Украина билігі қаза тапқандар жайлы хабарлады
Украина президенті Владимир Зеленский халыққа үндеуінде Украина Ресей шабуылынан "қатты зардап шегіп жатқанын" мәлімдеп, халықты қан доноры болуға шақырды. Зеленскийдің кеңесшісі шабуылдан кемі 40 адам қаза болып, оннан аса адам жараланғанын хабарлады.
Украина президенті кеңсесінің өкілі Алексей Арестович Ресей шабуыл бастағалы бері 40 украин солдатының қаза болғанын растады
Ресей Украинамен дипломатиялық қарым-қатынасты үзді
Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты үзгенін хабарлады.
Зеленский сонымен бірге Ресей азаматтарын наразылыққа шығуға үндеді.
"Ар-ұжданын сақтап қалған азаматтарға айтарым: соғысқа қарсы шығатын мезгіл жетті. Украинамен соғысуға қарсы" деді Зеленский.
Ол сонымен бірге Украинаның барлық азаматтарына "жерді қорғау үшін" қару беруге дайын екенін жеткізді.
Зеленскийдің сөзіне қарағанда, қазір Украина Қарулы күштері "нағыз ауыр соғысты бастан кешіріп жатыр".
22 ақпанда Владимир Зеленский Украина сыртқы істер министрлігінен Ресеймен дипломатиялық қатынасты доғару туралы ұсыныс келіп түскенін хабарлап, қарастыруға уәде берген.
24 ақпан. Украинадағы жағдай бойынша негізгі ақпараттар
Украинадағы соғыс басталған күні не болды? Басты оқиғаларды бір шолып шығыңыз.
- 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Донбасс тұрғындарын "геноцидтен қорғау үшін" "арнайы операция" басталғанын жариялады. Путин Украинаны "әскерсіздендіреміз" деді. Осыған дейін Кремль Украинаға басып кірмейміз деп келген еді.
- Украина тарабы Киев, Харьков, Днепрге ракетадан шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
- Украина шекарашылары Беларусь әскерилері де Ресей әскеріне көмектесіп жатқанын мәлімдеді. Бірақ Александр Лукашенко мұны жоққа шығарды.
- Украина билігі Ресейдің шабуылынан кемі 40 әскери қызметкер қаза болғанын хабарлады. Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.
- Одесса облысы билігі Ресейдің әуе шабуылынан 22 адам қаза болғанын хабарлады.
- Чехия, Латвия Ресей азаматтарына виза беруді тоқтатып, елшілерін кері шақырып жатыр. Чехия Ресейдегі елшіліктерін жабады.
- Қазақстан әуе компаниялары 7 наурызға дейін Киевке ұшатын рейстерді тоқтатты. Қазақстан елшілігі Украинадағы қазақстандықтарды эвакуациялау жолын қарастырып жатқанын мәлімдеді.
- АҚШ президенті Джо Байден, Ұлыбритания премьері Борис Джонсон, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинаға басып кіргеніне қарсы шықты. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресейдің әрекетін қолдамайтынын мәлімдеді. Еуропа одағы Ресейге санкцияны көбейтпек.
- Ресей Украинаға басып кірген соң рубль мен теңге құнсызданды. Алматыда бір доллар 460-462 теңге көлемінде сатылып жатыр.
ПІКІРЛЕР