Accessibility links

Якутияны топан су басты


Якутиядағы су басқан Эльдикан ауылының 13 мамыр күнгі көрінісі.
Якутиядағы су басқан Эльдикан ауылының 13 мамыр күнгі көрінісі.

Якутияда федералдық деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. 11 елді мекен суға кетіп, тағы он шақтысына қауіп төніп тұр.

Ас-су да, электр жарығы мен байланыс та жоқ, жергілікті әкімшіліктер асығыс-үсігіс құжаттарды құтқаруға кіріскен. Көмек ретінде жіберілген нанға бола жанжал туған. Якутиядағы топан су жайлаған кенттерден түсіп жатқан хабарлар барған сайын соғыс хабарына ұқсап барады.

Якутияда болатын мұндай су тасқындарының ерекшелігі бар. Жер шалғай болғандықтан көмек көрсету қиындап кетеді. Бұдан бөлек су сәл жайылса болды, жарық бірден өшіп, байланыс үзіліп қалады.

Якутия басшысының хабарлауынша, алдын алу шараларына қам жасалғанымен, бұл жылы су тасқыны болмайды деген дәстүрлі болжам орындалмаған.

СУ БАСҚАН КЕНТТЕР

Қазір су басқан кенттер тізімі күрт ұзарып барады. Мамырдың 5-інде Амга ауданындағы шағын ауылдарды су басқаны мәлім болды. Бір күннен соң тасқын су аудан орталығына жетті. Жергілікті билік жағдайдың бұлай ушығып кететініне сенбеген тәрізді. Өйткені тасыған су Амгаға жақындап қалған мамырдың 9-ында кентте мерекелік шаралар, оның ішінде су жайылған көшелерде шеру өтіп жатты.

Су басқан Эльдикан
Су басқан Эльдикан

Якутиялықтар жағасында демалғанды жақсы көретін суы мөлдір шағын ғана Амга өзені соңғы 35 жылда бұлай тасыған емес. Сол кезден бері жұрт жойқын су тасқыны дегеннің не екенін ұмыта бастаған.

– Бәрі аяқ астынан басталды. Су біртіндеп жайылды. Электр жарығын өшіріп тастады, байланыс та үзіліп қалды. Топан су дәл мерекеде - мамырдың 9-ында түнде басты, - дейді Амга кенті тұрғыны Александра Дьячковская.

Бірақ сәтін салғанда, тасқын су ол тұратын орталық көшеге дейін жетпеген.

Ал көп балалы әрі үш баласын жалғыз өзі асырап отырған жесір ана Оксана Самойлованың жолы болмаған. 2012 жылы салған үйі тура су тасқынының ортасында қалған. Сол күні оны "сендерге баратын жолды су шайып барады" деп ескерткен әпкесінің қоңырауы оятқан. Оксана асығыс-үсігіс балаларын киіндіріп, шешесінің үйіне барған.

– Бір апта бойы есеңгіреп жүрдім, - дейді ол. – Су басқан үйіме тіпті қарай да алмаймын. Еденнің бүкіл тақтайы қалқып жүр, бәріне су сіңген. Енді ол жерде тұру мүмкін емес. Ал маған бір реттік көмек ретінде 20 мың рубль ғана береміз деп отыр. Киім-кешексіз, ақшасыз қалдық. Бұған құжаттарыма байланысты проблемалар қосылды, мұнша ауыртпалықты еңсеретін күшті қайдан табамын, білмеймін, - дейді ол.

Якутиядағы су басқан ауыл
Якутиядағы су басқан ауыл

Амга кентінің басшысы Михаил Артемьевтің хабарлауынша, бірден тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылған. Алғашқы күндері 50 үйді су басқан. Ал оларда 160 тұрғын тұрады.

Ертеңінде, мамырдың 10-ы күні Амгаға Якутия басшысы Егор Борисов ұшып барған. Шенеуніктер содан кейін ғана қимылдай бастағанға ұқсайды. Якутскіде күн сайын түрлі аудандардағы тасқынды талқылаған жиналыс өте бастаған. Аймақ басшысы Хабаровск өлкесі құтқарушыларынан көмек сұраған. Якутскіде Амга ауданы тұрғындары үшін көмек штабы құрылған.

Биыл тамызда Амгада Якутия халықтарының спорт ойындары өтеді деп жоспарланған болатын. Спорт нысандарының құрылысы мен жолдарды жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бірақ бүкіл жоспарды тасқын бұзды. Айналасына құм толтырылған қаптардан бөгет қалап, салынып жатқан стадионды топан судан жергілікті тұрғындар өз күштерімен құтқарып қалған. Олар көптен күткен спорттық шараны өткізуді әлі де талап етіп жатыр. Бірақ кезекті жиында Якутия басшысы Егор Борисов олардың уәж-дәйектерімен келіспей, өз ұйғарымын жариялаған.

– Амгада спорттық ойындарды өткіземіз, бірақ биыл емес. Республикада мұндай жағдай болып жатқанда той тойлап, жарыс өткізе алмаймыз. Мұнымыз күпірлік әрі қателік болады, - деп мәлімдеді Егор Борисов.

УСТЬ-МАЙЯ АУДАНЫНДАҒЫ ТАСҚЫН

Амгаға қоса тағы бірнеше ауданда төтенше жағдай жарияланды. Өзенде сең жүріп, Усть-Майя ауданының Кюпцы, Эльдикан және Эженцы ауылдары зардап шекті.

