Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) 31 желтоқсанда Пол Уилан есімді АҚШ азаматын "тыңшылық жасап жатқан жерінен" ұстағанын хабарлады. "Интерфакстың" хабарлауынша, Ресей билігі Уиланға 3 қаңтарда ресми түрде айып таққан.
Уиланның заңгері Владимир Жеребенков тағылған айыпқа қатысты түсініктеме берген жоқ. Бірақ қорғауындағы азаматтың кемінде 28 ақпанға дейін қамауда болатынын айтқан.
Адвокат 3 қаңтарда Уиланды кепілдікке босату туралы өтініш түсірген.
“Оны негізсіз ұстап, қамады деп есептеймін. Тергеушілер "қашып кетеді, жасырынуы мүмкін" деген соң оны қамауда ұстап отыр. Біз қамаудың орнына кепілге босатуды өтініп жатырмыз” деді адвокат Reuters агенттігіне.
Жеребенков бұған қоса оның айыптарды жоққа шығарғанын, “өзін жақсы, сергек, сенімді ұстайды” деп айтқан. Күдіктінің барлық құқықтары да сақталып отырғанын жеткізген.
“Оның еш кінәсі жоқ деп ойлаймын, себебі кінәлі екенін дәлелдейтін ешқандай дәлел көрмедім. Ол Ресей туралы көбірек білгісі келеді - ел жайлы, оның мәдениеті жайлы, Ортодокс бағыты туралы білгісі келеді” деді адвокат The New York Times басылымына 3 қаңтарда.
Ал ФСБ әзірге Уиланның "тыңшылық әрекетіне" қатысты толық мәлімет таратпады.
3 қаңтарда Лефортово тергеу абақтысында отырған Уиланға АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсман барды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ресейден Уиланды не үшін ұстағанын ашық мәлімдеуді сұрап, тез арада босатуды талап еткен.
Мичиган штатында тұратын Пол Уилан көлік бөлшектерін шығаратын америкалық BorgWarner компаниясында қауіпсіздік жөніндегі директор қызметін атқарады. Ол 1994-2008 жылдар аралығында АҚШ теңіз жаяу әскері Корпусында қызмет еткен. Ұрлық жасап қызметінен қуылған.
Уиланның туыстары оның барлау ісіне қатысы барын теріске шығарады. Олардың сөзінше, Уилан Мәскеуге досының тойына барған.
Украинаның шығысындағы жағдай мен Сириядағы соғысқа байланысты АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынас мәз емес.
Бұған қоса АҚШ-та 2016 жылғы президент сайлауына "Ресейдің килігуі" жайлы мәселе зерттеліп жатыр. Уиланның ұсталуы АҚШ-та "Ресей мүддесіне заңсыз лобби жасады" деп айыпталған Мария Бутина ісі зерттеліп жатқан кезбен тұспа-тұс келіп отыр. Бутина жақында "АҚШ-қа зиян келтіру мақсатында астыртын сөз байласқанын" мойындаған.
Кремль Бутинаның Ресей агенті болғанын жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР