Байден Украинаға $600 млн көлемінде көмек береді. Президенттің АҚШ мемлекеттік хатшысына берген тапсырмасында 350 миллион доллары әскери қажеттілікке бағытталатыны жазылған. Бастапқыда қаржы бөлу мәселесін Конгресс арқылы шешу жоспарланған, алайда артынша Ақ үй бірден бөлуді ұйғарған.
Киевте көп қабатты тұрғын үйлердің біріне зымыран түскен. Әлеуметтік желіде орта бөлігі қираған көп қабатты тұрғын үйдің суреттері мен видеолары жарияланды.
Украина төтенше жағдай қызметі Киевте тұрғын үйлердің біріне зымыран құлағанын растады. Жуляны әуежайына жақын Соломен ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің орта бөлігі қираған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза болғандар мен жараланғандар жоқ. Тұрғындар эвакуацияланып жатыр.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба әлем елдерін Ресеймен қарым-қатынасты үзіп, тұтас оқшаулауға үндеді.
"Біздің керемет бейбіт қаламыз Киев түнде тағы Ресей әскері мен зымыранының атқылауына ұшырады. Олардың біреуі Киевтегі тұрғын үйлердің біріне тиді. Әлем елдерінен Ресей Федерациясын тұтас оқшаулауды талап етемін"
Украина президенті Владимир Зеленский Инстаграмдағы парақшасында Украинаны Еуропа кеңесіне мүшелікке алатын мезгіл жетті деп жазды.
ПІКІРЛЕР