Ресейдегі допинг қолдану жүйесінің масштабы туралы ХОК комиссиясы жетекшісі Самуэль Шмид «Біз бұған дейін мұндай ауқымды манипуляция мен алаяқтықты кездестірген емеспіз. Бұл олимпиадалық қозғалыс пен жалпы спорттың атына адам нанғысыз кір келтірді» деп мәлімдеді.
ОЛИМПИАДАДАН ШЕТТЕТІЛГЕНДЕР ҚАЙҒЫСЫ
Ресей спорты үшін допинг дауы драмалық зардаптарға ұласты. ХОК комиссиясы 25 атлеттің 2014 жылғы Сочи олимпиадасындағы нәтижелерінің күшін жойып, Ресей 11 медальден айырылды әрі медальдар саны жағынан 6-орынға түсіп қалды. Бірнеше ресейлік спортшы жарысқа қатысудан өмір бойына шеттетілді, яғни олардың келесі жылғы олимпиада ғана емес, одан кейінгі ойындардың бәріне қатысуына тыйым салынды.
Түрлі санкцияға іліккен олимпиадашылардың ішінде сібірлік спортшылар да бар. Олар өз спорт түрінен Ресей құрамасының бетке ұстар спортшылары - омбылық Яна Романова (биатлон, Сочи-2014 олимпиадасында күміс жүлде алған); иркутскілік Александр Зубков (бобслей, олимпиаданың екі алтын медалін алған), Алексей Негодайло (бобслей, алтын медаль), Александр Касьянов (бобслей, Сочиде 4-орын алған); красноярлықтар Дмитрий Труненков (бобслей, алтын); Александр Третьяков (скелетон, алтын), Ольга Потылицына (скелетон, Сочи-2014 олимпиадасында 5-ші орын алған).
Спортшылар жарыстардан шеттетуді жеке трагедия ретінде қабылдағанын мойындайды. Олимпиаданың күміс медалінен айырылып, жарысқа қатысудан өмір бойына шеттетілген биатлонист Яна Романова "Сибирь.Реалии" сайты тілшісіне:
Қазір спортшылар медальдарын қайтарып бере ме, жоқ па деген мәселе көп талқыланып жатыр. Мәселе медальда да емес, статусыңнан айырылуда, жеткен жетістігіңнің бәрін «нөл қылып тастауда».
- Адамдарды өмірін сарп етіп қол жеткізген бүкіл жетістіктерінен айырды. Олимпиада медалі – спортшының шыққан шыңы саналады. Мысалы, сіз академик я халық артисі немесе көрнекті дәрігерсіз делік. Ал сізден бәрін тартып алып, енді сүйікті жұмысыңызбен айналысуыңызға тыйым салса, қандай күйде болар едіңіз. Әрине, естеліктер, жанкүйерлер спортшылардың өзімен бірге қалады. Бірақ «олимпиаданың күміс жүлдегерімін, өз пікірімде қаламын» деп өзіңді қанша жұбатсаң да, ХОК шешімі бар, оны елемей тастай алмайсың. Қазір спортшылар медальдарын қайтарып бере ме, жоқ па деген мәселе көп талқыланып жатыр. Мәселе медальда да емес, статусыңнан айырылуда, жеткен жетістігіңнің бәрін «нөл қылып тастауда». Ал ешқандай жанжалға ілікпеген адамдардың алдағы олимпиадаға қатысу мүмкіндігінен айырылуы - бөлек трагедия. Спортшылар аянбай дайындалды, бәрінің жоспарлары болды. Біреулердің бұл алғашқы олимпиадасы болуы тиіс болған, ал біреулер үшін өміріндегі жалғыз олимпиада еді. Бұл өмірде енді қайталанбауы мүмкін айтулы оқиға ғой, - дейді.
Жуырда спортшылар оларды жарыстан шеттетудің себебін тексеруді сұрап Путинге де хат жазған болатын. Хатқа сібірлік спортшылар Александр Третьяков пен Александр Касьянов та қол қойған.
- Бұл әншейін жай эмоциялық реакция болған. Әрине, сөздеріміз қабыспай, ойымызды онша дұрыстап жаза алмадық, бірақ ХОК пен дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің бізге жасап отырған әрекетінен есеңгіреп қалдық. Біздің уәжімізді тыңдағылары келмейді, - дейді Александр Касьянов.
Халықаралық бобслей және склетон федерациясы шешіміне сәйкес, ішінде Третьяков, Потылицына, Касьянов және Зубков бар ресейлік тоғыз спортшыға әлем кубогының Виттенбергте өтетін кезеңіне қатысуға рұқсат еткен. Оларды жарыстан шеттету мәселесі ХОК комиссиясының ұйғарымы шыққаннан кейін шешіледі деп кейінге қалдырылған. Олимпиада ойындарына қатысудан өмір бойына шеттетілген Александр Зубков:
- Әйтеуір уәжімізді тыңдады. Бұған дейін ресми тұлғалармен сөйлесудің сәті түспей қойған. Бұл халықаралық бобслей және скелетон федерациясы басшылығымен арамыздағы сыйластықтың арқасы. Олардың да мүмкіндігі шексіз емес екенін түсінеміз, бірақ олар біздің мәселеге адамшылықпен қарап, қолдарынан келгенше көмектесті, - дейді.
«КҮДІК» ПЕН «САЯСИ АСТАР» ТУРАЛЫ АЙТАТЫНДАР УӘЖІ
Александр Третьяков пен Ольга Потылицынаны «баулыған» Красноярск өлкелік қысқы спорт түрлері академиясы «спортшыларды жарыстарға қатыстыру-қатыстырмау деген даудың өзі ХОК шешіміне күмән тудырады» деп санайды. Қысқы спорт түрлері академиясының директоры Константин Пнев:
- ХОК-тің шешімінің өзі екіұшты әрі түсініксіз – олимпиадаға спортшыларды қатыстырмайды, ал әлем кубогына қатысуға рұқсат етеді. Заңға сәйкес, спортшы допинг қолданғаны үшін тіпті төрт жылға шеттетілсе де, оны жарыс түгілі, жаттығуға да, спорт нысанына да кіргізбеуі тиіс. Третьяковті өмір бойына шеттетіп тастады. Бірақ Виттенбергтегі әлем кубогында ол әрі жаттығып, әрі жарысқа қатысып жүр. Меніңше, бұл бүкіл спорт қауымы үшін түсініксіз жағдай, - дейді.
Ал осы академияның тағы бір маманы Олег Луговой:
- Третьяковті бұрын да шеттеткен еді ғой, ал сосын қайтадан рұқсат етті. Сонда комиссия жағдайға қарай біресе әділетті, біресе әділетсіз ұйғарым шығаратын болып тұр ғой. Бұл бірден әлдебір саяси ойын емес пе деген ойға жетелейді. Ал қазір болса ең мықтыларын шеттетіп жатыр. Құрамадағы алтыншы, сегізінші, оныншы нөмірлі ойыншылар ешкімге қызық емес. Әлгі допинг-сынамалар салынған колбаларындағы сызаттар да... Төрт жыл бұрын олар болмаған, енді қалай пайда бола қалды дегенді қазір жұрттың бәрі айтып жүр. Ал егер сол кезде болса, неге ешкім айтпаған? - дейді.
Бірақ допинг қолданбау талабы бұзылғанын және оны жоққа шығару қиын екенін "Сибирь.Реалии" әңгімелескен мамандар мойындайды. Красноярлық биатлонист, үш мәрте әлем чемпионы, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Ресейдің еңбегі сіңген спорт шебері Павел Ростовцев:
- Биатлонда 2009 жылы, тіпті 2014 жылы анықталған допингтер мұндай проблема Ресейде шынымен бар екенін көрсетеді, мұны мойындау керек. Бірақ бұл проблема Ресей ғана емес, өзге елдерде де бар. Әр спортшыны жеке алып қарау керек. Егер, мысалы Ольга Зайцева мен Александр Легков туралы айтсақ, дәл осы екеуінен допинг сынаманы ауыстырды деп күдіктенудің жөні жоқ. Мен Ольганы ар-ұяты мол, мақсатына жету үшін елді алдауға ешқашан бармайтын адам ретінде көп жылдан бері білемін, - дейді.
Олимпиададан шеттетілген омбылық атлет Яна Романова:
Егер спортшы жаттықпаған болса, оған допинг те көмектеспейді. Есепті қас-қағым сәт шешетін үлкен спортта ағзаны бабында ұстау үшін мұндай препараттар шынымен көмектеседі.
- Үлкен спортқа апаратын жол ешқандай допингті білмейтін балалық шақта басталады. Спортшы біртіндеп жетіледі, шеберлігін шыңдайды. Егер спортшы жаттықпаған болса, оған допинг те көмектеспейді. Есепті қас-қағым сәт шешетін үлкен спортта ағзаны бабында ұстау үшін мұндай препараттар шынымен көмектеседі. Түрлі ел құрамаларында спортшылардың допинг қолданғаны оқтын-оқтын анықталып жатады, бірақ онда да жаппай емес, бірен-саран оқиғалар. Әрине, біреу үшін жауап беру қиын. Әркімнің өз өмірі бар, әркімнің өз мақсаты бар, оған жету жолын әркім өзі таңдайды. Бірақ жақсы нәтиже көрсету үшін спортшылардың бәрі принциптен аттап кетеді, не болса соны ішіп, егуге даяр тұрады деп ойлайтындары қызық. Допингке қатысты бір елді ғана айыптаулары мұның бәрі саясат деп ойлауға мәжбүрлейді екен, - дейді.
Ресей спорты саласындағы шенеуніктер сияқты ресейлік спортшылар мен олардың жаттықтырушыларының бәрі қазіргі жағдайдың саяси астары бар деп санайды. Бірақ дүниежүзілік допинге қарсы агенттіктің мәлімдеуінше, WADA қолында Ресейге қатысты айыптауларды дәлелдейтін материалдар бар.
WADA өкілдерінің мәлімдеуінше, әлгі мәліметтер Ричард Маклареннің баяндамасындағы ұйғарымдардың дұрыстығын растайды. Баяндамада Сочи олимпиадасы қарсаңында және оны өткізу кезінде Ресейде құрамынан допинг анықталған сынамаларды жоғары лауазымды шенеуніктердің қатысуымен жасыру жүйесі болған деп жазылған. Осылайша WADA ресейлік шенеуніктерді допинг және сынамаларға қатысты алаяқтық әрекеттердің мемлекеттік бағдарламасын құрды деп айыптайды.
Championat.com сайты бас редакторының орынбасары Евгений Слюсаренко Ресейде мемлекеттік допинг жүйесі шынымен болған, оны саяси «қолайлы» сәтте әшкерелей бастады деп санайды.
- Бұған қоса, 2014 жылдан бері қалыптасқан саяси ахуалдың ешқандай әсері болған жоқ деу әрине ақымақтық болар еді. Әсері болғаны анық, бірақ тікелей емес, жанама түрде. Ресейдегі допинг проблемасы сырттағы біреулердің саяси тапсырысы да, ойдан шығарылған жала да емес, халықаралық спорттың денесіндегі шіріген тікен, енді оны суырып тастауға кірісті, - дейді ол.
Красноярск қаласында тұратын спорт журналисі Дмитрий Золотухин:
- Мені спорт саласындағы функционерлеріміздің қылығы мен әрекетсіздігін түсінбеймін. Родченков мырзаны неге бірден сотқа бермейді? Түрлі соттарда олимпиадалық жүлдегерлерімізді неге заң жүзінде қорғамайды? Мұның орнына ебедейсіз ақталып, елімізге саяси қысым жасалып жатыр деген әңгімелер айтады. Бүгін кешке өрімдей жас әрі қазірдің өзінде біртуар фигуристкаға айналған Евгения Медведева халықаралық олимпиада комитеті алдында өнер көрсетіп, біздің спортшыларымыздың Кореядағы жарысқа қатысуына рұқсат етуін сұрайтын болады. Спорт саласындағы қаптаған шенеуніктің орнына қаршадай бала қиналатын болды. Ал жарыстардан шеттетілген спортшыларға келсек, бұл жерде бәрін жеке-жеке қарау керек. Сынамадағы сызаттардың кесірінен ғана медальдарын тартып алғаны мүлде әділетсіздік болып көрінеді, бірақ сонымен бірге спортта жоғары жетістіктерге фармокологиялық қолдаусыз жету мүмкін емес және кей спортшылар бұл қадамға саналы түрде баратынын түсіну керек, - дейді.
Ал Ресей парламентінің төменгі палатасы спикері орынбасары Петр Толстой олимпиадаға бойкот жариялау туралы үндеу жасап та үлгерді. Депутат телеарнадан сөйлеген кезінде «Олар туымызды көтертпей, гимнімізді шырқатпай бүкіл Ресейді кемсітіп отыр» деп мәлімдеді.
ХОК ШЕШІМІНЕН «МӘМІЛЕ» КӨРГЕНДЕР ПІКІРІ
ХОК-тың Ресейдің олимпиададан шеттету шешімінің жақсы жағын көретін спортшылар да бар. Мәселен бобслейші Стюарт Бенсон «ХОК Ресей мемлекетін жазалағанда допинг дауына ілінбеген ресейлік спортшылардың қосақ арасында кетпеуіне назар аударып, жақсы шешім шығарды» деп санайды. Сочи олимпиадасында бобслейден төрт адамдық команда құрамында бесінші орын алған Стюарт Бенсонге енді Ресей спортшылары нәтижелері жойылуы себепті сол олимпиаданың қола медалі бұйыруы мүмкін. Бенсон ХОК шығарған Ресей споршыларының бейтарап мәртебемен, жарысқа олимпиада туы астында қатысатыны туралы шешімі жөнінде:
- Меніңше, бұл жақсы мәміле. ХОК мемлекетті жазалады, бірақ допинг қолданбаған спортшыларды жазалаудан сақтанды, - дейді.
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ақпан айында өтетін олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Ли Хе-Бум ХОК шешімін «өте қатал» деп бағалағанымен, мекеменің ресейлік спортшылар үшін олимпиадаға қатысу мүмкіндігін қалдырғанын «балама жол» деп мақтайды.
- Бұл екінші балама, ең керемет балама деуге келмес, бірақ ресейлік атлеттерге жарысқа қатысуға рұқсат берілді. Біз ХОК атқару комитетінің ресейлік спортшыларға бейтарап ту астында жарысқа қатысуға рұқсат берген шешімін құрметтейміз әрі қабылдаймыз, - дейді ол.
Ресейдің допингке қарсы RUSADA агенттігінің қызметкері, 2014 жылы осы елдегі допинг қолдану жүйесін әшкерелеуге көмектескен Виталий Степанов WADA мен ХОК шешімін «әділетті» деп бағалайды. Ол «Ресейде допинг пайдаланбау мәдениеті қалыптасу үшін әлі көп жыл керек екенін» айтады.
Степанов Ресейді олимпиададан шеттету шешіміне қатысты Ресей президенті Владимир Путин пікір айтады деп болжайды.
- Біз оның не дейтінін ертең білеміз. Егер Ресей президенті ХОК шешімімен келіссе, Ресей олимпиадаға бойкот жарияламайды және айыпты мойындайды, - дейді ол. Степановтың ойынша, «Ресей спорттағы допинг мәселесіне көзқарасын өзгертуі үшін әуелі айыпты мойындауы керек».
ХОК Ресей олимпиада комитеті мен оның жетекшісі Александр Жуковтың да қызметін тоқтатты. Жуков ХОК алдында «допинг дауы» үшін кешірім сұрағанын мәлімдеген.
ХОК шешімі бойынша, Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиадада Ресей туы көтерілмейді, бұл елдің әнұраны ойналмайды. Бірақ бұрын допинг дауына ілікпеген ресейлік атлеттерге олимпиада туы астында жарысқа қатысуға рұқсат берілді.
ХОК Рио-2016 жазғы олимпиадасы кезінде Ресей спортшыларын шеттету туралы шешімнен тартынған болатын. Алайда бұл мекеменің өкілдері желтоқсанның 5-і күні «Шмид комиссиясы» жариялаған дәлелдер допинг мәселесінде дауласуға орын қалдырмады» деп мәлімдеді.
("Сибирь.Реалии" сайты тілшісі Юлия Старинованың мақаласы толықтырылып орысшадан аударылды)