Халықаралық құқық қорғау ұйымдары қазіргі заманның ең нашар диктаторларының бірі санайтын Өзбекстан президентін сарапшылар Путиннің Орталық Азия мен бүкіл постсоветтік кеңістіктегі «үндемес оппоненті» деп те атайды.
Бұрынғы Совет одағының екі республикасы Өзбекстан мен оның көршісі Қазақстан – тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері мемлекетті бір адам тапжылмай басқарып келе жатқан елдер. Өзбекстан компартиясының бұрынғы бірінші хатшысы, 78 жастағы Ислам Каримов – бұрынғы СССР-дың құрамында болған одақтас республика басшыларының ақсақалы, ал билік құру мерзімі жағынан көрші Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бір-ақ күнге қалыс.
Кезінде Өзбекстанның мемлекеттік құрылымдарында лауазымды қызметтер атқарған өзбекстандық саясаттанушы әрі диссидент Камолиддин Раббимов Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Каримовтың Мәскеумен келісімінің астары жайлы, оның билік құру құпиялары туралы, Өзбекстан қоғамының «солтүстіктегі көршісін» қалай қабылдайтыны жайлы, постсоветтік кеңістікте Қырым аннексиясы мен Украинада соғыс басталғаннан кейін өзгерген атмосфера хақында ойларын айтты.
Азаттық: – Amnesty International ұйымы жариялаған баяндамасында қазір Каримов сапарлап келе жатқан Ресей билігі Өзбекстандағы өзгеше ойлауды қудалаушыларға астыртын дем беріп, оған тіпті тікелей араласады деп көрсеткен. Мысалы, Ресейдің арнайы қызмет органдары «радикал исламшылдар» деп аталатын қашқын диссидент, оппозиционерлерді Ташкентке ұстап береді немесе оларды Ресей территориясынан жасырын түрде ұрлап әкету үшін Өзбекстанның арнайы қызметіне рұқсат береді деп айтылған.
Ислам Каримов Батыс саясаткерлерінің алдында Путиннің мүдделерін көздейтін жобаларға қосылмау арқылы бедел жинап келеді.
Камолиддин Раббимов: – Ресейде Владимир Путин билікке келгеннен кейін Өзбекстан мен Ресей арнайы қызметі оппозиция мен өзгеше ойлайтын жандарға қарсы күресті үйлестіруге үлкен мән бере бастады. Ал бірақ халықаралық саясатта Өзбекстан Кремльдің жобаларына үнемі қосылмай қалады. Мысалы, ол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан екі рет шығып кетті. Қатігездігінен әлі танбаған өктемшіл әмірші Ислам Каримов Батыс саясаткерлерінің алдында дәл осындай амалмен – Путиннің мүдделерін көздейтін жобаларға қосылмау арқылы бедел жинап, оны нығайтып келеді. Бұл әрекеттер Кремльдің шамына тиетіні анық. Бірақ оппозициямен арнайы қызмет деңгейінде күресу қажеттігі туған кезде екеуінің арасында ешқандай «түсінбестік» болмай, тез тіл табысады. Ресей бұл жағынан Каримов режимін үнемі қолдап отырады, Өзбекстан азаматтарын жаппай әрі заңсыз депортациялайды. Ташкенттің экстрадиция жайлы өтінішін орындаудан Мәскеу ешқашан бас тартқан емес, ешқашан «жоқ, бұл халықаралық құқық аясында алған міндеттемелерімізге қайшы» деп айтып көрмепті. Ресейде кейде Страсбург адам құқығы сотына жүгініп, кей адамдарды құтқарып қалуға тырысатын бірнеше құқық қорғаушы бар. Бірақ Каримов режимінің дұшпандарын Ташкентке дереу әрі тып-тыныш беріп жіберу мүмкіндігі туа қалса, Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі мен ішкі істер министрлігі сияқты күштік құрылымдары ондай сәтті бұрынғысынша қапы жібермейді.
Азаттық: – Ал қазір Өзбекстандағы радикал ислам бірлестіктердің әлеуеті мен идеялары қаншалықты мығым? Мұндай қатер шынымен бар ма әлде ойдан шығарылған ба? Мәскеу, мысалы, Ресейде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» террористік тобына қосылған содырлар саны жағынан Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстан бірінші орында тұр деп санайды. Әрине, оларды ол жаққа Каримов аттандырып жатқан жоқ, олардың өздері қашып кетіп жатыр, бірақ...
Камолиддин Раббимов: – Кезінде мен Өзбекстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты – ҰҚҚ-ның (ұлттық қауіпсіздік қызметі – ред.) сараптама институты сияқты мемлекеттік органдардың талайында жұмыс істеп, президент академиясының аспирантурасында оқығанмын. Сондықтан бұл режимнің қыр-сырын жақсы білемін. Каримов пен оның көмекшілері өзбекстандықтардың сана-сезімін қатаң бақылап отыру үшін экстремизм мен терроризмге қарсы күресті саяси технология ретінде қарастырады. Өзбекстанда экстремизм мен терроризммен шынайы күреспейді. Мемлекет халықтың жалпы діншілдік деңгейін барынша бақылауда ұстауды көздейді, яғни билік өзбекстандықтардың діни сана-сезімін мен мінез-құлқын мейлінше тұқыртып тастағысы келеді. Әрине, ол елде экстремистер де, террористер де бар. Бірақ 25 жылда Өзбекстан қоғамы діни сана-сезімнен, жұрдай болып кетті. Өзбекстанда саяси тұтқындардың көбі түрмеде отыр. Егер Беларусьпен салыстырсақ, ол жақта 30-60 адам, ал бізде ең кемі 15 мың адам отыр! «Ислам мемлекеті» тобы Өзбекстанды басып алады деген үлкен қатер жоқ. Бірақ жаппай қорқыныш тудырып, қоғамды уысында ұстау үшін режим мұндай факторларды епті пайдаланады.
Азаттық: – Каримов Мәскеуге қандай мақсатпен бар жатыр? Екі елдің арнайы қызметінің жұмысын үйлестіруді ұсыну үшін бе, Ресей билігінің қолдаймын деген жалпылама уәдесін алу үшін бе әлде әлдебір нақты көмек сұрап бара жатыр ма?
Кремльдің қолында Каримовты «дұрыстап» қыспаққа алатындай мықты ресурстар жоқ.
Камолиддин Раббимов: – Қырым аннексиясы мен Украинада соғыс басталғаннан кейін постсоветтік кеңістікте геосаяси тепе-теңдік қатты өзгерді. Каримов пен Путиннің арасында ымыраға келе алмайтын алауыздық бар, ал Кремльдің қолында Каримовты «дұрыстап» қыспаққа алатындай мықты ресурстар жоқ. Меніңше, Каримовты Мәскеуге Орталық Азиядағы геосаяси ахуал жайлы сөйлесу үшін шақырған сияқты. Мұндай келіссөздер кезінде әдетте геосаясатқа қатысты екі мәселе, яғни Мәскеудің мүддесі мен қауіпсіздік мәселесі талқыланады. Бұл мәселелер бойынша кейде ымыраға келіп қалады, кейде келісе алмайды. Бірақ ТМД елдерінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиттері қалай өтетінін еске алсақ, Каримов үнемі қарсы шығады немесе Путинге тікелей қарама-қайшы позиция ұстанады. Айтпақшы, ол Мәскеумен сөйлескенде өзбекстандықтардың жұмыс іздеп Ресейге кетіп жатқанына қатысты мәселені қозғамауға тырысады. Ал Ресейде жүрген еңбек мигранттарының көбі өзбектер ғой. Бірақ Өзбекстан билігі бұл мәселені күн тәртібіне ресми енгізбеу амалын жасауға барынша тырысады. Өйткені Өзбекстан проблеманы ресми түрде мойындаса, бұл қысым көрсету факторына айналып шыға келеді. Ал Каримов Кремль Өзбекстанға қысым көрсете алатын факторларды барынша азайтуға мүдделі.
Азаттық: – Каримов армиясын жетілдіру үшін Ресейдің соңғы кезде шыққан жаңа қару-жарағын алғысы келеді деген пікір бар. Бұған не түрткі болып отыр? Әлде бұған көрші Қазақстан (бірінші кезекте) және Қырғызстанмен арада үдеп бара жатқан шиеленіс себеп пе? Бұл бәсекелестіктің ауқымы қаншалықты зор? Каримов бұл бәсекелестіктен неліктен қорқуы тиіс?
