Accessibility links

Ресей төбелесқұмар жанкүйерлеріне қысымды күшейтті


Ресей мен Англия футбол жанкүйерлері қақтығысы кезінде көзден жас ағызатын газ баллонын теуіп жатқан фанат. Франция, Марсель, 11 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей мен Англия футбол жанкүйерлері қақтығысы кезінде көзден жас ағызатын газ баллонын теуіп жатқан фанат. Франция, Марсель, 11 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Франциядағы Euro 2016 футбол чемпионаты кезінде төбелесқұмар ресейлік фанаттардың лидеріне айналған Александр Шпрыгин 2018 жылы Мәскеуде өтетін футболдан Әлем біріншілігі қарсаңында қысым көре бастады. Ресей билігі келесі жылғы чемпионатта фанаттар бүлігінің Мәскеуде болғанын қаламайды.

Былтыр жазда футболдан Францияда өткен Еуропа чемпионатынан оралған Александр Шпрыгинді Мәскеу жұртшылығы халық батыры ретінде қарсы алған. Ресей мен Еуропа елдері фанаттарының арасында болған төбелеске "қатысым жоқ" деп қанша ақталғанымен, Шпрыгин Франциядан депортацияланған болатын.

Ресей футбол фанаттарының лидері Александр Шпрыгин баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. Мәскеу, 23 маусым 2016 жыл.
Ресей футбол фанаттарының лидері Александр Шпрыгин баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. Мәскеу, 23 маусым 2016 жыл.

Сол тұста ол Украинаға жасаған шабуылы үшін халықаралық экономикалық санкция құрсауында қалған "Ресейдің өр рухының белгісі" ретінде сипатталған. Халықаралық қауымдастық ресейлік фанаттарды қатты сынаған, бірақ ел ішінде тіпті жоғары лауазымды тұлғалар оларды арқадан қағып, қошеметтеп жатты.

Төбелесқұмар фанаттарды қолдағандар арасында Мемлекеттік дума төрағасының орынбасары, әсіреұлтшыл саясаткер Владимир Жириновскийдің ұлы Игорь Лебедев те болды. Ол Twitter-де «Жанкүйерлердің төбелескенінде тұрған ештеңе жоқ. Керісінше. Жарайсыңдар, жігіттер! Жалғастыра беріңдер!» деп жазды. Кейін ол Ресей жанкүйерлеріне шүйліккендерді сынап, «біз оларды қорғауымыз керек, тек елге келген соң бәрін өзіміз реттеп аламыз» деді.

Шынымен, Еуропа турнирі аяқталып, Ресей 2018 жылғы Әлем чемпионатын қабылдауға дайындықты бастағанда Шпрыгин мен оның «Бүкілресейлік жанкүйерлер ұйымына» қысым күшейді. Ресей басшылығы бұлардың арынын бәсеңсіту арқылы жалпы футболдағы озбырлықты азайтуға ниеттеніп отырса керек.

Оқи отырыңыз: Ресей футболы нәсілшілдіктен айығар емес

Әлем чемпионаты кезінде дүниежүзінен жанкүйерлер қабылдайтын Ресей «былтырғы Франциядағыдай жаушылдық пен төбелеске жол бермейміз» дегенді ұқтырғысы келетін сияқты.

Сәуірдің 7-сі күні стадиондағы тәртіпсіздік үшін жазаны күшейтетін заң жобасын дайындады. Ол заң бойынша бұзақылық жасағандарға салынатын айыппұл көлемі екі есе ұлғайып, 20 мың рубльге жетті. Оның үстіне бұзақы жанкүйер 15 тәулікке қамалуы немесе жеті жылға дейін стадионға кіру құқығынан айырылуы мүмкін. Шпрыгин Азаттыққа берген сұхбатында:

Ресей және Англия футбол құрамалары кездесуі қарсаңында, жанкүйерлер қақтығысы кезінде сыра құмырасын қарсыластарына лақтырып жатқан фанат. Франция, Марсель, 11 маусым 2016 жыл.
Ресей және Англия футбол құрамалары кездесуі қарсаңында, жанкүйерлер қақтығысы кезінде сыра құмырасын қарсыластарына лақтырып жатқан фанат. Франция, Марсель, 11 маусым 2016 жыл.

- Франциядағы Еуропа чемпионаты қарсаңында полиция ештеңе істемеген. Ал 2018 жылғы доданың қарсаңында олар тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр, - деді.

Оның айтуынша, өткен күзден бері полиция 20-30 адамның үйіне тінту жүргізіп, ноутбуктарды, кітаптарды алып кеткен, күдіктілерге тергеу жүргізген. Бұған қоса, полиция әдейі ұйымдастырылған төбелестерді, футбол матчтары кезінде бейәдеп ұран айтқандарды ерекше тергей бастаған.

