Қазақстанда құлан 1930-жылдары жойылып кеткен. Өткен ғасырдың ортасында реинтродукция (жануарлар санын қайта жаңғырту) жұмыстары басталған. Бес жыл бұрын қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығының мамандары жануардың табиғи мекені – Орталық Қазақстанда құландар популяциясын қалпына келтіру жобасын қолға алған.
Қостанай облысының оңтүстігіндегі «Алтын Дала» резерватын қорық аумағына жатқызуға болады: айнала жазық дала, мобильді байланыс жоқ, ең жақын ауылға дейін жолсыз жермен 70 шақырым жүру керек. Резерватта өркениет белгілерінен тек биологтар тұратын үйшік, күн энергиясынан алынатын жарық және тәулігіне бір рет іске қосылатын интернет ғана бар. Интернетті жұмыс бойынша ақпарат жіберіп, мессенджерге келген хабарламаларды оқу үшін қолданады.
Қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығының мамандары бүкіл әлемнен оқшау жерде Торғай даласындағы құлан популяциясын қалпына келтірумен айналысып жатыр. Құландар Қазақстанда соңғы рет 1930-жылдары көрінген. Ол кезде Қазақстанды мекендейтін құлан түрі толықтай жойылып кеткен деп саналады. Биологтардың пікірінше, жануарлардың жойылуына адами фактор, ретсіз аңшылық, браконьерлік және үй жануарларымен жайылымға талас әсер еткен. 1950-жылдары советтік ғалымдар құландардың реинтродукциясы жобасын қолға алды. 1953 жылы Арал теңізіндегі Барсакелмес аралына Түркіменстаннан 11 құлан әкелді.
– Барсакелместе құлан популяциясын жаңғырту жұмыстары жақсы нәтиже бергеннен кейін, өңірде басқа мәселе пайда болды. Арал теңізі тартылып, судағы тұз мөлшері арта бастады. Құлан – жылқы тұқымдас жануар, ол тұзды су іше алмайды. Сондықтан 1982 жылы жануарларды құтқару жұмыстары басталған: құландарды Барсакелместен ол кезде әлі ұлттық парк деп жарияланбаған Алтын-Емелге жеткізді. Солтүстікте – биік таулар, оңтүстікте Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің ортасында орналасқан аймақ жануарлар үшін өте жайлы болды, – дейді қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығының реинтродукция бойынша бас маманы Альберт Сәлемгареев.
Соңғы деректер бойынша, елде шамамен 4660 құлан бар. Бұл әрине, өте аз. Сондықтан құлан сирек кездесетін және жойылып кетудің алдында тұрған жануар ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Құландардың көп бөлігі, шамамен төрт мың бас жануар, Жетісу облысындағы Алтын-Емел ұлттық паркін, 600-і Барсакелмес қорығын мекендейді. «Алтын Дала» резерватында тағы бірнеше құлан өсіріліп жатыр.
Қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығы жабайы жануардың реинтродукциясын бұрыннан жоспарлаған. «Алтын Дала» резерваты 2014 жылы Пржевальский жылқысын реинтродукциялау мақсатында құрылған. Бірақ жануарларды Торғай даласына жеткізбес бұрын дайындық жұмыстарын жүргізу керек.
– Орталықты құландар реинтродукциясы үшін пайдаланамыз деп шештік. Өйткені жылқыларды әкелмес бұрын бұл аумақты бір тұяқты жануар игеруі керек. Жылқылар құландар сияқты даланы түгел аралап, жайылмайды. Дайын жол іздеп, сол арқылы су мен жайылымға барады, – дейді Альберт Сәлемгареев.
Торғай даласындағы құландар реинтродукциясын халықаралық жобаға жатқызуға болады: бұл идеяны мемлекет тарапынан орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті, ал басқа мемлекеттерден Франкфурт зоологиялық қоғамы, Ұлыбритания құстарды қорғау корольдік қоғамы, Норвегияның табиғатты қорғау институты қолдаған.
– 2017 жылы күзде бұл жаққа тоғыз жануардан тұратын алғашқы топ жеткізілді. 2018 жылы сәуірде оларды табиғат аясына жібердік. Құландар кең далаға тарап кетті. Олар аумақты белсенді игере бастады. Тәулігіне 60-70 шақырым жүріп отырды. Өйткені құландар жаңа жер туралы барынша көп ақпарат жинап, қай жерде су мен жайылым барын зерттей бастады. Құлан өзіне жақсы таныс жерде жақын су айдыны мен шөбі шүйгін жерлерге барып жайылады, – дейді Альберт Салемгареев.
Жаңа жерді игеруге шыққан құландардың бірнешесі мерт болған. Оларды мойындарындағы жер серігіне қосылған қарғыбау арқылы тапқан. Бір ұрғашы мал табиғи себептермен өлген, екі еркек құлан браконьерлердің құрығына ілінген. Бір құланның басы ғана қалған, ал екінші құланның етін сол күйі тастап кеткен. Тағы бір құлан бір жарым жыл жайылып, резерватқа оралған. Оның мойнында қайда жүргенін көрсететін қарғыбау болмаған. Қалған үш ұрғашы жануар әлі де далада жүр. Олар кейде жергілікті шопандар мен «Охотзоопром» инспекторларының көзіне түсіп қалады.