Камолиддин Раббимов: – Өзбекстан мен Қазақстанның өзара бәсекелес екені рас. Орталық Азияға қатысты «Аймақта Қазақстан мен Өзбекстанның қайсысы лидер?» деген сұрақты Збигнев Бжезинский талай жыл бұрын – 1997 жылы қойған болатын. Міне, сол кезден бері Өзбекстан мен Қазақстан басшылары санасындағы «Бжезинский синдромы» тек күшейіп келеді. Ал Қырғызстан Мәскеудің ықпалына түсіп кеткендіктен Ташкент пен Бішкек бір-бірімен геосаяси тұрғыдан тайталас. Қазір Қырғызстан Батыс елдері мен АҚШ-тан біраз алшақтап, кейінгі жылдары «Путиннің жобаларына», мысалы ЕАЭО-ға қосылғанын білеміз. Өзбекстан мен Қырғызстан арасында су ресурстарына қатысты ескі дау бар. Ал Өзбекстан мен Қазақстанның арасында қазір әлдебір тепе-теңдік байқалып жүр, яғни Украинадағы жағдайдан кейін екі ел іс-қимылын өзара үйлестіре бастады. Қазақстан Ресеймен ешқашан ашық жанжалдаспайды, бірақ Путиннің кей жобаларын ептілікпен елемей қоятын кездері болады. Мәскеудің Орталық Азияға ықпалын азайту үшін Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстан бір-біріне қарайлай бастады.
Азаттық: – Ал қарапайым өзбекстандықтарды мұның бәрі – елден тысқары жерлерде болып жатқан оқиғалар, мысалы Украинадағы жағдай ойландыра ма? Ташкенттің бұл қақтығысқа қатысты ұстанымы қандай?
Камолиддин Раббимов: – Иә, ойландырады. Бүкіл Орталық Азия сияқты Өзбекстан да Мәскеудің, ресми Кремльдің ақпараттық ықпалында отыр. Өзбекстандықтар «ОРТ», «РТР», «НТВ», «РенТВ» сияқты Орталық Азияда өте танымал ресейлік телеарналарды көреді. Мұның бірінші себебі – Орталық Азияда тәуелсіздік алған жаңа мемлекеттер өздерінің тәуелсіз БАҚ-тарын қалыптастыра алмады. Сондықтан жұрт ресейлік арналарды қарайды әрі мазмұны жағынан бай деп санайды, оның үстіне оларды көруге тіл жағынан кедергі жоқ. Жұрт ресейлік БАҚ-та мүлде цензура жоқ немесе аз деп ойлайды. Ал путиндік режим мұны епті пайдаланып отыр. Сондықтан Украинаға қатысты мәселеде өзбекстандықтар Путиннің саясатын жаппай қолдайды.
Ресей – Өзбекстанның негізгі сауда әріптесі, оның тауар айналымының төрттен бір бөлігі Ресей үлесінде. Өзбекстан Ресейдің ақпараттық ықпалында. Өзбекстандықтар Ресейді негізгі геосаяси әріптес деп санайды. Өзбекстандықтар өз парламентінің депутаты кім екенін білмеуі мүмкін, бірақ ресейлік Жириновский сияқты талай саясаткерді, тіпті оппозиционерлерді біледі. Каримов Путиннен осы жағынан қорқады, өйткені Ресейдің қолында «жағдайды шайқалтуға» жететін ресурстар бар. Ол Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевті шын мәнінде Кремль алып тастағанын біледі. Каримов осыдан шошиды. Бірақ Каримов экономика, қауіпсіздік саласындағы, геосаясаттың кей проблемаларын Ресейдің қолдауынсыз шеше алмайтынын жақсы түсінеді. Міне, жағдай осындай. Каримов Ресейге қатысты сақтану, бірақ тығыз ынтымақтастық позициясын ұстанады.
Андрей Шароградский мен Александр Гостевтің материалы ықшамдалып аударылды.