі нәтижесіз аяқталды» деп жазды. Ресей президенті Владимир Путинмен Кремльде бірнеше сағат өткізген Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Франсуа Олланд Мәскеуден комментарий бермей аттанып кетті.

Guardian басылымы «Германия үкіметі өкілінің айтуынша, қыркүйекте Минскіде қабылданған бітім шарттары негізінде бірлескен құжат әзірлеу келісіміне қол жеткен» деп жазады. Еуропа дипломаттарының айтуынша, Владимир Путин Минск келісімін жаңғыртуды ұсынған, бірақ ол атысты сепаратистер бақылауындағы жаңа территорияларды ескеріп тоқтатуды талап еткен. Газеттің жазуынша, Киев бұл ұсыныстан бас тартқан.

ҚАРУ-ЖАРАҚПЕН КӨМЕКТЕСУ МҮМКІН БЕ?

Guardian басылымының жазуынша, Украина үкіметі батыс елдерінен көмек сұраған соң Батыс қару-жарақпен көмектесу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Американың Washington Post газеті ақпанның 6-ында жариялаған «Украина армиясына көмек Путинді аймақтық соғысқа итермелеуі мүмкін бе?» деген мақаласында кейбір Батыс сарапшыларының Украинаға әскери көмек көрсету «АҚШ пен ядролық держава Ресейдің арасын қайта ушықтырады» деген пікірін келтірген.

Америкалық сарапшылар арасында Украина армиясына көмек көрсету арқылы сепаратистер мен Ресей сарбаздарын көбірек шығынға ұшыратып, Ресей президентін келіссөз бастауға мәжбүрлеуге болады деп санайтындар бар. Ал кейбір сарапшылар Путиннің Шешенстан мен Грузиядағы соғысын еске салып, мұндай жоспар бүкіл аймаққа қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді. Washington Post басылымының жазуынша, Батыс елдері Украина армиясына қару-жарақ берсе, Владимир Путин Украинаға басқыншылығын «орыс ұлтының мүддесін қорғау» деген уәжімен нығайта түседі. Ресейдің Украинадағы соғыс құрбандары текке шейіт болмағанына ресейліктерді иландыру үшін ол қолдан келгеннің бәрін жасайтынын оның бұған дейінгі әрекеттері дәлелдеген.

Ақпанның 6-сы күні америкалық CNN телеарнасына берген сұхбатында демократиялық партия өкілі Адам Шиф «Путинді күш көрсету арқылы ғана тоқтатуға болады» дейді. CNN «АҚШ Украинаны қаруландырса, Путин не істей алады?» деген мақаласында республикалық партиядан сайланған сенатор Келли Айоттың «Украинаға көмектесетін уақыт жетті» деп мәлімдегенін жазады.

Огайо университетінің Ресей және НАТО жөніндегі сарапшысы Шон Кей CNN телеарнасына берген сұхбатында АҚШ-тың Украинаға көрсеткен әскери көмегінен нәтиже шыққанша алты айдан бір жылға дейін уақыт өтуі мүмкін екенін айтады. Владимир Путин батыс Украинаға қару-жарақ келіп жатқанын көрсе, алты ай мұрсатты пайдалану үшін жағдайды күрт ушықтырып жіберуі мүмкін дейді Шон Кей.

XS
SM
MD
LG