Accessibility links

Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.
Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт күннен асты. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украина қарулы күштері мен Ресей әскері арасында шайқас жүріп жатыр.

Украина жағы Ресейдің үш мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапты дейді. Ресей 27 ақпан күні сарбаздарының опат болғанын алғаш рет мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Украина сарбаздары арасында жүздеген адам опат болған, қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және көптеген өзге ел Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтіп жатыр. Еуроодақ елдері Украинаға шабуылдаушы ұшақтар беретін болды. Ресей президенті Владимир Путин Ресей ядролық қаруын арнайы тәртіпке көшіруді бұйырды.

Еуроодақ Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жауып, Кремльге жақын Sputnik және Russia Today бұқаралық ақпарат құралдарының Еуропа елдеріндегі жұмысына тыйым салмақ.

11:15 28.2.2022

Қазақстанның Украинадан Польшаға өткен азаматтарын әкелетін алғашқы рейс Атыраудан ұшты​

Air Astana әуе компаниясының Airbus A321 ұшағы 28 ақпан күні Польшаның Катовица қаласынан Қазақстан азаматтарын алып қайтады. Рейс жергілікті уақыт бойынша 10.30-ға белгіленген. Бұл туралы Air Astana компаниясы хабарлады.

Комитеттің хабарлауынша, ұшақ Атырауға жергілікті уақыт бойынша 19.20-да қонып, жанармай құйдырып Алматыға ұшпақ. Жергілікті уақыт бойынша 00.30-де қонады деп жоспарланып отыр.

Ұшақ Катовица қаласына 27 ақпан күні ұшып кеткен.

Ресей Украинаға басып кіргенде Украинада мыңнан астам Қазақстан азаматы қалып қойған. Қазақстанның Украинадағы елшілігі азаматтарды елдің батысындағы Львов қаласына барып, сол жерден Польшаға өтуге шақырып отыр. Польша Қазақстан азаматтарын өз аумағына визасыз өткізуге келіскен.

Екінші рейс 1 наурызда жасалуы мүмкін.

25 ақпанда Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев рейс ұйымдастыру жөнінде "Эйр Астана" әуе компаниясының президенті Питер Фостермен келісім бар екенін хабарлаған.

Алғашқы рейс 26 ақпанда, түнгі сағат екіде Атырауға келеді деп жоспарланған еді. Алайда Украина-Польша шекарасында үлкен кептеліс пайда болып, Қазақстан азаматтары да кідіріп қалғаны белгілі болған. 27 ақпанда Қазақстан БАҚ-тары Украинадағы қазақтардың алғашқы тобы Польшаға жеткенін хабарлаған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдігі де 28 ақпанда 9:30-да Киевтегі дипломатиялық өкілдіктен елу орындық автобус Львов қаласына қарай шығатынын айтқан болатын.

Қазақстан елшілігінің мәліметіне қарағанда, Украинадан алып кету жөнінде Қазақстанның 486 азаматы өтініш жасаған. Украинадағы Қазақстанның консулдық есебінде мың жарымнан астам адам бар. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан азаматтары негізінен Киев қаласында және Киев, Одесса, Харьков, Львов облыстарында тұрады.

10:42 28.2.2022

Украина қорғаныс министрі: "Еуропа [Украинадағы соғысты] ақыры өз соғысы деп таныды"

"... Қазірдің өзінде Еуропаның жартысы қару мен қорғаныс жабдықтарын жинап, бізге әкеле жатыр. Көмек көрсетуші елдер қатары едәуір артты. Көмектің ауқымы да ұлғайды. Еуропа қазірдің өзінде ондаған мың бала мен аналарды паналатып отыр. Ешқандай шарт қоймай. Өз адамындай қарап. Қазір бізде батыста шекара жоқ. Оңтүстіктен де, Қиыр Шығыстан да, Атлант мұхитының арғы жағынан да қолдау бар. Осының бәрі – Украина халқының қорғаушыларының еңбегі. Қорғаушыларымыз есі ауысқан тиранға бағынудан бас тартты. Олар міндетті түрде жеңіске жетеді" деді ол.

10:07 28.2.2022

Ұлттық банк пен "Қазақстан қор биржасы" АҚ ортақ мәлімдемесі:

Ұлттық банк "Қазақстан қор биржасы" АҚ-мен бірлесіп теңге-АҚШ доллары жұбының сауда-саттық ережелерін өзгерту туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, 28 ақпанда аукцион Франкфурт аукционы форматында Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-де ашылады.

Бұл шаралар уақытша болып табылады, белгісіздіктің жоғары дәрежесін және валюта нарығына және ел ішіндегі қаржылық тұрақтылыққа сыртқы геосаяси жағдайлардың қысымын барынша азайту қажеттілігін көрсетеді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта сыртқы қаржы нарықтарындағы өте белгісіз жағдайлардың өзгеруіне байланысты Ұлттық Банк "Қазақстан қор биржасы" АҚ-мен бірлесіп 28 ақпанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-ге дейін биржалық валюта саудасын толық тоқтату мәселесін қарастырды.

Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша алдағы сауда режимі туралы ақпарат ресми байланыс арналары арқылы уақтылы жеткізілетін болады.

09:56 28.2.2022

Би-би-си: Ресей Украинаға қарсы шабуылына 100 мың сарбазын жұмылдырды, тағы 50 мың адам резервте тұр

Бұл туралы Ұлыбритания ақпарат құралы "АҚШ қорғаныс министрлігіндегі лауазымды дереккөзіне" сілтей отырып хабарлады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG