Accessibility links

Ресейде жабылған сайттар ашыла бастады


Grani.ru сайты бұғауланғаны жайлы мәлімет.
Grani.ru сайты бұғауланғаны жайлы мәлімет.

Ресейдегі интернет-провайдерлер бейсенбі күні Роскомнадзордың талабымен жапқан оппозициялық сайттарды аша бастады.

Наурыздың 13-інде Ресейдің мемлекеттік телекоммуникацияны қадағалайтын органы (Роскомнадзор) бірнеше интернет ресурстарын бұғаулаған.

Кремльдің саясатын сынаған бірнеше сайт (Grani.ru, Kasparov.ru, "Ежедневный журнал" - EJ.ru) - "адамдарды рұқсат етілмеген жиындарға қатысуға шақырып, заңға қарсы әрекеттер жасауға арандатпақ болды" деген айыппен, оппозиционер Алексей Навальныйдың Livejournal.com-дағы блогын - "өзін үйқамақта ұстау тәртібін бұзды" деген айыппен уақытша жабылған.

Роскомнадзор бұл сайттар Бас прокуратураның талабы бойынша тыйым салынған ақарараттардың қара тізіміне енгенін айтқан.

Ресей билігі оппозиционер Алексей Навальныйдың блогын көшіріп басқаны үшін "Эхо Москвы" радиосы сайтын да бұғаулап, ол сайтты оппозиционердің жазбаларын өшірген соң ғана ашты.

Бас редакторлары жұмыстан шығарылған соң 39 қызметкері жұмыстан кететіндерін мәлімдеген Lenta.ru да сайты жұма күні таңертең ашылмай қалды. Кейін сайтқа хакерлік шабуыл жасалғаны, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқаны хабарланды.
Ресей президенті Владимир Путиннің суреті салынған бағдаршам. Мәскеу, 10 ақпан 2012 жыл
Ресей президенті Владимир Путиннің суреті салынған бағдаршам. Мәскеу, 10 ақпан 2012 жыл

Роскомнадзор 12 наурызда Lenta.ru сайтына да ескерту жасаған еді. Мекеме Украинадағы "Правый сектор" қозғалысы басшыларының бірінің сұхбатын жариялаған сайт мақаласындағы бір сілтемеге наразы болған. Сілтеме жасалған материал - Ресей соты сол күні "терроризмге шақырды" деген айыппен тұтқындауға сырттай санкция берген азаматтың, украиналық "Оңшыл сектор" ұйымының жетекшісі Дмитрий Яроштың сұқбаты болған.

Ресейде 1 қаңтарда күшіне енген "Луговой заңы" арқасында бас прокуратура мен орынбасарлары "экстремизмге", не рұқсат етілмеген акцияларға шақырғаны үшін сайттарды сот шешімінсіз-ақ бұғаулай алады. Бұдан соң хостинг провайдері сайт иесіне хабарласып, "зиянды контентті" бірден өшіруін талап етеді. Роскомнадзор сайт иесінің не провайдердің ақпарат өшірілді деген жауабын алып, оны тексерген соң ғана сайтты бұғаудан босатады.

Бұл заңды ЛДПР депутаты Андрей Луговой, "Единая Россия" өкілі Сергей Чиндяскин, коммунистер Сергей Гаврилов пен Николай Иванов дайындаған еді. Құжатты 2013 жылы 20 желтоқсанда Ресей мемлекеттік думасы, 25 желтоқсанда Федерация кеңесі қабылдап, 30 желтоқсанда президент Владимир Путин қол қойған.
XS
SM
MD
LG