Маусым айында Ресейде өтетін ФИФА конфедерациясы чемпионаты – әлемдік дода қарсаңындағы сынақ саналады. Шпрыгиннің айтуынша, сол додада «жанкүйер паспорты» жоқ адамдардың стадионға кіруіне тыйым салынбақ. «Жанкүйер паспорты» деп отырғаны – Ресейдің футбол басшылығы беретін жеке басты куәландыратын арнайы құжат.

Ақпанда Ресей футбол федерациясы Шпрыгиннің шеттетілген жанкүйерлер ұйымының орнын толтыру мақсатында жанкүйерлердің жаңа кеңесін құрды. Іле-шала Ресей спорт министрі әрі футбол одағының басшысы Виталий Мутко осы кеңес өкілдерімен кездесіп, спорттағы мәселелерді бірге талқылауға шақырды.

Еуро 2016 чемпионатынан "батыр" болып оралған Шпрыгинді арада бір айдай уақыт өткен соң төмендете бастады.

Оған қарсы науқанды кім ұйымдастырып жатқаны белгісіз. Шпрыгиннің өзі "бір анығы – олардың басты мақсаты «Бүкілресейлік жанкүйерлер ұйымын» жабу" дейді. 10 жыл бұрын құрылып, ВОБ деген қысқа атаумен белгілі болған бұл ұйым Францияның Марсель қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде ерекше көзге түскен. Қақтығыстарды тергеген полиция бұл ұйымның автобусын тәркілеген. Артынша Ресейдің 29 азаматы Франциядан депортацияланған.

Екі ағылшын фанаты комаға түскен сол қақтығыстан соң Шпрыгиннің атышулы ұйымын Ресей футбол одағының тізімінен алып тастау қажеттігі айқын болды. Шпрыгин төбелеске қатыспағанын, Франция полициясының назарын тек Twitter-дегі жазбаларымен аударғанын айтады.

Төбелес кезінде жараланған Англия жанкүйері. Франция, Марсель, 11 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Төбелес кезінде жараланған Англия жанкүйері. Франция, Марсель, 11 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Алайда Шпрыгинді халықаралық қауымдастық бәрібір фанаттар төбелесін шығаратын адам ретінде таныды.

Чемпионаттан кейін Ресей футбол одағы ВОБ-ты жабуды талап етті. Шпрыгин бұл талапты өз еркімен орындаудан бас тартқан соң оған қысым күшейе түскен. Содан бері полиция оны екі мәрте қамауға алды. Бірде ол Кремль саясатын жақтайтын LifeNews.Ru таблоиды журналистері оның дачадағы отбасын видеоға түсіріп жүргенін байқаған. Енді бірде оның ұйымы орналасқан кеңсенің сыртына біреулер жазу жазып кетті. Одан соң оның көлігіне өрт қойды. Бірақ Шпыргин соңғы оқиғаның футболға қатысы жоқ деп санайды. Қыркүйектің 24-і күні Ресей футбол одағы оның ұйымын (ВОБ) жанкүйерлер бірлестіктерінің тізімінен алып тастады. Содан бері Шпыргинге қысым да саябырсыған.

«Футбол нәсілшілдікке қарсы» ұйымының Шығыс Еуропадағы үйлестірушісі Павел Клименко «Шпрыгиннің шеттетілуі – символдық мәні бар шара» дейді. Оның сөзіне қарағанда, «Бұзақы ұйымдардың басшылары өздеріне қысымның көбейгенін айтып жатыр, көбіне құқық қорғау ұйымдарының өкілдері келіп, олармен бейресми кездесу өткізген».

Ресей футбол жанкүйерлерінің лидері Александр Шпрыгин ту көтеріп келеді. Мәскеу, Шереметьево әуежайы, 18 маусым 2016 жыл.
Ресей футбол жанкүйерлерінің лидері Александр Шпрыгин ту көтеріп келеді. Мәскеу, Шереметьево әуежайы, 18 маусым 2016 жыл.

Ресей футболы туралы кітап жазған, Мәскеуде тұратын журналист Марк Беннетстің айтуынша, Ресейде үлкен тәртіпсіздік бола қоймайды.

- Кремльшіл саясаткерлердің көбі Марсель көшелеріндегі тәртіпсіздікке онша алаңдай қоймағанымен, Путин Ресейде өтетін Әлем чемпионаты кезінде ондай жағдайдың Мәскеуде қайталанғанын қаламайды. Бұл турнир – үлкен дода, Путин әлемдік ақпарат құралдарының көз алдында бұзақылардың Мәскеуді талқандап жатқанын көргісі келмейді, - дейді Беннетс.

Том Бэлмфорттың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG