Accessibility links

Азаматтық қоғамға – Алашорданың мүлкін қайтару. Төртеудің хаты


Алашорда қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі. Алматы, 24 ақпан, 2009 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.
Алашорда қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі. Алматы, 24 ақпан, 2009 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.

1990 жылы "Азат" қозғалысының жетекшісі Сәбетқазы Ақатай мен тағы бірнеше белсенді кезінде совет өкіметі кәмпескелеген Алашорданың мүлік-мүкәмалын қайтаруды Мәскеу мен Қазақстандағы компартия басшылығынан талап еткен. Билік жауап бермеді.

1990 жылдың аяғында Азаттық радиосы советтік Қазақстанда қоғамдық-саяси ортада жаңадан пайда болған, коммунистік идеология құрсауынан шығуға, шынайы демократиялық қоғам орнатуға, совет билігінің озбырлығын әшкерелеп, тарихи әділетке қол жеткізуге талпынған қоғамдық қозғалыстар өкілдерінен сұхбат алған. Бүгінгі хабарда азаматтық "Азат" қозғалысының жетекшісі, ұлтшыл-демократиялық бағыттағы оппозициялық саясаткер Сәбетқазы Ақатаймен болған сұхбатқа шолу жасаймыз. Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин алған сұхбат эфирден 1991 жылғы 31 қаңтарда берілген.

Горбачев пен Назарбаевқа хат. Алашорданың мүлкі қайда?
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:35 0:00

ҚАРА ЖҰМЫСШЫ ҚАЙРАТКЕР

Сәбетқазы Ақатай қазан айында туып, қазан айында қайтыс болды. Ол 1938 жылғы 11 қазанда дүниеге келген. Мектептен кейін зауыт-фабрикаларда қара жұмысшы болды. Қарағанды шахтасында еңбек етті.

Кейін Мəскеудегі Ломоносов университетін философ мамандығымен бітірді. Студент шағында қазақ жастарының "Жас тұлпар" ұйымына белсене ат салысты. "Ұлтшыл" атанып оқудан қуылған кезі де болды.

Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай (ортада тұр) Қазақстанға алғашқы сапары кезінде қоғам белсенділерімен бірге түскен сурет. Фотода Сәбетқазы Ақатай сол жақтан бірінші отыр. Алматы, 1991 жылғы маусым айы. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.
Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай (ортада тұр) Қазақстанға алғашқы сапары кезінде қоғам белсенділерімен бірге түскен сурет. Фотода Сәбетқазы Ақатай сол жақтан бірінші отыр. Алматы, 1991 жылғы маусым айы. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.

Сәбетқазы Ақатай – ғылымда əйгілі ғалым Əлкей Марғұланның шəкірті. Философия ғылымының докторы, профессор, ондаған ғылыми монография мен жинақтардың, 500-ге тарта мақаланың авторы. Аудармалар жасады. Оннан аса кітап жазды.

1986 жылы Желтоқсан оқиғасында адам құқығы жанышталғаны туралы этнограф Жағда Бабалық екеуі халықаралық ұйымдарға жасырын хат жолдады. 1990 жылы демократиялық "Азат" қозғалысын құрды. Сол жылы Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануына атсалысты.

1999 жылы ол жетекшісі болған "Алаш" ұлтттық партиясы парламент мәжілісі сайлауына түсті. Бірақ қажет дауыс жинай алмағандықтан, парламентке өтпей қалды.

Cәбетқазы Ақатай 2003 жылы қазан айында дүние салды.

Ақатай кейбір советтік мекемелер бір кездегі Алашорда үкіметі меншігінде болған ғимаратты мекендеп, "Алаш" партиясының мүлкін иемденіп алған дейтін. Ол 1990 жылдың аяғында Азаттық радиосына берген сұхбатында Совет билігінен бір кезде кәмпескеленген Алашорданың мүлік-мүкәмалын қалай талап еткенін таратып түсіндірген.

"ӘДІЛЕТ ЖОЛЫНДА ШӘҺИД БОЛЫП КЕТЕЙІК"

Сәбетқазы Ақатай бастаған бірнеше адам Алашорда меншігінде болған мүлікті қайтару туралы сол кезде биліктен кету мерзімі таяған СССР жетекшісі Михаил Горбачев пен билікке енді жеткен Қазақ ССР-і басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған.

"Біз әуелде бұл туралы жастардың өздерін "алашпыз" деп жүрген бейресми ұйымдары әрекет қыла ма деп ойлап едік. Бірақ жастардың арасынан ой салып жүрген ешкімді көрмеген соң Әмина Нұғыманова, Жағда Бабалық, психолог Күләш Бәсібекова төртеуміз ортақ мәмілеге келдік те, Горбачев пен Назарбаевқа хат жаздық. Ажалымыз осыдан болса, әділет жолында шәһид болып кетейік дестік", – деген еді Сәбетқазы Ақатай сұхбатында. Мұнда аты-жөні аталғандар ішінде Әмина Нұғыманова – белгілі әнші, өнер зерттеушісі, халық әндерінің жоқтаушысы Әмина Бафина, кейін Мұсылман әйелдер лигасын басқарған белсенді.

"Азат" азаматтық қозғалысын ұйымдастырушылар. Бірінші қатарда сол жақтан екінші тұрған – Сәбетқазы Ақатай. Алматы, 1990 жыл. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.
"Азат" азаматтық қозғалысын ұйымдастырушылар. Бірінші қатарда сол жақтан екінші тұрған – Сәбетқазы Ақатай. Алматы, 1990 жыл. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

Азаттыққа берген сұхбатында Сәбетқазы Ақатай совет өкіметіне жолдаған талап хаттағы Алашорда мүлкі жайлы тарқатып айтқан.

"Алашорданың 12 жерде әскери, оқу-ағарту, партиялық, мемлекеттік органдары болған. Жеке баспасөзі болған. Оны шығаратын нәшрияты – баспаханасы болған. Өзінің партиялық, мемлекеттік мүлкі болған. Мемлекеттік істі іске асыратын мекемелері болған. Мұның бәрі "Алаш" партиясының және Алашорда үкіметінің жеке меншігі болған", – деді "Азат" қозғалысының басшысы.

ҚҰНЫКЕР – БОЛЬШЕВИКТЕР

Сәбетқазы Ақатай Алашорда үкіметінің мүліктерін Қызыл армия мен қызыл комиссарлар қиянат жасап иемденіп кетті дейтін.

"Алашорда басшылары мен мүшелері түгелдей тізімге алынып, құртылды. Басқаша айтқанда, өзін-өзі билейтін қазақтың саяси – мемлекеттік мекемесіне қиянат жасалды. Соның бәрі халықаралық құқық негізінде тиісті бағасын алып, қазір биліктің айтқаны өтірік болмайтын болса, праволық мемлекет құрғысы келетін болса, алдымен өзі жасаған қиянаттың орнын толтыруы керек. Оны толтыратын – Совет мемлекеті мен коммунистік партия", – деп атап айтқан Сәбетқазы Ақатай.

Оның құнын есептеуді жауапкер тараптың ырқына бердік деді саясаткер.

"Бір кездегі Алашорданың мекемелерінің бәрі – осылардың меншігі. Біз осының құнын сұрап отырмыз. Құнын есептеуді большевиктердің өзіне қалдырдық", – деді "Азат" қозғалысының жетекшісі.

"ПРЕЗИДЕНТТІҢ ПРОГРАММАСЫНА КІРУІ КЕРЕК"

Сәбетқазы Ақатай Алашордаға қарасты кейбір мүліктерді де атап өткен. Ол совет билігі талаптарын орындамайтын болса, халықаралық сотқа жүгінетінін, жалпы бұл талап жүзеге асқанша мәселені бей-жай қалдырмайтынын айтқан. Ол Алаш қайраткерлеріне қатысты мүліктерді қайтару талабын жалпыхалықтық науқанға айналдырудан да қайтпайтынын білдірген еді.

"Біз оны сұрамаймыз – талап етеміз. Қазір "Азат" қана талап етсе, ертең 10 млн қазақ халқына талап еткіземіз", – деді саясаткер.

Азаттыққа берген сұхбатында Сәбетқазы Ақатай Алаш қайраткерлеріне қатысты мүліктерді қайтарудың саяси әдіс, тәсілдері туралы да тоқталған.

"Бұл мәселені парламент, президент сайлауы, референдум кезінде де көтермекпіз. Кім де кім Қазақстан президенті болғысы келсе, бұл соның программасына кіруі керек. Бұл тарихта болған қиянат пен әділетсіздіктің орнын толтыру үшін қажет", – деді "Азат" жетекшісі.

Сәбетқазы Ақатай Азаттық радиосына осы сұхбатты берген кезінде Қазақстанда тұңғыш жалпыхалықтық президент сайлауы өтуіне әлі бір жыл уақыт бар еді.

БІР ЖЫЛ ПҰРСАТ

"Азат" қозғалысының жетекшісі егер совет билігі Алашорда мен Алаш қайраткерлеріне тиесілі болған мүліктерді қайтарғандай болса, оны кәдеге жарату жоспары барын да айтқан.

Оның сөзінше, Алашорданың 12 баспаханасы, бірнеше техникумы, бірнеше әскери-мемлекеттік училищесі болған. Саясаткер соның бәрін тек "Азат" қозғалысына сұрап отырмағанын айтқан еді. Ол егер осы мүліктер қайтарылғандай болса, оны азаматтық ұйымдар арасын бөліп берген дұрыс деген ой білдірген.

Болат Мүрсәлімнің Алаш жасағы жайлы сұхбаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:19:06 0:00

"Біреуін "Азатқа" берсін, біреуін "Алаш" партиясына берсін, енді бірін социал-демократтарға берсін. Соның бәрін қазақтың барлық демократиялық ақыл-ой мекемелеріне қайтарып берсін деп отырмыз", – деді оппозициялық саясаткер. Ол осыны қайтарып беруге Совет билігіне 1990 жылдың қазан айынан бастап бір жыл пұрсат беріп отырғанын айтты. Егер бұл талап бір жылда орындалмайтын болса, билікті халықаралық сотқа береміз деген Сәбетқазы Ақатай бұған тікелей жауапкер Совет одағы коммунистік партиясы мен Қазақстанның коммунистік партиясы екенін тағы да атап өткен. Бірақ кейін компартия тарап, совет мемлекеті де ыдырап тынған еді.

"Әділет бар болатыны рас болса, біз мұны өмір бойы жоқтаймыз", – деген сонда "Азат" қозғалысының басшысы.

Сәбетқазы Ақатай атаған Социал-демократиялық партияның сол кездегі жетекшілерінің бірі Дос Көшімнен осы туралы сұрадым.

– Иә, біз, "Азат" қозғалысы митинг жасап, Жоғарғы Кеңестің алдында шатыр тігіп жатып алғанда осы – компартияның ақшасы туралы мәселе көтерген кез есімде. Бірақ аяғы немен біткенін білмеймін. Мен басқарған социал-демократиялық партия да бұл талапқа қосылды, – деген ол Азаттыққа.

"АЛМАТЫДА БІР ҮЙ БАР"

"Азат" азаматтық қозғалысы жетекшілерінің бірі Сәбетқазы Ақатай Алаш қайраткерлері тұрған, мекендеген ғимараттарды музейге айналдыру мәселесін де көтерген.

"Ахмет Байтұрсыновтың, Әлихан Бөкейхановтың, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың үй-жай, мүкәмалдары, кітаптары бар. Соның бәрін олардың туған-туысқандарына қайтарып беру керек. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов тұрған үй Алматының Шевченко және Космонавтар көшелері қиылысында әлі күнге дейін тұр. Ағаштан салынған алты бөлмелі ескі үй. Сол үйді біз "Азатқа" қайырып берсін дейміз. Біз сол үйдің екі бөлмесін музей ғылып, қалған бөлмелерін "Азаттың" кеңсесі ретінде ұстамақпыз", – деген Сәбетқазы Ақатай.

Сол кезде "Арыс" қорында қызмет атқарған зерттеуші, журналист Аманқос Мектептегі бірнеше ай бұрын Азаттыққа берген сұхбатында осы туралы тоқталып еді. Ол сонда Байтұрсыновтың үйі туралы "Алматы ақшамы" газетіне "Арыс" қорының жетекшісі Ғарифолла Әнеспен бірігіп мақала жазғанын да еске алды. "Арыс" қоры сол үйді Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне айналдырмақ болған.

– Біз көрген кезде сол үйде сегіз жанұя пәтерде тұрып жатты. Примуспен тамақ істейді, ішінің бәрін ыс басқан, үй тозып кеткен екен. Осы үй туралы Ғарифолла екеуміз "Алматы ақшамы" газетінің бірінші нөміріне "Алматыда бір үй бар" деген мақаланы шығардық, – деді Азаттыққа Аманқос Мектептегі Ахмет Байтұрсынов тұрған үйдің 1991 жылғы ахуалы жайлы.

Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова (сол жақта) мен Аманқос Мектептегі Ахмет Байтұрсыновтың үйінің алдында тұр. Алматы, 1991 жыл. Фото авторы – Ерғали Жүсіп.
Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова (сол жақта) мен Аманқос Мектептегі Ахмет Байтұрсыновтың үйінің алдында тұр. Алматы, 1991 жыл. Фото авторы – Ерғали Жүсіп.

Ол Алаш қайраткерлерінің Торғай, Орынбор, Қызылорда сияқты қалалардағы үйлерін және Семейдегі педтехникум үйін де музейге айналдыру керектігін айтқан.

СӘБЕТҚАЗЫ АҚАТАЙ ЖӘНЕ СОВЕТ БИЛІГІНІҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ

Қазақстанның жаңа тарихында "Азат" қозғалысы араласқан белгілі саяси акцияның бірі – Орал оқиғасы болатын. 1991 жылы, Қазақстан тәуелсіздік алардан тура 3 ай бұрын, Орал казактары орыс патшасына қызмет етуінің 400 жылдығын тойламақшы болып, қазақтар бұл бастамаға қарсы шыққан. үлкен жанжалға ұласып кете жаздаған Орал казактары шеруі "Азат" қозғалысы мүшелерінің араласуымен таратылған еді. Қозғалыс мүшелері одан бұрын да билікке Жайық казактарының саяси реңкі бар басқосу өткізуіне наразылық білдірген болатын. Жалпы, сол кездегі мәмілелер мен координацияға қарағанда Қазақстан билігі казактар мәселесін реттеуде Азат қозғалысына жүгінгені байқалады.

Жалпыхалықтық президент сайлауы қарсаңында сол кезде жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев ел аралап жүріп Жайыққа соққанда, Орал оқиғасы туралы да айтқан. Және оған тойтарыс берген "Азат" қозғалысының іс-әрекетіне ықылас білдіргені бар. Азат қозғалысының жетекшісі Сәбетқазы Ақатай Азаттыққа сұхбат берген кезде Орал оқиғасына әлі бір жыл уақыт қалған еді.

1990 жылдың аяғында Азаттық радиосының Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин сол кезде Қазақстанда "неформалдар", "бейресми ұйымдар" деп айдарланған қоғамдық бірлестіктер басшыларынан сұхбат алған. Бұл сұхбаттар 1991 жылдың қаңтар айынан бастап эфирге берілген.

"Азат" қозғалысының жетекшісі Сәбетқазы Ақатаймен болған сұхбатқа шолу толығырақ "Азаттық толқынында" подкасында баяндалды.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG