Ресей Украинаға басып кіргелі бері 198 украин азаматы қаза болған, үшеуі бала. 1115 адам жараланған, 33-і – бала. Украина денсаулық сақтау министрі Виктор Ляшко осылай деп хабарлады.
Министрдің айтуынша, елде медицина жүйесі жұмыс істеп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі ауруханаға қажет заттардың бәрін жеткізуге барынша күш салады деді ол.
"Тіпті соғысқа қатысы болмаса да. Мысалы, коронавирус жоғалып кеткен жоқ, реанимациядағы науқастарға оттегі керек. Басқыншылар бізге қанша кедергі жасауға тырысса да, ауруханаларға шұғыл оттегі жеткізуге күш саламыз. Тасымалдаушылармен келісеміз, логистикамен қамтамасыз етеміз. Әрбір пациенттің көмекке қолы жетуі тиіс. Себебі бәріміз біргеміз, солай болуы тиіс" деді министр.
Виктор Ляшко сонымен бірге 25 ақпанда Херсонда атқылау кезінде екі ұл баланың дүниеге келгенін айтты.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба әлем елдерін Ресеймен қарым-қатынасты үзіп, тұтас оқшаулауға үндеді.
"Біздің керемет бейбіт қаламыз Киев түнде тағы Ресей әскері мен зымыранының атқылауына ұшырады. Олардың біреуі Киевтегі тұрғын үйлердің біріне тиді. Әлем елдерінен Ресей Федерациясын тұтас оқшаулауды талап етемін"
Украина президенті Владимир Зеленский Инстаграмдағы парақшасында Украинаны Еуропа кеңесіне мүшелікке алатын мезгіл жетті деп жазды.
Украина төтенше жағдай қызметі Киевте тұрғын үйлердің біріне зымыран құлағанын растады. Жуляны әуежайына жақын Соломен ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің орта бөлігі қираған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза болғандар мен жараланғандар жоқ. Тұрғындар эвакуацияланып жатыр.
Киевте көп қабатты тұрғын үйлердің біріне зымыран түскен. Әлеуметтік желіде орта бөлігі қираған көп қабатты тұрғын үйдің суреттері мен видеолары жарияланды.
ПІКІРЛЕР