Accessibility links

«Немцовты өлтіргендер жазаланбайды»


Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ресейлік маман Андрей Солдатов «Борис Немцовты өлтіргендер ешқашан жазаға тартылмайды» дейді.
Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ресейлік маман Андрей Солдатов «Борис Немцовты өлтіргендер ешқашан жазаға тартылмайды» дейді.

Борис Немцовтың қазасына қатысты істі Ресей құқық қорғау мекемелерінің ең жоғары лауазымды тұлғалары жеке бақылауына алып, тергеу жүргізіп жатыр. Ал қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ресейлік маман Андрей Солдатов «өлтіргендер ешқашан жазаға тартылмайды» дейді.

Борис Немцовты ақпанның 27-сі күні Мәскеудің түрлі камералар арқылы жан-жақтан бақыланатын ең қауіпсіз аймағында, Кремльдің дәл іргесінде атып кетті.

Agentura.ru веб-сайтының редакторы, Ресейдің арнайы қызметі туралы бірнеше кітаптың авторы Андрей Солдатовтың айтуынша, [Борис Немцовты өлтірген] қылмыскерлер ешқашан жазаға тартылмайды.

– Біріншіден, «ликвидация» деп аталатын бұл сияқты операцияларды мұндай жоғары деңгейде жүзеге асырмағалы көп болды. Екіншіден, тапсырыспен кісі өлтіру түгілі төменгі жақта жасалған осы сияқты қылмыстардың өздері ашылмай жатады. Осындайда бірінші ойға оралатыны – Анна Политковскаяның қазасына байланысты іс. Үкімет «оқ атқандар ұсталды, демек бұл қылмыс ашылды» деп санайды. Бірақ әлі күнге оларды бұған итермелеген себеп те, тапсырыс берген адамның аты-жөні де белгісіз. Ал мына істе тіпті оқ атқандар да табылмайды ма деп қорқамын, – дейді Андрей Солдатов.

«ВИДЕОҒА ҮМІТ АРТУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

Оның пікірінше, қылмыс болған жерді түсірген видеокамерадағы таспаға көп үміт артудың қажеті жоқ, себебі ондағы видеоның сапасы нашар әрі қылмыс болған орынды көше тазалағыш машина көлегейлеп қалған да, негізгі сәттер кадрға ілінбеген. «Немцовты өлтіру операциясына жол тазалағыш көлік те қатысты дегенге сенбеймін» дейді Солдатов.

Андрей Солдатов.
Андрей Солдатов.

Қылмыс болған сәтті басқа камералар сапалы түрде түсіре алды ма, жоқ па - ол жағы белгісіз. «Коммерсант» газеті қайғылы оқиға болған сәтте басқа камералардың ешқайсысы жұмыс істемей тұрған деп хабарлаған, алайда тергеушілер бұл ақпаратты жоққа шығарды. Осы басылымға берген сұхбатында тергеушілер «20 жыл болған ескі оқты пайдаланғандар кәнігі қылмыскерлер емес» деген пікір айтқан.

«ҚЫЛМЫСТЫ БІРНЕШЕ ТОП ЖҮЗЕГЕ АСЫРҒАН»

Солдатов бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, дәл Кремльдің түбінде, жұрттың көз алдында жасалғанына қарағанда, қылмыскерлер өте тыңғылықты ұйымдасқан.

– Мұны бірнеше адам емес, тіпті бірнеше топ жүзеге асырғаны шүбәсіз. Өзі тар, оның үстіне кісі көп жүретін көпірдің үстінде көлікте болсаң да, жаяу жүрсең де көзге түспеу мүмкін емес. Оның үстіне автокөлікті дәл қажет сәтінде діттеген жерге келтіру үшін де бәрін тәптіштеп жоспарлап, үйлестіру керек. Сондықтан бұл - жан-жақты жоспарланып іске асырылған операция, – дейді Андрей Солдатов.

Солдатовтың пікірінше, «Немцовты үйінің алдында, тасада күтіп тұрып атса, әлдеқайда оңай болар еді, оның үстіне бұл операцияға азырақ кісі қатысар еді. Оның орнына қылмыскерлер «жоғары дайындықтан өткен өте көп адамның қатысуын талап ететін, техникалық тұрғыдан күрделі әдісті таңдаған».

- Бұған ерекше назар аударып отырған себебім, Ресей әскери барлау қызметіндегі базалық дайындықтан өткен қарапайым сарбаздың бұған шамасы келмейді, демек бұл – нағыз әккі адамдардың ісі, – дейді Солдатов.

«ОРЫН ДА, УАҚЫТ ТА ӘДЕЙІ ТАҢДАЛҒАН»

Оның айтуынша, Борис Немцовты ататын орын ғана емес, уақыт та әлдекімдерге «емеурін білдіру» үшін әдейі таңдалған. Саясаткер оппозицияның наразылық жиыны өтерден екі күн бұрын өлтірілді. Ал арнайы органдардың Борис Немцовтың басқан ізін аңдып отырғаны баяғыдан белгілі. Соңғы жылдары оның жеке мақсатта телефонмен сөйлескен әңгімелері Кремльге жақын ақпарат құралдарына бірнеше мәрте тарап кеткен еді.

Борис Немцовты еске алу шеруі. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.
Борис Немцовты еске алу шеруі. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.

– Бұл қылмысты [жоспарланған] наразылық шарасынан бір апта өткен соң ұйымдастырса, әлдеқайда жеңіл болар еді. Бірақ белгілі бір себептермен олар дәл осы сәтте жасауды ұйғарыпты. Демек мұның нақты, символдық маңызы болған, – дейді Андрей Солдатов.

Сарапшының айтуынша, Анна Политковская қазаға ұшырар алдында оны да арнайы органдардың аңдып жүргені белгілі болған. Бірақ бұл аңду материалдары тергеу кезінде ескерілмеген. Тіпті оны аңдып, телефондарын тыңдап жүрген арнайы орган қызметкерлерінің тергеуге шақырылғаны туралы бірде-бір ақпарат жоқ.

(Валентин Барышниковтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG