Дүйсенбі, шілденің 7-сі күні Мәскеудің Лефертов соты Ресей қауіпсіздік қызметі «Қырым аумағында террорлық актілер ұйымдастырды» деп айыптап отырған украин кинорежиссёрі Олег Сенцовты тұтқында ұстау мерзімін ұзартты.
Одан бөлек, қоғамдық белсенді Александр Кольченко және Ресей басқыншылығына қарсы кампанияға қатысқан белсенділер Геннадий Афанасьев пен Алексей Чирний де абақтыда отыр. Тергеу орындары оларды да «террорлық актілер ұйымдастырды» дейді.
Сенцовтың адвокаты – Дмитрий Динзе. Ол - «Pussy Riot» панк-тобының мүшесі Надежда Толоконникова мен «Болотный ісіндегі» айыпталушылардың құқығын қорғаған заңгер. Ал Александр Кольченконың соттағы өкілі - «Болотный ісіндегі» танымал ресейлік антифашист Алексей Гаскаровты қорғаған адвокат Светлана Сидоркина. Дәл қазір Динзе де, Сидоркина да тергеу органдары іс материалдарын жарияламау туралы қолхат алғандықтан, тергеудің жай-жапсары жөнінде айта алмай отыр.
«Крым.Реалии» сайтына берген сұхбаттарында қырымдық тұтқындардың адвокаттары өз қорғауындағы белсенділердің қандай жағдайда отырғандарын, олардың таяу арада бостандыққа шығуы мүмкін бе, жоқ па - осы жайларды баяндады.
Дмитрий Динзе: «Билік тіпті Никита Михалков сияқты қайраткерлердің де сөзін елемей отыр»
– Олег Сенцовтың ісі қазір қай сатыда?
– Қазір қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу жүріп жатыр. Яғни, куәгерлер мен басқа да тұлғалар, сондай-ақ айыпталушылардың өздері жауап беріп жатыр. Бірқатар сараптамалар тағайындалды.
– Шілденің 7-сі күні сот сіздің қорғауыңыздағы белсендінің қамау мерзімін ұзартты. Сіз бұл шараны өзгертуге талпынып көрдіңіз бе?
– Біз үйқамақты ұсынып көрдік, себебі Сенцовтың Ресей Федерациясының аумағында тіркелген және тұратын жері бар. Одан бөлек, Симферопольде абақтыда ұстау туралы шешім шыққанда, соттың құрамы заңсыз болғанын көрсеттік. Ол соттың құрамында Ресей азаматтығы болуы тиіс судья Диденко, ресейлік заңнамаларды білу жөнінде емтихан тапсыруы және Ресей Федерациясының азаматтығын алуы тиіс прокурор Поклонская, ресейлік заңнамаларды білу жөнінде емтихан тапсыруы және «Адвокатура және адвокаттық қызмет туралы» заңға лайық болуы тиіс адвокат Хрящиков болған. Мен бұл жайттардың барлығы осы сот отырысында қайта қаралсын деген өтініш жасадым, алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Сол кезде біз Сенцовты қамау алу шарасының өзінің заңдылығы өте күмәнді екенін айттық. Сот мұны ескеруі тиіс еді, бірақ ол бұл фактілерді бағалаудан жалтарды және Сенцовты абақтыда ұстауды қазанның 11-іне дейін ұзарту туралы шешім шығарды.
– Бұдан бұрын арнайы қызмет өкілдері Сенцовты қинады, жәбірледі деп мәлімдеген едіңіз. Құқық қорғау органдары бұл фактілерді тексерді ме?
– Иә, Сенцовты Симферопольдағы СБУ (Украина қауіпсіздік қызметі) ғимаратында қинаған. Ол ғимаратта қазір ФСБ отыр. Соңғы сот отырысы барысында Сенцов бұл фактілерді растады.
Маған Сенцовтың аталған қылмыс жөніндегі мәлімдемесі мен менің өтінішімнің Қара теңіз Флотының әскери-тергеу басқармасына жолданғаны жөнінде хабарлама келді.
– Ал неге өтінішіңізді Флот басқармасы қарауы тиіс?
– Нақ осы тергеу орнының немен байланысты таңдалғанын мен білмедім. Енді сол жерден жауап күтеміз.
– Олег Сенцовтың қазіргі халі қандай?
– Денсаулығы жақсы. Ерекше шағымдары жоқ. Лефортов абақтысының жағдайы тәуірлеу сияқты еді, алайда шілденің 7-сі күні сотта мен оған Тергеу изоляторы қызметкерлерінің қоқан-лоқы жасағанын естідім. Бұл тақырыпта онымен әлі сөйлесеміз. Менің түсінгенім - онымен әлдекімнің сөйлескісі келеді. Ол мұны да сот отырысы барысында айтты.
– Оған нақты қандай қоқан-лоқы жасаған?
– Ол сотта сөйлеген сөзінде «алтыншы қабаттағы дәретхана терезесінен шықпайтынын немесе асылып қалмайтынын» айтты. Бұл сөздерге қарап, қоқан-лоқының сипатын түсінуге болар.
– Олег тергеу изоляторында немен айналысады, бос уақытын қалай өткізеді?
– Егжей-тегжейлі айтып бере алмаймын. Біз негізінде іс бойынша қарым-қатынас жасаймыз. Менің білуімше, ол кітап оқиды, теледидар көреді және радио тыңдайды. Ол жерде басқа ештеңе жоқ. Оларды жаттығу үшін спортзалға апаратын-апармайтынын білмеймін, бірақ Мәскеудің өзге изоляторларында мұндай мүмкіндіктер бар.
– Сенцов ісінің ақыры не болады деп болжайсыз?
– Ресей Федерациясы билігінің тіпті Никита Михалков сынды қайраткерлердің және өзге де танымал әлемдік кинорежиссёрлердің Сенцовты қолдаған сөздерін елемеуін ескерсек, әзірше жағымсыз болжам ғана жасай аламыз.
Светлана Сидоркина: «Тергеу Кольченконы Ресей азаматы деп санайды және консулмен кездестірмей отыр»
– Александр Кольченконың да Олег Сенцов сияқты қамау мерзімі ұзартылды ма?
– Заң бойынша, тергеу мерзімін әдетте тергеу органының басшысы созады. Тергеу органдары қамауды қазанның 28-іне дейін ұзартты. Ресей заңдары бойынша, тергеу органы тұтқында ұстауды ұзарту туралы сотқа арыз жазады. Заңның осы нормасына сәйкес, тергеуші сотқа өтініш жазды және оның уәждері бойынша сот Кольченконың абақтыда болу мерзімін ұзартты.
– Сот шараларын өзгерту үшін сіз қандай әрекеттер жасадыңыз?
– Мен абақтыда болу мерзімін ұзартқандарына келіспей, жоғары инстанцияға – Мәскеу қалалық сотына шағым түсірдім. Егер Ресейде заңды сақтайтын болса, тергеу органдары өздерінің дәлелдері мен нақты фактілерін ұсынулары тиіс. Бірақ бұл елде заң мүлде сақталмайды. Ресейде бұлтартпау шаралары және абақтыда болу мерзімін ұзарту шарасы ауыр қылмыс жасады деген күдіктіге қатысты ғана қолданылады. Еуропа соты "тергеу органдары қамауды ұзарту үшін тергеушілер нақты дәлелдер келтіруі керек" дейді. Бірақ Мәскеу тергеушілері әдеттегідей ешқандай нақты фактілер көрсеткен жоқ.
– Дмитрий Динзенің адвокаты Олег Сенцовты Симферопольде ФСБ қызметкерлері қинады деп мәлімдеді. Кольченконы да азаптаған жоқ па?
– Жоқ. Мен одан бұл жайында неше мәрте сұрадым. Оның айтуынша, Кольченкоға құқық қорғау органдары ешқандай күш қолданбаған. Психологиялық қысым да жасамаған.
– Сіз Кольченконың Мәскеуде Украина консулымен кездесуіне өтініш бердіңіз. Нәтиже бар ма?
– Ондай өтініш жаздым. Себебі мен де, мен қорғап жатқан белсенді де өзімізді Украина азаматы деп санаймыз. 2004 жылы Ресей мен Украина арасында жасалған консулдық келісімге сүйене отырып, Кольченконың консулмен, Украина сыртқы істер министрі өкілімен Ресей аумағында кездесуге құқығы бар.
Бірақ бұл өтінішімді қайтарып тастады. Мен осы бойынша тек қылмыстық-процессуалдық кодекс аясында ғана емес, сонымен қатар азаматтық тәртіппен де шағым беремін. Бұл жағдайда Александрдың азаматтық алу жөніндегі конституциялық және халықаралық құқықтары бұзылып отыр.
- Яғни тергеу оны Ресей азаматы деп танып отыр ғой?
- Иә, тергеу органы оны былай түсіндіріп отыр: Путин қол қойған Қырымның Ресейге қосылуы жайлы келісімдерде белгіленген мерзімге дейін Кольченко Ресей азаматтығынан бас тартуға өтініш жазбаған. Алайда меніңше, бұл – оны Украина азаматы емес деуге жеткіліксіз. Бұл – халықаралық құқық нормаларына сай емес.
- Александрмен жиі кездесіп тұрасыз ба? Оның жағдайы қалай?
- Жиі кездесеміз деуге болады. Себебі тергеу жедел жүріп жатыр. Кем дегенде айына оны үш рет көремін. Жағдайы жақсы. Кольченко – «Антифа» қозғалысының мүшесі. Мәскеуліктер оған жақсы көмектеседі - азық-түлік, кітаптар, газет-журналдар беріп жібереді. Дүниеден баз кешіп кетпеу үшін оған барлық жағдай жасалып жатыр.
- Кольченко мен осы іспен айыпталған басқа да белсенділерді жақын арада босатуы мүмкін бе?
- Ресейде барлық демократиялық еркіндіктердің басып-жаншылғанын ескерсек, оның бостандыққа шығатынына үміт аз. Қазір жүріп жатқан процестер демократия көрінісі емес.
- Мемлекет ретінде Украина мен сол елдің азаматтары бұл іске әсер ете ала ма?
- Мен әрқашан қоғамдық пікір маңызды роль ойнайды деп ойлаймын.
(Алексей Арунян алған сұхбатты орыс тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)