Реинтродукциядағы ең қиын кезеңдердің бірі — жануарларды тасымалдау. Құландарды елдің оңтүстігінен «Алтын Дала» резерватына жеткізу үшін екі мың шақырым жерді ұшып өту керек. Жануарлардың алғашқы бөлігі 2017 жылы жіберілген. Биологтар арнайы жәшіктер жасап, еркіндік сүйетін жабайы жануарларды соған қамаған. Оларды үлкен әрі ауыр Ми-26 тікұшағымен тасымалдаған. Басында қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығының мамандары резерватқа 20 шақты жануар жеткіземіз деп ойлаған, бірақ іс жүзінде тікұшаққа тек тоғыз құлан ғана сыйған. Тасымалдау процесін жеделдетуге тура келген.
– Құландарды ұзақ уақыт қамауда ұстауға болмайды. Жануарды жәшікке қамап, тікұшақпен жеткізіп, бостандыққа жіберуге 30 сағат уақыт кетті. Құландар жолды жақсы өткерді, бірақ қатты әлсіреп қалды. Оның үстіне, жануарларды тыныштандыру үшін, оларға транквилизатор салдық. 2019 жылы Барсакелместегі құландарды көлікпен жеткізбек болғанымызда, бір жануар кедір-бұдыр тас жолға түскенде тулап, өзін жәшіктің қабырғасына соғып, өлімші күйге түсірді, – дейді Альберт Сәлемгареев.
Ғалымдар «Алтын Дала» резерватын құландарға жайлы жерге құрған. Бұл аумақ мүлде игерілмеген, демек жануарларда жайылым үшін талас болмайды. Барсакелмеспен және Алтын-Емелмен салыстырғанда, азық қоры да мол. Климаты да жайлы: құландар бұл жақтың қысына шыдас береді, мүлде ауырмайды.
Торғай даласында қасқырлар бар. Бірақ биологтардың есебінше, жыртқыштар құлан популяциясына зиян келтірмейді. Оның үстіне, әдетте қасқырлар әлсіз, аурушаң жануарлар мен қашып құтыла алмайтын төлдерді ғана жейді.
– Біздің бақылауымыз бойынша, қасқыр жақындаса, жануарлар топтасып, жыртқыштан көзін алмай қарап тұрады. Қасқыр да жағдайды бағалауға тырысады: бір жыртқышқа қарсы төрт құлан болса, қауіпті екенін түсінеді. Бірақ қасқырдың кесірінен құландар популяциясы азайып жатыр деуге болмайды. Қасқырлар құландар санын реттемейді, олар табиғи санитар ретінде әлсіз жануарлар мен төлдерді ғана жейді, – дейді Альберт Салемгареев.
Құландар 40 гектар жерді алып жатқан қоршаулы аумақты (қаша) мекендейді. Қашаның айналасында тағы екі шақырым жер жатыр. Қазір қашада қос төлді ұрғашы мал бар. Төлдердің бірі былтыр, екіншісі биыл туған. Былтырғы төл қоршаудан секіріп үйренген, сондықтан көбіне қашаның сыртында жүреді.
– Қашада құландарға табиғи ортада жүргендей жағдай жасалған. Мамандар қарауындағы аумақта табиғи су айдыны, өр мен ойыс жерлер бар. Бұл құландар үшін өте маңызды. Олар бақылаушыларды байқамай, тасада тығылып жатады, қыс мезгілінде ойыс жерлерді паналайды, — дейді Альберт Сәлемгареев.
Құландарды суретке түсіру оңай болмады: жабайы жануарлар адамды алыстан байқап, олардан іргесін аулақ салуға тырысады. Құландарды бақылау үшін терезесі бар арнайы бөлме жасақталған. Бірнеше сағат бос уақыт табылса, тамаша суреттер түсіруге болады.
Биологтар жануарлар топқа бөлініп, жазық жерге жайылып кеткен кезде де тұрақты түрде көбеюі үшін Торғай даласына тағы 80 құлан әкелуді жоспарлап отыр.
– Алдағы он жылда құландарды жеткізіп, оларды қашада ұстап, кейін кең далаға шығарып отырамыз. Орталықтағы жұмысымыз тасымалмен ғана шектелмейді. Жануарлар қыста өзін қалай ұстайтынын, қандай топта жүретінін, қай топқа ұрғашы не еркек жануар жетіспейтінін анықтап, қосымша мал басын әкелеміз. Реинтродукциядан бөлек, жануарларды қорғау да маңызды, – дейді Альберт Салемгареев.
Ғалымдар Қазақстандағы құлан популяциясы қалпына келіп, жануарлар Қызыл кітаптан шығатын күн келер деп үміттенеді. Бірақ бұл арманды шындыққа айналдыру үшін ондаған жыл бойы тер төгіп, еңбектену керек.
ПІКІРЛЕР