Кюпцы мен Эженция ауылдарында тұрғындарды эвакуациялау ұйымдастырылған, ал Эльдикан кентіне билік бірден назар аудармаған. Амга кенті тұрғындары сияқты эльдикандықтар да қиындықтары туралы WhatsApp мессенджері арқылы жаппай хабарлай бастағаннан кейін журналистер дабыл қаққан.

Су басқан Эльдикан тұрғындары екі тәулік бойы үйлерінің шатырында отырған.

Су басқан Эльдикан тұрғындары екі тәулік бойы үйлерінің шатырында отырған. Әкімшілік қызметкерлері адамдарды моторлы қайықтармен құтқаруға тырысқан.

Бірнеше күннен соң бір мыңнан аса тұрғыны бар Эльдиканға 100 бөлке нан мен 20 литр су апарған. Бұл жайлы эльдикандықтардың өздері хабарлады. Бірақ биліктің ақпары басқа.

Тұрғындар әлгі көмекті бірден Ленинград блокадасы кезінде нанды мөлшерлеп берумен салыстырып, билікке "Мұндай көмектеріңнен халық шошып кетті. 100 адамға 10 бөлке нан әкелді! Ал оны топан су мен мұз құрсауында қалып қойған адамдар қалай бөліп алады. Мына көмектерің Ленинград блокадасы кезіндегі паекті еске түсірді. Тіпті блокада кезінде бұдан көбірек нан берген сияқты" жазған.

– Бұдан өзге ешқандай көмек келген жоқ, - деп хабарлады ауыл тұрғыны Татьяна Лямкина "Сибирь. Реалий" тілшісіне. – Көмек көрсетейік деп құлшынған да ешкім болған жоқ. Дизельмен жүретін екі электр станциясын бүгін ғана әкелді. Соның арқасында әйтеуір байланыс қалпына келді. Ал оған дейін жұрт ешкімге хабарласа алмай, жарықсыз отырды.

Тұрғындардың сөзінше, жұрттың бәрінің үйлері зардап шеккен.

–Үйден екі тәулік бұрын шығып кеткенмін. Үйімдегі су деңгейі сол кездің өзінде тізеден болатын. Мені құрбым паналатып отыр. Шешем ауылдың арғы шетінде тұрады, ол кісінің үйіне жете алмаймын. Эвакуациялық пункттерге барыңдар деген, бірақ ол жерге барғанда не істейміз. Спортзалда жылу жоқ, тақыр еденнің үстінде қалай ұйықтаймыз? - дейді Татьяна.

Су басқан Якутия ауылдары
Су басқан Якутия ауылдары

Бірақ билік "Эльдикандағы жағдайды бақылап отырмыз, ауылды үрей, дүрбелең жайлады деген ақпарат өтірік" деп жазып жатыр.

Эльдиканда бауыры мен туыс әпкесі тұратын мәскеулік Лера Эльшанская олармен үзбей сөйлесіп, жағдайларын сұрап отырғанын айтады.

– Адамдар шатырдың үстінде шынымен әлі отырған көрінеді. Бауырым жұмыстан кейін отбасына жете алмай қалыпты. Аяғы ауыр келіншегі екі баласымен, малмен бірге су басқан үйде жалғыз қалған. Үйіне тікұшақпен бүгін әрең жетіпті, - деді ол.

Эльдикан басшысының телефон нөмірін сұрағанымызда, тұрғындар "қайтесіз,бәрібір жауап бермейді" деді.

– Ауыл басшысы үш түн бойы ұйықтаған жоқ. Журналистермен сөйлеспейді. Оның үйі де суда қалды, ол тіпті дүние-мүлкін де құтқарып қала алмады. Қазір әкімшіліктегілер құжаттарды аман алып қалу үшін жанталасып жатыр. Ауылда ағаштарды отап, бағандарды кесіп, тікұшақ қонатын орын даярлап жатыр, - дейді тұрғындар.

Тұрғындарды бүгін эвакуациялаудың сәті түсуі мүмкін. Бірақ көбі одан бас тартып жатыр. Олар үйлерін тастап кеткісі келмейді.

– Менің туыстарымның сегіз сиыры бар, оларды тастап ешқайда кете алмайды ғой. Қазір бәріміз судың беті қайтса екен деп құдайға жалбарынып отырмыз, - дейді Эльшанская.

Тасқын судан зардап шеккен Эльдикан ауылы
Тасқын судан зардап шеккен Эльдикан ауылы

Алдыңғы күнгі таңнан бастап Эльдиканда 100 адам ұлтарақтай құрғақ жерге жиналып, су деңгейін қорқынышпен бақылап тұрды. Су жайылған сайын олар құрғақ жерге қарай ығысады. "Не күтіп тұрсыздар дейсіз бе? Тіпті не дерді білмейміз" дейді олар.

Сол күні Эльдиканның балаларын тікұшақпен аудан орталығына эвакуациялаудың сәті түскені хабарланды.

– Эльдиканнан тікұшақ келді. Адамдар тізеден малшынған су, өздері әбден жылаған, - дейді Усть-Майя тұрғындары.

Соңғы дерекке сәйкес, Эльдиканнан 423 адам эвакуацияланған. Олардың 119-ы бала. Кентте жайылған су деңгейі әлі жоғары. Соңғы деректер бойынша, су деңгейі 1656 сантиметрге жеткен. Ал қауіпті меже - 1515 сантиметр.

Якутияға Ресей төтенше жағдайлар министрі Владимир Пучков ұшып барған.

("Сибирь. Реалии" сайтының тілшісі Наталья Степанованың мақаласы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG