Accessibility links

Шетінеген тәжік сәбидің туыстарын пәтерден шығарды


Умарали Назаровтың жақындары.
Умарали Назаровтың жақындары.

Белгісіз жағдайда көз жұмған бес айлық сәбидің әкесі мен әжесі және еңбек мигранттары Санкт-Петербургте жалдап тұрып жатқан пәтерден биліктің бұйрығымен шығарылған.

Тәжік мигранттарының биыл қазан айында анасынан күшпен тартып алғаннан кейін медицина орталығында шетінеп кеткен бес айлық сәбиі – Умарали Назаровтың әкесі мен әжесін 26 қараша күні кешкісін Санкт-Петербургтегі жалдаған пәтерден шығарып жіберген.

Азаттықтың тәжік қызметі тілшісімен сөйлескен Умаралидің әжесі Мехриннисо Назарованың айтуынша, олар тұрғын үйдің бірінші қабатынан пәтер жалдаған, бірақ билік өкілдері «сендер тұрып жатқан пәтер баспана болуға арналмаған» деген уәж айтқан.

– Олар үйге жергілікті уақыт бойынша сағат 16-да келді. Үстеріне азаматтық киім киген, бірақ өздерін прокуратура мен ФМС (Федералдық көші-қон қызметі – ред.) өкілдері ретінде таныстырды. Олар «Бұл - тұрғын үй емес, сондықтан кетіңдер» деді, – дейді Мехриннисо Назарова.

Зарина Юнусова баласының сүйегін Тәжікстанға алып келген кез. 16 қараша 2015 жыл.
Зарина Юнусова баласының сүйегін Тәжікстанға алып келген кез. 16 қараша 2015 жыл.

Назарованың айтуынша, өзге баспана іздеуге мәжбүр болған отбасы пәтер жалдап тұрып жатқан туыстарын паналаған, бірақ заттарын толық әкеле алмаған.

– Олар пәтердегі заттарымыздың бәрін далаға лақтырып тастады. Матрастарды және қажет заттарымызды ғана алдық. Қалғанының бәрі пәтер есігінің сыртында қалды. Енді не істерімді білмеймін, – дейді Мехриннисо Назарова.

Оның айтуынша, бір айдан бері Умаралидің қазасына қатысты проблемалармен айналысып жүрген баласы жұмыс істемейді, қиын жағдайға тап болған отбасының жаңа пәтер жалдауға шамасы жоқ.

Назаровтар отбасының адвокаты Ольга Цейтлина клиенттері жалдап тұрып жатқан пәтер есігін мөрлеп жауып тастағанын, енді бұл отбасы ол жаққа қайта орала алмайтынын растады.

– Оларды шығаруға биліктің құқығы бар, бірақ жағдайларын түсініп, аяушылық танытуына болар еді, – дейді Ольга Цейтлина.

Рустам Назаровтың ұлын құшақтап отырған суреті.
Рустам Назаровтың ұлын құшақтап отырған суреті.

Адвокат Цейтлинаның сөзіне сілтеме жасаған ресейлік «Коммерсантъ» газетінің жазуынша, Назаровтар адвокатына «бізді пәтерден Петербургтің Адмиралтейский ауданы полициясы мен федералдық көші-қон қызметі өкілдері шығарды» деп хабарлаған. Бірақ «Коммерсантъ» газетінің хабарлауынша, Санкт-Петербург полициясы журналистерге «Адмиралтейский ауданы полициясы пәтерден шығару жөніндегі әлдебір шараларға қатысқан жоқ» деп мәлімдеген, ал көші-қон қызметінің баспасөз қызметінен комментарий алу мүмкін болмады.

Санкт-Петербург омбудсмені Александр Шишловқа федералдық көші-қон қызметі жолдаған хатқа қарағанда, Петербург мүліктік қатынастар комитеті дерегінше, Назаровтар отбасы тұрған, аумағы 44 шаршы метр болатын пәтер – қала меншігі әрі ресми түрде жалға берілмеген, бірақ «белгісіз тұлғалар оны баспана ретінде пайдаланған». Олардың мәлімдеуінше, Назаровтар отбасы баспананы айына 25 мың рубльге (шамамен 40 доллар) жалдаған. Ольга Цейтлинаның айтуынша, отбасыға баспана жалдауға көмектескен делдал жасырынып, Назаровтар отбасының қоңырауларына жауап бермейді.

13 қазанда полиция мен миграция қызметі ұйымдастырған рейд кезінде бес айлық Умарали Назаровты анасы Зарина Юнусованың қолынан күшпен тартып алған. Сол күні бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды оңалту орталығында шетінеп кеткен. Ресми медициналық сараптама қорытындысында бала «цитомегаловирус инфекциясынан көз жұмған» деп жазылған.

15 қарашада баланың анасы Зарина Юнусова көші-қон режимі тәртібін бұзғаны үшін сот шешімімен Ресейден кеткен. Баланың әкесі Рустам Назаров, оның кәмелетке толмаған інісі Далер және шетінеген сәбидің әжесі Мехринисо Назарова баланың қазасына қатысты жайттарды тексеруге осы іс бойынша куәгер ретінде қатысу үшін Санкт-Петербургте қалған. Ертеректе Рустам Назаровпен сөйлескен журналистердің айтуынша, әйелі баласының мәйітін алып, Ресейден еліне кеткеннен кейін тілшілермен сөйлесуді доғарған. Шетінегеніне бір айдан асқан Умаралидің мәйіті қарашаның 16-сында Тәжікстанда жерленді.

XS
SM
MD
LG