Accessibility links

Депардье түскен Шешенстан туралы фильм шықты


Француз актері Жерар Депардье.
Француз актері Жерар Депардье.

Ресейде бас кейіпкерді сол ел азаматтығын алған танымал француз актері Депардье сомдайтын, Шешенстан туралы атыс-шабыс жанрындағы фильм көрсетіле бастады. Актер бұрын Қазақстан киноларына да түскен.

Фильм режиссерлері туындыны «Екі бірдей соғысты басынан өткерген өжет елдің қайта өркендеп, дамып келе жатқанын көрсететін шығарма» деп таныстырды.

«ВИКТОР» ФИЛЬМІ

Ресей төлқұжатын алған танымал француз актері Жерар Депардье басты рөлде ойнайтын жаңа фильм - «Виктор» фильмі Ресей кинотеатрларында қыркүйектің 4-інен бастап көрсетіліп жатыр. Фильмді түсірушілер Ресейдің мазасыз Солтүстік Кавказ аймағындағы Шешенстанның «қайта жаңарып, ерекше өркендеуін бейнелеген туынды болды» дейді.

Актриса Элизабет Херли, Жерар Депардье және Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың (оң жақта) Грозныйда түскен суреті.
Актриса Элизабет Херли, Жерар Депардье және Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың (оң жақта) Грозныйда түскен суреті.

Басты рөлдерде Депардье мен ұлыбританиялық актриса Элизабет Херли ойнайтын «Виктор» фильмінің біраз кадрлары өткен жылы Мәскеу мен Шешенстанда түсірілген еді.

Фильмде ағылшынша сөйлейтін француз Депардье ұлын өлтірген қылмыскерлер тобынан өш алуды көздейді.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров фильмді қолдайтынын байқатып, өткен жылы Instagram парақшасына Херли, Депардье және кішкентай мысықпен түскен суреттерін жариялаған еді.

Ресей президенті Владимир Путин мен Мәскеу үкіметі қолдау көрсеткен Қадыров шешен бүлікшілері мен ресейлік жауынгерлер арасында өткен екі соғыстан кейін Шешенстанды қалпына келтіруді қолға алды. Алайда Қадыровтың адам құқығын бұзу, адам ұрлау, сотсыз жазалау және азаптауға қатысты әрекеттері көп айтылады.

ҚАДЫРОВ ПЕН ДЕПАРДЬЕ

«Виктор» фильмінің трейлерінде іш көйлек киген әйелдің тапанша ұстап тұрғаны, бірнеше азаптау көріністері (оның ішінде суға тұншықтыру) бар.

Human Rights Watch ұйымы 2006 жылы Қадыров жауынгерлерінің 82 адамды азаптағанын тіркеген. Оның бұрынғы оққағары Умар Исраилов «Қадыровтың өзі адамдарды азаптап, тұтқындарды электр тогымен күйдірді және аяқтарынан тапаншамен атты» деп айыптады.

Мұндай айыптауларды сан мәрте жоққа шығарған Қадыров 2013 жылдың мамыр айында Депардьеге Грозныйдағы (Шешенстан астанасы - ред.) 27 қабатты зәулім үйден 5 бөлмелі пәтер кілтін тапсырды.

Путин 2013 жылдың қаңтарында Депардьеге Ресей төлқұжатын берді. Актер миллионерлерге табыс салығын көбейткен Франция президенті Франсуа Олландпен араздасып қалған еді.

Француз актері қазір Мәскеуден 650 шақырым жердегі Мордовияның Саранск қаласында тұрады деп тіркелген.

ДЕПАРДЬЕ МЕН ҚАЗАҚСТАН

Жерар Депардье Қазақстан киноларына екі рет түскен. Ол 2009 жылы "Поздняя любовь" ("Кешіккен махаббат") фильмінде қазақ ауылында туып өскен ақсақал рөлін ойнады. Азаттыққа сұхбат берген кезінде ол "Фильм кейіпкері тағдырынан өзімді көрдім" деген еді.

Жерар Депардьенің (сол жақта) қазақстандық коммерциялық банк жарнамасына түскен суреті.
Жерар Депардьенің (сол жақта) қазақстандық коммерциялық банк жарнамасына түскен суреті.

Жерар Депардье 2013 жылы қазан айында Қазақстанға "Голос степей" ("Дала дауысы") фильміне түсу үшін екінші рет келді. Ол сол жолы "Қазақстанның табиғатының адамға берер әсері қуатты" екенін, "шынымен де дала дауысын естігенін, дала оған шабыт бергенін" айтқан. Оның бұл сұхбаты «Антенна» басылымына шыққан.

2010 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парижге сапарында Жерар Депардьемен кездесті. Сол кезде актердің "Қазақстанның жедел даму қарқыны мен кинематография саласындағы мемлекеттік саясатына және Астананың әсемдігіне таңғалатынын" айтқанын Қазақстан президентінің ресми сайты хабарлады.

Сайт Депардьенің "Сіз дана саясатыңызбен еліңіз үшін барлығын да жасап жатырсыз. Ұлы мемлекет басқарушылардың ғана қолынан келетін іс атқардыңыз" деген сөзін келтірген.

(Азаттық тілшісі Люк Джонсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).

XS
SM
MD
LG